Картоп өңдейтін зауыт салынады

Dalanews 30 нау. 2018 06:23 265

Алматы облысының əкімі Амандық Баталов инвесторлар «Farm Frits Kazakhstan» ЖШС өкілдерімен кездесіп, бірлескен жобаны жүзеге асыру мəселелерін талқылады. Еске салсақ, іргелі голландиялық компания  облыста картоп өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.



Кездесу барысында облыс əкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Ж. Тұяқовтың айтуынша, компаниямен келісімдер жүргізу 2016 жылы тамызда басталған. Қазіргі кезде жүзеге асыру барысындағы туындаған мəселелерді шешуде ілгерілеу бар. Бүгінгі күні Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аумағында зауыт құрылысы үшін аумағы 25 га. аумақ жер бөлінген. Мемлекеттік органдармен жəне қаржы институттарымен бірлескен жұмыс жалғасып жатыр.

Өз кезегінде компания өкілі - жоба жетекшісі Йос Дэн Боэр қазақстандық  «Еуразия» компаниялар тобымен серіктес болып, бірлескен қызмет туралы келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді.

Й. Дэн Боэрдің айтуынша, 2019 жылғы сəуірдің басында зауыт құрылысын салу басталады, 2020 жылдың қазанында алғашқы өнімі алынады деп жоспарланған. Компания тек картопты өңдеумен ғана емес, өндірумен де айналысады.

Жоба жетекшісінің айтуынша, «Farm Frits Kazakhstan» ЖШС зауыттың өңдейтін картобын жергілікті фермерлерден қабылдауға мүдделілік танытып отыр. Инвесторлар Қапшағай қаласында да картоп өсіруді дамытса жақсы болар еді деген ұсыныстарын да жеткізді.

Өз кезегінде облыс əкімі Амандық Баталов биылғы жылы картопты өндірістік деңгейде өсіру ауыл шаруашылығының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Биылғы жылы картоп өндірісін дамытуға барлық мүмкіндіктері бар Райымбек ауданында «Жетісу» ƏКК арқылы сервистік-дайындау орталықтары құрылып, қажетті техника сатып алынды. Ал сəуірде гектарына 350 центнерден өнім беретін, голландиялық сорттың 240 тонна сапалы тұқым әкелінеді.

Сонымен қатар Амандық Баталов зауыт қүрылысы облысқа тартылатын ауқымды инвестиция ғана емес, ең бастысы жергілікті халық үшін тұрақты жұмыс орны əрі шаруалар үшін өнімін өткізуге жақсы мүмкіндік екенін айтты.

– Бүгінгі күні бізде облыста қант қызылшасы мен жүгері шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығын дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Бізде шаруалардың шикізаттарын қабылдап, дайын өнім шығаратын зауыттар бар. Сондықтан осындай ірі зауыт ашылатын болса, өңірдегі картоп өндірісін дамытуға ықпал етер еді, – деді А. Баталов.

 

https://dalanews.kz/34487

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x