Мақтарал ауданын үлкен өзгерістер күтіп тұр

Dalanews 11 қаз. 2018 10:09 392

Өз алдына бөлек отау тіккен Мақтарал ауданының келешектегі даму концепциясы әзірленіп жатыр.  

Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, ауқымды жоспарға сәйкес, ауданның кірберісі саналатын Азаттық ауылынан бастап Атакент кентіне дейінгі, одан Мырзакент кентіне дейінгі жолдардың бойы толықтай абаттандырылып, жарықшамдар орнатылатын болады.

Сондай-ақ, Атакент пен Мырзакент кенттерінің кіреберіс қақпаларын жаңадан салу үшін сәулеттік жобалар дайындалуда. 

Мақтаарал ауданының жаңа әкімшілік орталығы - Мырзакент кентінің жол жиектері де алдағы уақытта жаңа кейіпке енеді.


 Нақтырақ айтсақ, көркі көз тартар шарбақтар мен жол шамдары орнатылып, толықтай абаттандырылмақ. Сондай-ақ, кентте көгалдандыру жұмыстары жүріп, жаяу жүргіншілерге арналған жолаяқтарды салу жоспарланып отыр. Мұндай абаттандыру жұмыстары жаңадан құрылған ауданның барлық елді мекендерінде жасалынады.

Қазіргі уақытта аудан орталығындағы Қожанов, Мадиходжаев, Тойғанов көшелерінің ортасында орналасқан бордюрлердің топырақтары тегістеліп, әктеу-сырлау жұмыстары жасалынуда. Бордюрлер дайын болған соң, аудан орталығына түрлі-түсті гүлдер егілетін болады.

Аудан әкімі аппаратының ғимаратын жөндеуден өткізу, аудан аумағындағы мәдениет және спорт нысандарын абаттандыру, ескі ғимараттарды қайта қалпына келтіру мәселелері де жергілікті басшылықтың назарында. Кәсіпкерлерді арнайы жинап, оларға ұсыныс беру арқылы да аудан орталығында сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандарды көптеп салу жоспарда бар екен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x