Жетісай диқандар су мәселесін шешкен Елбасыға алғыс айтты

Dalanews 01 қаз. 2018 13:17 182

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы Жетісай және Мақтаарал аудандарына жұмыс сапарымен келді.

Ол алдымен Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығында болып, мақта теру жұмыстарымен танысты. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев министрге өңірдегі ауыл шаруашылы саласындағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды айтып өтті.

«Нұралы жол» шаруа қожалығы бүгінде  497 гектар жерге мақта, бақша дақылдары, жүгері және жоңышқа еккен. Алпысқа жуық адам жұмыс істейтін шаруа қожалығының 47 техникасы бар. Жұмысшылардың айлық жалақысы — 55 мың теңге. Шаруа қожалығының төрағасы Е.Ералиевтің айтуынша, мақта терім науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының арқасында биыл мұнда су тапшылығы байқалмаған. Осыған орай, жетісайлық диқандар су мәселесін шешіп берген Елбасыға риза екендерін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев ең басты мәселе жерді тиімді пайдалану екенін айтты.

«Биыл осы аймақтың диқандарынан су тапшылығы байқалып жатыр деген шағым түскен соң Елбасы Тәжікстан Президентімен сөйлесіп, қосымша су жіберілген болатын. Енді біз жерді неғұрлым тиімді пайдалануға көңіл бөлгеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жұмысты күшейту керек. Өсімдіктерді химиялық емес, биологиялық жолмен  қорғауды қолға алған абзал» деді.

Осы іс-сапарда министр мен облыс әкімі диқандармен бірге мақта теріп, Түркістанның ақ алтынының сапасына жоғары бағаларын берді.

Ауыл шаруашылығы министрі одан кейін  Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық каналға барды. Мұнда ол ГНС-1,  ГНС-2 арасындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық бөлігінің су өткізу қабілетінің техникалық жағдайымен танысты. 2011 жылы салынған канал құрылысына 13, 523 млрд. теңге жұмсалған. Бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмендеген. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жасалады деген жоспар бар. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Министр Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Бұл зауытта жылына 60 мың тонна мақта шикізатын қайта өңдеуден өткізіледі. Науқан кезінде 265 адам жұмыс істейді. Мұнда өндірілген өнімдер ТМД және шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Ауыл шаруашылығы министрі осында жиын өткізіп, аудандағы мақта өңдеу зауытының басшылары шаруа қожалықтарының төрағаларымен және  трейдерлік компаниялардың қатысуымен мақта шикізатының өзекті мәселелерін талқылады.

Вице-премьер одан кейін Қарақай ауылдық округіндегі «Кетебай» өндірістік кооперативінің егістік алқабын аралап көрді. 1996 жылы құрылған кооператив иелегіндегі 800 гектар егістік жерге мақта еккен. Мақтаны өсіруге және теруге арналған 60-қа жуық техникасы бар. Диқандармен жүздескен Өмірзақ Естайұлы Жетісайдағы мақта терімі жұмыстарына оң бағасын беріп, еңбекқор тұрғындарға табыс тіледі.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x