Түркістан қаласының қысқа дайындығы пысықталды

Dalanews 19 қаз. 2018 12:20 234

Түркістан қаласы әкімдігінде кезекті апталық мәжілісте жылу маусымына дайындық барысы мен жаңа әкімшілік іскерлік орталығы және тарихи орталықтағы жер телімдерін қайтару туралы мәселелер күн тәртібіне арқау болды.

Алғашқы мәселе бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев қаладағы барлық әлеуметтік нысандардағы жылу жүйелерінің дайындығы, орталық жылу қазандығының жылу беру маусымына әзірлігі жөнінде жан-жақты талқыға салды.

Сондай-ақ, осы бағытта жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қыс мезгілінде техникалық ақауларға жол бермеуді осы күннен пысықтауға шақырды. Өз кезегінде аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Асановқа жылу беру бағытындағы барлық мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырса, оған қоса әкімдік жанынан арнайы комиссия құрып, шаһардағы тиісті мекемелер мен тұрғын үйлердің қысқы маусымға дайындығын қадағалауды ұсынды.

Күн тәртібіндегі жаңа әкімшілік іскерлік орталығы және тарихи орталықтағы жер телімдерін қайтару туралы екінші мәселе бойынша баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаев Қ.А.Ясауи кесенесінің қарсы алдындағы тұрғын үйлерді бағалау жұмыстары жыл соңына дейін қайта пысықталып, 2019 жылы мемлекеттік қажеттілікке орай қайтару жөнінде нақты шаралар жүргізілетіндігін жеткізді. Сонымен бірге, жоспарға сай аталған кесене маңындағы өзге де түгенделуі тиіс жер телімдері мен нысандардың тізімі жасақталып, ол бойынша жоспарлы шаралардың жалғаса беретіндігін тілге тиек етті. Қала басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқы кезеңін өз мерзімінде іске асыру қажеттігін жіті бақылауда ұстайтындығын ескертіп, жұмыс барысында кемшіліктерге бой алдырмауды баса айтты. Себебі, жерді түгендеу яғни, мемлекет меншігіне алынатын жер телімдері мен тұрғын үйлердің артында адам тағдыры тұрғандығын сөз еткен қала әкімі Ә.Өсербаев жауапты тұлғаларға әрбір іскежауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x