Айдыны шалқар Алакөл

Dalanews 25 там. 2017 07:47 545

Қазақстан туризмі жайлы сөз қозғалса болды, ойға оралатын бірнеше жерді айта жөнелеміз. Қара теңізден бастап, Оңтүстік-шығыс Азия, Еуропа мен Үнді мұхитында демалатын өз еліміздің азаматтары енді-енді отандық туризмге бет бұра бастағандай.  Кейінгі уақытта Алакөлдің аты ел аузында көп айтылып жүр. «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл сұламада» Қабанбай батыр шекарада жауға қарсы тұрған аймақ, Ұлы жібек жолы керуені өтіп, Шығыс пен Батыс байланысқа түскен жер, Ебіден жел соғып, Жоңғар билеушісінің басын көтертпей, қарымын қайтарған өңір, Жоңғар қақпасындағы қазақтың жауһары – Алакөл жайлы азды-көп мағұлмат беруді жөн көрдік.

 

Түрлі-түсті тарих

 Көлдің аты көне түркі, моңғол тілінен «Ұлы көл», «Таулы көл» деген мағына береді деген дерек бар. Яғни, «Ұлы көл» сөзі түркі және моңғол сөздерінің бірігуімен пайда болған деседі. Кейбір деректе Алакөл орта ғасырда «Гургенор», «Алақ­такөл», «Алатеңіз», «Алақта» деп аталғанын жазады, тағы бірінде Алакөл «Түрге-Нұр» деп те аталғаны айты­лады. Ол моңғол тілінде «көпір-көл» деген мағына береді. Жергілікті халық «көлдің аты оның түсіне байланысты қойылған» дегенге көбірек иланады. Расында бір қарағанда оның түсін ажырату қиын. Көлдің көкжиекпен тұстасқан жағы қою көк болып көрінсе, ортасы көк-жасыл, ал жағасы ашық көк түске боялып жатады. Оған қоса ақ жалды толқындар көлдің түсін тағы түрлендіре түседі. Алакөл атауын ондағы ұсақ көлдердің де әртүрлілігімен түсіндіруге болады. Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі Қошқаркөл, Алакөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл, Алакөл, Сасықкөл, Қоржынкөл, Ұялы сияқты көлдерден тұрады. Сасықкөлдің түсі – көк, Қоржынкөл – сары түсті, Жалаңашкөл – тұнық әрі алыстан сұрғылт және ашық көк түсте көрінеді. Бір қызығы: бұл көлдер жүйесі көне теңіздің қалдығы ретінде саналады. Дегенмен, бұл жердегі Алакөлден басқа көлдер – тұщы, ал Алакөлдің суы – тұзды. Бір теңіздің қалдығы болып саналатын көлдердің әртүрлілігіне қайран қаласың. Тағы бір айта кететіні, Сасықкөл мен Қошқаркөл балық шаруашылығына ыңғайлы болса, Жалаңашкөл дертке дауа беретін шипалы суымен мәртебелі. Ал Алакөл – ең ірісі және суының құрамы, түсі, тіпті орналасқан ойпатына дейін өзгеше.

 

Алакөл – ескі тарих ордасы

Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының ортасында орналасқан Алакөл Жібек жолының бойында, Шығыс пен Орта Азияны жалғастырған Жоңғар қақпасында орналасқандықтан, жолға шыққан жолаушылар сол кездерден бастап көл жағасын саялаған. Кейіннен жоңғар-қазақ соғысының басым шайқасы осы жерде өтті. Көптеген ғылыми деректерде Алакөлде ІХ ғасырда Египет саяхатшысы Саламат Тортума, кіші Армения патшасы Гертум, Католик дінінің монахы Плано Коррини және француз елшісі Гильом Рубрук болған. Бұл жайлы 1968 жылы шыққан С. Арковтың «Идущие к вершинам» деген Шоқан Уәлиханов туралы жазған кітабында дерек келтіріледі. Алакөлді Еуропа елдерінен алғаш болып, 1840 жылы

Г. Карелин, А. Шренк, Т.У. Аткинсон, Е. Ковалевский, А. Влангаш, А.Гумбольд, С. Тянь- Шянский, А. Прежевальский секілді ғалымдар зерттеп, өз еңбектеріне арқау еткен.

