Мақтааралда қарияларға құрмет көрсетілді

Dalanews 01 қаз. 2018 13:58 165

Қазіргі таңда Мақтарал ауданында қарттар мен ардагерлерге үлкен мән беріліп, жан-жақты қамқорлық жасалуда.

Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына өз үлесін қосқан ардақты да аяулы осы қарттарымыз екені мәлім. Осыны ескерген аудан әкімі Бақыт Асанов 1 қазан – Қарттар күніне орай ардагер қарияларымыздың шаңырақтарына тосыннан кіріп барып, мерекелерімен құттықтап қайтты.

– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрбіріңіз киелі Мақтаарал ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еткен еңбектеріңіз жас ұрпақтың бақытты да баянды, шалқып ғұмыр кешуіне септігін тигізді. Талай жастарды тәрбиелеп, өздеріңіздің ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Міне, бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуіден танбай келесіздер. Қарттары бар ел - бақытты ел. Сондықтан, ел басына күн туған заманда, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор, ұрпағына адал болған қарттарымыз қашан да аман болсын! – деді Бақыт Нәсірханұлы.

Қарттарымыздың мерекесіне арналған аудан әкімінің іс-шарасы мұнымен біткен жоқ. Бүгін аудан орталығы Мырзакент кентіндегі «Ай-ару» мейрамханасында 100-ге жуық қарияларымызға аудан әкімінің дастарханы жайылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарапынан концерт қойылды. Жиында ауданның қоғамдық-саяси дамуына өз үлесін қосып, елдің бірлігі мен тұрақтылығын насихаттап жүрген бірнеше белсенді қарттарымыз аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпатына кенелді.

Жалпы мереке аясында қарттарымызға арналған аудан әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдері, кент және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан көптеген мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттер тарапынан қарияларымызға түрлі көмектер көрсетілуде.

 

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x