Түркістандық кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын көтереді

Dalanews 26 қаз. 2018 15:44 152

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырма берген болатын. Осыған мәселеге орай ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен халық табысын өсіру және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру тұрғысынан Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша селекторлық кеңес өтті.

Кеңесте әлеуметтік салаға жауапты министрлік пен құрылымдардың басшылары жалақыны көтеру бағытындағы жұмыстары мен ұсыныстарын айтты. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қаласының әкімдеріне кәсіпорындарда жалақыны көтеру бойынша түсіндірме жұмыстар жүргізіп, еңбек заңнамаларын сақтау және жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Селекторлық мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы Жолдауындағы жалақыны көтеру тапсырмасын орындау бағытында өңірде нақты іс-шаралар атқарылып жатқанын айтты. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыс аумағындағы  9798 кәсіпорында  105811 жұмысшының  13674-і (12,9%)  42500 теңгеден төмен жалақы алады. Бұл деректер облыс әкімдігі жүргізген арнайы талдау нәтижесінде анықталған.  Бұдан бөлек, облыстағы мемлекеттік бюджеттік мекемелерде 42 500 теңгеден төмен жалақы алатын    52 170 жұмысшы бар екені белгілі болды.

– Осыған орай, аталған кәсіпорындар мен мекемелерде Елбасының Жолдауын іске асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 88  кәсіпорын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны өсіретін болды.  Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Ж.Түймебаев.

Үкіметтік селекторға облыс әкімінің бастамасымен 20-ға жуық ірі және орта кәсіпорындардың басшылары қатысқан болатын. Солардың бірі – «Кентау трансформатор заводы» акционерлік қоғамының бас ди⁠ректоры Хайрулла Қожабаев кәсіпорындағы орташа жалақыны 40 пайызға көтеруге дайын екенін, яғни, орташа жалақы 75 мыңнан 105 мың теңгеге дейін өсетінін айтты.  «Кас Бетон» ЖШС-інде орташа жалақы едәуір көтеріледі. Өзге де кәсіпорын басшылары Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салатындарын жеткізді.

Жалпы, өңірдегі жүзге жуық ірі және орта кәсіпорындар мен мекемелерде түсіндіру жұмыстары және келіссөздер жүргізіліп, олардың басым бөлігінің басшылары жұмысшыларының жалақысын көтеруге келісім берді. Жұмысшылардың жалақысын көтеру жөніндегі жұмыстар өзге кәсіпорындарда да жалғасын табады.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x