Түркістанда бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды

Dalanews 24 қаз. 2018 03:12 233

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қала күні» мерекесінің қарсаңында «RIXOS KHADISHA TURKESTAN» бес жұлдызды қонақ үйінің капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Онда қонақ үй кешенін жобасымен танысып, құрылыс жұмыстарын салтанатты жағдайда бастап берді. Жиында барысында аймақ басшысы атқарылып жатқан бұл шаралар – Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы етудің алғы шарты екенін атап өтті.

– Біздің облыс тарихи-мәдени мұралар мен ескерткіштерге бай өңір. Мұндай жерлерге туристер көптеп ағылатыны мәлім. Сондықтан да біз туристік инфрақұрылымды барынша жақсарта түсуіміз керек. Яғни, шетелдік қонақтарды жоғары деңгейде күтіп алу үшін өңірдегі әуежай және темір жол желілерінде сапалы қызметтер көрсетілуі тиіс. Бұл тұрғыда қонақ үйлердің де деңгейі жоғары болуы үлкен мәнге ие. Демек, қаламыз қонақтардың жүріп-тұруына ыңғайла болса, келетін туристердің саны да арта түседі. Осы ретте, өз қаражаты есебінен осындай зәулім ғимарат салғалы жатқан Серікжан Сейтжанов мырзаға алғыс білдіремін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

120 орынға шақталған қонақ үй 3 гектар аумақта бой көтереді. 6 қабаттан тұратын ғимаратта 3 бірдей мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталықтар жоспарланған. Жобаның жалпы құны 10 млрд. теңгені құрайды. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, облыс әкімі «ROYAL GRAND HOTEL» қонақ үйінің ашылуына қатысты. 2016 жылы құрылысы басталған ғимараттың жалпы аумағы 1,5 мың шаршы метр. Қонақ үй тәулігіне 60 адамға қызмет көрсетеді.

Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған қонақ үй кешенінде кіші маркет, шаштараз, дәмхана, монша және дәріхана жұмыс істейді. Одан бөлек, мұнда қонақтарға арналған жеке автотұрақ қарастырылған.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x