Қапшағайда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Dalanews 04 мам. 2018 09:48 204

Қапшағайда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының (КҚКО) ашылуы Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков және кәсіпкерлік қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті.



Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, Қапшағай қаласындағы КҚКО Алматы облысында аудандық және қалалық деңгейде ашылған тұңғыш орталық болып табылады.

– Бұл орталықтың ашылуы Қапшағай кәсіпкерлеріне толық қызмет көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге Балқаш және Кербұлақ ауданының кәсіпкерлеріне де тиісті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай орталықты Талғар мен Қарасай аудандарында да ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін одан ары қолжетімді және қолайлы болады, – деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «бір терезе» принципі бойынша бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.



Тағы айта кететін мәселе орталық мемлекеттік органдар өкілдері кәсіпкерлерді сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қабылдап, қызмет көрсетеді. Сонымен бірге мұнда «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарларды ұдайы жүргізіліп тұрмақшы.

Орталық жанында қалалық кәсіпкерлер кеңесінің бөлмесі және мемлекеттік органдардың қабылдау жүргізуіне арналған кәсіпкерлерді қабылдау бөлмесі ашылды.

Өз кезегінде Қапшағай қаласы әкімі Талғат Қайнарбеков кәсіпкерлікті қолдау жұмыстың аса маңызды міндеті екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қапшағайда 3,6 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде 16,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылуы қаламызда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтарға қолайлы жағдай туғызатытына сенімдімін. Осы орталықта кәсіпкерлер өз жобасы мен ісін қаржыландыруға қатысты қажетті барлық мәліметті ала алады. Сондықтан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қапшағайдағы кәсіпкерліктің тиімді дамуына ықпал ететіне сенімдіміз, – деді Талғат Қайнарбеков.

Айта кетейік, биыл Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалы кәсіпкерлерге 500-дей сервистік қызмет пен кеңестер берді. Өткен жылы 45 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 16-ы жалпы сомасы 72 млн теңгені құрады.



Қалалық филиалдың қолдауымен 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 28 млн теңгеге 2 жоба қаржыландырылды және 3 жоба құны 4,5 млн теңге болатын мемлекеттік грантқа ие болды. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 36 қапшағайлық бизнес оқытудан өтті. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы арқылы 3 кәсіпкер шетелде өз біліктілігін арттырып келді.

Еске салсақ, Алматы облысындағы тұңғыш толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басында Талдықорғанда іске қосылған болатын. Талдықорғандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында сервистік қызметтер және жарық, су, газ және жылуға қосылу бойынша техникалық шарттарды рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіледі.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x