Алакөл ойпаты ежелден-ақ саяси-экономикалық маңызы бар аумақтың бірі болған. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жерден Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағы өтіп, Шығыс пен Батысты байланыстырғаны аян. Қазіргі күні аймақта археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл аймақтан табылған жәдігерлер ел тарихының нақтылануына көп үлес қосатыны анық. Археолог ғалым Ә.Т.Төлеубаевтың бастауымен өлкеде көптеген зерттеулер жүзеге асып келеді. Бастапқыда қола-сақ кезеңіне тән тарихи ескерткіштерді зерттеумен айналысқан археологиялық экспедиция соңғы 5 жылда ортағасырлық ескерткіштерді де зерттеуге ден қоя бастады. Нәтижесінде Алакөл көлінің оңтүстік жағалауында тізбектеле орналасқан бірнеше ортағасырық қалалар зерттелініп, өлке тарихына қатысты маңызды мағлұматтар алынды. 2012 жылы алғаш Алакөлдің оңтүстік жағалауы, Асусай асуының етегінде орналасқан ортағасырлық Асусай қаласына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама мәлімет беретін материалдар алынған. Алакөл аймағына жүргізілген барлау жұмыстары барысында оннан астам ортағасырлық қала жұрттары табылып, соның ішінде үш қалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қала орнынан өте көп мөлшерде керамикалық бұйымдар шығып, олардың ғылыми сипаттамалары берілді. Зерттеуге түскен керамикалық бұйымдардың көпшілігі Алакөл ауданына қарасты, Қабанбай ауылындағы Қабанбай батыр атындағы тарихи-этнографиялық музейге тапсырылды. Археолог ғалымдар табылған заттардың қандай мәдениетке жататынын және кімге тиесілі екенін анықтау үшін ұсыныс білдіріп жатыр.

 

Қарамойнақтың таңдауы – аралды көлде

Сіз көлдің төбесінен қарап көрдіңіз бе? Көлге жақын келсеңіз, жағалауды екі метрдей биік жыра қоршап тұр. Жағаға жету үшін сол екі метр жырадан төмен түсуіңіз қажет. Жергілікті халық бұны «толқын тістеген» деп атайды. Күзде, көктемде толқынның биіктігі 2-2,5 метрге жетеді. Су толысып, дауыл тұрғанда толқын көтеріліп, жыраны «тістей» береді, ал жыра жыл санап құрлыққа қарай «шегіне» береді.

Алакөл теңіз деңгейінен 343 м биіктікте жатқан ағынсыз, тұзды көл. Көлемі 2 мың шаршы шақырымды құрайтын су көлемі көбейіп, үш метрге көтерілді. Көлдің аумағы салыстырмалы тұрақты гидрологиялық режимді, әлемдік маңызы бар ғажайып гидрофауна мен гидрофлораны сипаттайтын тарихи қалыптасқан сулы-батпақты кешенді қалыптап және ғажайып сирек кездесетін сулы-батпақты құстардың ұя салатын және мекендейтін аймағын қамтиды.  Қара құрлық пен Оңтүстік-шығыс Азиядан ұшып келетін экзотикалық құстар осы Алакөлде ұялайды. Жағалауындағы қалың қамыста қабан, кеміргіштердің бірнеше түрі және сүтқоректілер мекен етеді. Аймақтағы суы ең мол Тентек өзенінің атырауы – құс патшалығына айналған. Мұнда ерте кезден бұйра және күлгін бірқазандар, аққу, үлкен суқұзғын, қалбағай, бақылдақ құтан, көл шағаласы, қырқылдақ шағала, әупілдек, тартар, т.б. құс түрлері ұшып келіп, балапан шығарады. Ал, Алакөлдің аралдарына реликті шағала ұя салады.

