Елбасы бағасы: «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі»

Dalanews 12 қар. 2018 14:42 244

Ғасырлар бойы мұнартып сағым басқан, өрекпіп жел билеген Бетпақдала төсіне қан жүгіртіп, қала орнатқан құрыш қолды атпал азаматтар – біздің ата-бабаларымыздың, аға-апаларымыздың ұлы ерлігіне міне 90 жыл толып отыр. Бұл нағыз күреске толы, ерлікке толы жылдар болды.

Мақтааралдың тарихы да, кешегі ерлік күресі де, адамдарының қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері де барлығы біздің есімізде. Киелі Мырзашөл даласын иегрудің өзіндік ерекшелігі болды. Ғасырлар бойы жауын мен қар суынан басқаны көрмеген сайын далаға канал қазып, су әкелу – әлектің әлегі, қиынның қиыны еді. Дегенмен, ата-бабаларымыздың ерен еңбегі мен ұшқыр ойы шөлге су дарытып, Мырзашөлді жазиралы жәннәтқа айналдырды.

Аға-апаларымыздың мақтауға, мақтануға тұрарлық еңбегі зор. Өткен тарихтың әлі де жазуды қажет ететін қаншама игі істері бар. Бір ғана мысал: 1957 жылы сол кездегі Ильич ауданының 16 еңбек озаттарына бір күнде Социалистік Еңбек ері деген құрметті атақ берілді. Бұл не деген қуанышты оқиға еді. Мұндай таңғажайып оқиға бұрын соңды болмаған. Сондықтан, қасиетті Мақтааралдың төсі – өрлік пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың құтты мекені.

Мақтааралдың тұрғындары бейбіт еңбекте ғана белсенділік көрсетумен шектелген жоқ, ел басына ауыр күн туғанда кетпендерін қаруға айырбастап, қасиетті жерімізді қаскөй жаудан қорғауда да қайсар мінез танытып, қаһармандық көрсетті. Сөйтіп, ауданымыздың 11 азаматына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Аталарымыздың бұл ерлігі – кейінгі ұрпақтың жадында қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек.

Қара шаңырағымыздан енші алып, алғашында Киров, кейіннен Асықата, Ильич, Жетісай аудандары бой көтерді. Сол жерлерде 30-дан аса шаруашылықтар құрылып, жүздеген өндіріс орындары ашылды. Бәрі де халқымыздың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында ұйымшылдықпен еңбек етті.

1997 жылы мақталы үш аудан (Асықата, Жетісай, Мақтаарал)  таратылып, олардың аумағында әкімшілік орталығы - Жетісай қаласы болатын Мақтаарал ауданы құрылды. Енді ғана Тәуелсіздігін алып, есін жия алмай жатқан жас мемлекет аудандарды біріктіру арқылы бюджет қаржысын үнемдеген болатын.

Осылайша үздіктердің қатарында болған қара шаңырақ, оның ішінде Мырзакент пен Атакент кенттері 21 жыл бойы шетте қалып, дамудан кешеуілдеді. Алайда, биыл аудан орталығы қайтадан Мырзакент болып, бұрынғы Мақтаарал ауданы тарихи қалпына келтірілді.

Ағымдағы жылдың 6-маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлыққа қол қойды. Тарихи маңызы бар құжаттың арқасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы іріленген Сарыағаш ауданының орнына Сарыағаш пен Келес ауданы, іріленген Мақтаарал ауданының орнына Мақтаарал мен Жетісай аудандары құрылды. Сонымен қатар, облыс орталығы болған Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанып, облыс орталығы Түркістан қаласы болатын жаңа Түркістан облысы пайда болды.

Ауданымызға бірнеше рет келген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі» деп жоғары баға берген. Расымен де, бүгінгі Түркістан облысының ең қиыр оңтүстік нүктесінде тұрған Мақтаарал – географиялық орналасуы мен басқару ерекшелігі өзгеше аудан. Ақ мақтаны алтын қолдар өсіреді демекші, біздің басты байлығымыз – ақ алтын мен алтын қолды адамдар.

Ұлы ойшыл, данышпан Цицерон: «Өзіңе дейінгі дүниеден хабарың болмаса, өмір бойы нәресте болып өтесің» деген екен. Өткенімізді еске алу – ерлік пен еңбекке толы ғұмырды еске алу. Сондықтан, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойын атап өтудің маңызы зор. Өткенімізден сабақ алып, жаңа құрылған ауданымыздың болашағын дұрыс бағытқа бағдарлау – мерекеміздің басты мақсаты.

Жаңадан құрылып, тарихи қалпына келген Мақтаарал ауданының қайтадан экономикалық көрсеткіштері бойынша оқ бойы озып шығу үшін бірігіп еңбек етейік!

Киелі қара шаңырағымыз Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!!!

 

 

Бақыт Асанов, Мақтаарал ауданының әкімі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x