Кентау қаласы биыл толықтай көгілдір отынмен қамтылады

Dalanews 01 мау. 2018 03:59 242

Кентау қаласы жақын күндері толықтай көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінде қаланың іргесіндегі газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде журналистер осындай ақпаратқа қанықты.



Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Қ.Төлепбергенов қазіргі таңда қалада және қалаға қарасты елдімекендерде ішкі газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

– Автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталып, 2017 жылы аяқталды. Жобаның жалпы құны 3 млрд. 842 млн теңгені құрайды. Мердігер өзінің жұмысын өте сапалы атқарып шықты. Бүгінге дейін 53,7 шақырым магистралдық газ құбырлары тартылды. Ендігі жерде ішкі газ құбырларын тарту жұмыстары қалды. 3 кезеңнен тұратын шаруа толығымен аяқталған соң, қаламыз толық газбен қамтылатын болады, – деді Қадырхан Төлепбергенов.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері қала аумағында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда елдегі 75 мың студентті жатақханамен қамту туралы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде айтқан тапсырмасы жоспарға сай орындалып келеді.



Бүгінде облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен қалада 300 орындық 2 жатақхана бой көтеруде. Жобаның жалпы құны 443 883 млн теңгені құрайды. Соңғы үлгіде салынып жатқан студенттер үйі жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі.

Кентау қаласында тұрғын мәселесі де жоспар бойынша шешімін тауып келеді. Бүгінде қалада 60 пәтерлі көп қабатты 7 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылға дейін тағы 35 үй салынатын болады. Жалпы қалада 2086 адам тұрғын үй кезегіне тұрған.

Одан бөлек, шахарда жедел жәрдем көрсету станциясымен ауысымына 500 науқас қабылдайтын қалалық емхана салынуда. Жобаға облыстық бюджеттен 1 млрд. 627 млн. теңге қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған жоба 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/31712

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x