Жетісуда 111 учаскелік полиция пункті салынады

Dalanews 25 қаң. 2018 05:51 267

Алматы облысында тұрғын үймен біріктірілген 66 учаскелік полиция пункттерінің құрылысы аяқталды. Ал 2018 жылы осындай тағы 111 нысан салынады. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашовтың төрағалығымен өткен облыстық  ІІД-нің 2017 жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары бойынша кеңейтілген жедел кеңес барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңесте облыстағы ішкі істер органдарының 2017 жылғы жұмысының қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмханов баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша,  облыстағы құқықтық тәртіп тұрақты бақылауда. Өткен жылы қылмыс жасау он мың адамға шаққанда 137-ден 126-ға, жалпы саны 6,8 % төмендеген. Қылмыстың ашылу көрсеткіші артқан, соның ішінде ауыр қылмыстарды ашу 63,0 %-тен 65,8%, аса ауыр қылмыс –  92,2-ден 94,7%, тонау 61,5-тен 67,6%, бөтеннің мүлкін ұрлау –   33,7-ден 37,8%-ке өскен. Ведомстволық бағдарлама шеңберінде 13 жедел алдын алу шаралары, атап айтқанда «Мал ұрлығы», «Пәтер», «Ұялы телефон» сияқты көптеген алдын алу шаралары ұйымдастырылған. Мәлихаттың шешімімен «Малшы-мал иесі-жергілікті атқарушы орган» принципімен үш жақты келісім жасау мен мал жаю ережелерінің жобалары бекітілді. Бұл өз кезегінде мал ұрлығының алдын алуға септесетін болады.

Сонымен қатар М. Ұрұмханов ұйымдасқан қылмыспен, есірткі саудасымен байланысты қылмыспен, экстремизммен күрес, ІІД органдарының материалдық-техникалық  базасын нығайту шараларына да кеңінен тоқталып өтті.

Осы жиында облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М. Күштібаев, Алакөл аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі  А. Әбдірахманов, Еңбекшіқазақ аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция  подполковнигі А. Жүнісов баяндама жасады.

Басқосуда сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов Елбасының биылғы Жолдауында азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға, оның үстемдігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау қызметін гуманизациялау мақсатында бейнебақылаудың интеллектуалдық жүйесін енгізуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Соған сәйкес облыс аумағында сыртқы бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары одан әрі де жалғастырылатынын айтты. Мәселен, Ішкі істер органдарына жұмыс сапасын жоғарылату үшін 2017 жылы 11,9 млрд. теңге бөлінсе, оның 3,2 млрд.теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталды. Талдықорған қаласында Кинологиялық қызмет орталығы құрылып, жабдықталды. Ішкі істер саласына басқа да қолдау шаралары тұрақты көрсетіліп келеді.

– Көрсетіліп отырған қолдау бұдан былай да жалғаса бермек. Соған сәйкес сіздер өз тараптарыңыздан қылмысты азайту, алдын алу жұмыстарын жүргізу сапасын және қылмыстардың ашылу деңгейін жоғарылату бойынша шаралар қабылдаңыздар. Қоғамда «мүлде төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға қатысты түсіндіру және  алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс. Жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге бағытталған жұмыстар жалғастырылып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жағдай жасау үшін нақты шаралар қабылдансын. Бұл орайда мамандардың сапалық құрамына, кәсібилігіне ерекше мән беруді сұраймын, – деді, Л. Тұрлашов.

Жиын соңында жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған аудандық ІІБ, үздік учаскелік полиция, үздік тергеуші және басқа да қатардағы полиция қызметкерлері облыс әкімінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің,  облыстық ІІД –нің құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Баталовтың атына ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасы берілді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x