Созақта Халықаралық зағиптар күні аталып өтті

Dalanews 13 қар. 2018 16:33 407

13 қараша Халықаралық зағиптар күніне орай Созақ ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ғимаратында "Көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға қызмет көрсету нүктесі" мен аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен "Бар әлемді жүрегіммен көремін" атты іс-шарасы өтті.

1745 жылдың 13 қарашасы күні Францияда Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог – Валентин Гаюи дүниеге келді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы дата Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды.

Аталған шараға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Кабылбек Еспенбетов, облыстық "Зағиптар қоғамы" аудандық филиалының президенті Төлеген Аққұлиев пен сол қоғамның мүшелері, Созақ аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Молдахмет Раймов, "АСАР" Түркістан облыстық мүгедектер қоғамының Созақ аудандық филиалының төрағасы Біржан Саржанов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сабыр Батырбеков, аудандық "Созақ үні" ақпараттық газетінің тілшілері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Шара аясында қатысушылар тарапынан жақсы тілектер білдіріліп, аудандық мәдениет үйінің Созақ Мәдениет әншілері әннен шашу шашты.

Қоғамдық ұйымның жұмысын белсенді басқарып жүрген, Созақ ауданының құрметті азаматы Аққұлиев Төлеген көкемізге аудандық кітапханалар жүйесінің директоры С.Батырбеков иығына шапан жауып, алғыс хатын табыс етті.

Қатысушылар тарапынан ұйымдастырылған іс-шараға алғыстарын айтып, ризашылықпен тарқасты.

 

Біржан Саржанов, "Асар" Түркістан облыстық мүгедектер қоғамы, Созақ аудандық филиалының төрағасы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x