Талдықорғанда екі мектеп балалар игілігіне берілді

Dalanews 05 қыр. 2018 11:17 217

Білім күні қарсаңында Талдықорғанда әрқайсысы 1200 оқушыға  арналған екі жаңа мектеп ашылды. Заман талабына сай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықтандырылған бұл білім ошақтарының табалдырығын 400-ден астам оқушы аттады.

Қос ғимараттың тұсаукесеріне облыс әкімі арнайы келіп,оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

– Құрметті оқушылар және ата-аналар! Сіздерді шын жүректен осынау қуанышты сәттеріңізбен құттықтаймын. Жаңа мектептің қабырғасында сіздер толық мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, сапалы білім алып, өз күштеріңізге сенім танытып, тәрбиелі де саналы азамат болып қалыптасатындарыңзға сенімдімін, – деді облыс басшысы.

Жаңа оқу жылына Алматы облысында 7 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Жалпы 22 оқу ғимараты 6,8 млрд теңгеден астам қаржыға күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Ал мектеп салу ісі әлі де жалғаса бермек. Жыл соңына дейін тағы 2 мектептің құрылысы аяқталу жоспарланып отыр. 300 орындық музыка мектебі де пайдалануға берілмекші. Осының барлығы ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың үлгісі екенін Амандық Баталов айрықша атап өтті.

Жаңа мектеп 1200 орынды, 46 маман қызмет жасайды. Мектеп директоры Гүлжан Сыдыбаеваның айтуынша, бүгінде 700-ден аса бала қабылданған. 3 қабатты ғимарат 5 блоктан тұрады. 61 оқу кабинеті мен 3 оқыту шеберханасы, спорт пен мәжіліс залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинеті бар.

Сондай-ақ облыс әкімі бастаған делегация кабинеттердің жабдықталуын аралап көрді. Асханаларды арнайы тексеріп, оқушылардың ыстық тамағына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Спорт залдарды да арнайы аралап, оқушлармен бірге естелік суретке түсті.

Қазір қала тұрғындарының қатары өсіп, әлеуметтік нысандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Оның үстіне Талдықорғанда соңғы 15 жылда жаңадан мектеп ғимараты салынбаған екен. Жаңа оқу жылында жұмысын бастаған қос оқу шаңырағы дер кезінде ашылған құтты ғимарат болып отыр. Ал бұл білім шаңырақтарының материалдық-техникалық базасы толықтай жабдықталып, заманға сай білім беруге лайықталған.

Балжан Қайратқызы, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x