Реликті шағала, қара мойнақ ша­ғала (лат. Ichthyaetus relictus) – шағалалар тұ­қымдасына жататын құс. Бұл қарғадай ғана құс Халықаралық Қызыл кітапқа енген. Қазақстанда тек Алакөлдің аралында ғана ұялайды. Тамыз айында Шығыс Азияға ұшып кетеді.  1976-1994 жылы Реликті шағаланың жалғыз қоразы Алматы хайуанаттар бағында ұсталды.
Әлемнің екі-үш жерінде ғана кездесетін шағала көне мамонттармен бірге мекендеген құс деп есептеледі. Оны жергілікті тұрғындар сыртқы белгісіне қарап, «қарамойнақ шағала» деп атайды. Латынша «Relict» деген сөздің мағынасы жұрнақ, қалдық, ежелден бері тіршілік етіп, бүгінге дейін жеткен, табиғатта сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дегенді білдіреді. Ұлт мақтанышы Мұхтар Әуезовтың  ұлы, орнитолог ғалым Ернар Мұхтарұлы Әуезов (1943-1995) алғаш рет реликті шағаланы тауып, оған ғылыми сипаттама берді. Оның ашқан бұл жаңалығының ­зоология ғылымында маңызы өте зор. Шағаланың бұл түрі дүниежүзінің үш-ақ аймағында, яғни Моңғолиядағы Эдзингол көлінде, Ресейдің Бурят жеріндегі Борей-Турей көлінде және біздің еліміздегі Алакөлде ғана ұя салып, балапан өрбітетіні нақты ғылыми түрде дәлелденді. Ернар Әуезов бұл шағаланың тіршілік әрекеттерін жан-жақты зерттеп, 1980 жылы Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация­сын қорғады. Өте сирек кездесетін шағаланың бұл түрін қорғау мақсатында 1971 жылы Алакөл алқабында «Реликті шағала» деп аталатын аймақтық мәні бар орнитологиялық қорықша ұйымдастырылды. 1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысымен республикалық мәні бар «Реликті шағала» зоологиялық қорықшасы деп өзгертілді.
Оның дене тұрқы өзге шағалалардан сәл кішілеу. Реликті шағала көбіне аралдардағы су айдындарына жақын жағалауларда кездеседі. Ұяларын жерге шағын шұңқыр қазып, түбіне қауырсындардан жұмсақ төсеніш жасап жұмыртқа салады.
1990 жылы қарамойнақ шағаланың саны тіпті азайып кеткен. Кей жылдары олардың бірнеше жұбы ұя салса, кейде ұя салмайтыны да белгілі болған. Құстың бұл түрі өте қатаң қорғауды қажет етеді және оны сақтап қалудың ғылым үшін маңызы өте зор екендігін естен шығармауымыз керек.
Қарамойнақ шағаланың бір бөлігі 1991 жылы көл шағаласымен будандастырылып алынған будан хайуанаттар паркінде тіршілік етуде.

Сонымен қатар, өлкеде Қызыл кітапқа енген балықтың түрлері мен сүтқоректілер мекендейді. Оларды қорғау мақсатында «Алакөл» табиғи қорығы жұмыс істеп жатыр.

Көл Қытайдағы Ебінұл көлінің циклондарынан пайда болатын Ебі желінің әсеріне ұшыраған. Алакөлде  көптеген ірі көлдерге қарағанда толқын биігірек әрі жиі соғады. Бұл туристердің демалу уақытын көп қысқартады. Сонымен қатар, Алакөлдің үстіндегі циклондардың әсерінен Ебі желіне қарсы Сайқан (кейде құбыла желі деп те аталады) соғады. Жоңғар қақпасында кезекпе-кезек батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай үздіксіз жел соғып тұрады. Осы Жоңғар қақпасына жел энергия станциясын орнатса, әлемдегі ЖЭС-ларынан алынатын энергияның 80 пайызын шығаратын станцияның қуатынан көбірек болатыны дәлелденген еді.

Суы да, желі де, жері де, тауы да қасиетке толы көлге енді-енді халық ағыла бастады. Бұрындары тек жақын аймақтардағылар ғана демалатын жерге енді шетел асып келетіндер көбейді. Көбіне Ресейден ауруына ем іздеп келетін туристер саны артып келеді. Су құрамы теңіз суымен бірдей екені дәлелденген еді. Менделеев кестесінің элементтерінің бәрі кездесетіндігі де осыдан болса керек. Көл құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. 1 литр суда 9-10 грамға дейін минералды тұз және родон сияқты химиялық эле­менттері аяқ-қол мен буын­дары ауырғандарға және құяңы барларға, сүйек сырқаттарына шалдыққандарға, жүйке ауру­ларымен ауырғандарға пайдасы бары дәлелденген. Көлде фтор мен бромның деңгейі де жоғары. Судың құрамы 7% йодтан тұрады, бұл көлдегі тұз бен ауа тыныс алу жолдарын жақсартуға көмектесе­тін көрінеді. Сонымен қатар бар­лық тері ауруларына, әртүрлі дене жарақаттарының тез жазылуына көмегін тигізетінін ел ерте білген. Егер су болмаса, лайлы-батпақты «жабайы курорттар» да бар. Оны кейде «шошқа курорт» деп те атайды. Тұзды әрі минералға бай балшықты үстіңізге жақсаңыз, тері және буын ауруларын ұмытуыңызға да болады. Осындай жауһар көлі бар қазақ жерінің қасиетінен айналасың. Антальяға қыдырған ағайындарға Алакөлдің қадірін жеткізе алмай жүргенімізге налисың. Дәйім қақпамыз бұзылмасын!

Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x