Кесір қайдан: ресурстан ба, әлде кадрдан ба?

Dalanews 03 қаз. 2016 10:28 367

Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Ә. Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса.

Публицист-зерттеуші Қ. Жүкешевтің мақалалар циклі Ә. Бөкейхановтың мемлекет туралы идеялары мен ойларын бағдарға ала отырып, қазіргі Қазақстанның саяси билігі және басқарылуы аясында болып жатқан құбылыстарды дүниежүзіндегі кейбір елдердегі құбылыстармен салыстыра сипаттайды. Ә. Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған бұл мақалалар циклі оқырман қауымды бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.

1-мақала мен 2-мақаланы мына жерден оқи аласыздар.


jukeshov

Қанағат Жүкешев




 Қанағат Жүкешев, философ, публицист-зерттеуші


Кесір қайдан: ресурстан ба, әлде кадрдан ба


(3-мақала)

 «...Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын»

Әлихан Бөкейханов


 

Отарда болған елдердiң билеушiлерi мен шенеунiктерiнiң бәрiне, оның құрамына, жасақталу тетiктерiне және менталитетiне ортақ заңдылықтар бар. Олар алдымен қайраткердiң әлеуметтік топқа, содан кейін туған және тұрған жерге тәнділігінен көрiнедi.

Төменгі таптардан шыққан қайраткерлердің билік басына келгеннен кейінгі әрекеттерінің сырын толық түсінуге мүмкіндік беретін адамзат тарихының тәжірибесі жеткілікті. Қазiргi авторитарлық режимдерді ұстап отырған билік иелерінің, олардың маңына жиналғандардың, қызмет көрсетіп отырғандардың дүниеге көзқарастары мен менталитетiнiң бағыттарын ежелгі Рим тарихын талдай отырып түсіндіруге болады. Ежелгі Рим плебейлерінің шыққан тегін, қоғамдағы орнын, билікке келу механизмдерін, менталитетiн және әрекеттерінің бағыттарын талдау арқылы өткені отарлықпен байланысты болған елдердегі әлеуметтік-психологиялық, мәдени-рухани құбылыстардың мәні жақсы  айқындалады.  

Плебейлердің (лат. plebs-pleo – толтырылған, қосылған) жан әлемі олардың тектік-әлеуметтік жағдайларымен айқындалды. Біріншіден, плебейлер Рим қауымынан тыс тұруымен, ежелгі, жергілікті тұрғындармен – патрицийлермен тектік байланысы жоқтығымен ерекшеленеді. Патрицийлер мен плебейлер туыстық байланыстарының болмауынан, олар бір-біріне жат, араларында этностық жақын тарту сезімдерінен ада болды. «Кейбіреулері қалаға өз еркімен, кейбіреулері мәжбүрлеумен келген, ежелгі руларға қосылмайтын плебейлер Рим халқының бөлігі болып есептелмеді» [1: 95]. Екіншіден, плебейлер атақты қаланың айналасындағы ауылдық елді мекендерден күн көре алмай көшіп келгендігімен ерекшеленеді. Далалық кәсіптермен айналысып күнелтіп жүрген, Римнің бой көтеруіне, дамуына, мәдениеті мен тұрмысының өрлеуіне үлес қоспаған олар қоғамдық өмірден тыс тұрды, оған сауатты араласа алмады. К.Маркс сипаттағандай, «еркiн адамдар мен құлдардың аралық межесiнде тұрған плебейлер люмпен-пролетариат деңгейiнен жоғары көтерiлiп көрген емес» [2: 22].

Плебейлер тұтынушылық пиғылда болды, нан мен ермектi ғана талап еттi. Плебейлердің үшінші ерекшелігі ауыл тұрғындарына тән кедейлігінде болды. Аштық пен баспанасыздық олардың жиы ұшырасатын серіктері еді. Олар әйтеуір ілдалдалап күн кешті, тамағын тойғызып, ұйқысын қандыруды армандап өмір өткізді. Рим плебейлерінің менталитетi осы үш ерекшелігімен айқындалады. Рим плебейлерiне тән осы ерекшелiктер отарда болған елдердiң билеушілеріне де тән.

Кеңес үкіметі тұсында партия-кеңес органдарының барлық буындарын сауаты мен салауаттылығы аз болса да, кешегі жалаң аяқтар, жарлылар басқарды. Осындай жағдайлар бұрынғы социалистiк деп аталған елдердiң және социалистiк бағдарды таңдап алып, сол жолда ондаған жылдар адасып жүрген елдердiң бәрiнде қайталанды. Олардың ерекшелігі санасында құлдың мінезін қалыптасқан менталитет ретінде, мейілінше сіңіргенінде. Бұған қоса, мешеу елдердің билеушiлерi мен шенеунiктерiнiң дені ауылды елді мекендерде туып-өскен, қалаға кейін, күнкөріс іздеп келгендер болып табылады, қалада туып-өскендері аз.

* * *

Ендi мешеу және авторитарлық қоғамдардың билеушілерінің іріктеу және орналастырылу механизмдеріне көңiл аударып көрейiк. Билеуші – әрқашан да өзін билікке алып келген ереженің өндірімі. Тұлпардың заңы – тұлпарды, сұңқардың заңы – сұңқарды алға шығарады. Мәстекке арналған қағидамен мәстек қана «бәйгеден келеді». Артта қалудың ережесі бойынша тасбақа озады. Тікенек жеуден түйе алдына жан салмайды. Ойын футболдың ережесімен ойналғанда – футболшы, «Ордабасының» ережесімен ойналғанда – «Ордабасы» жеңіске жетеді. 

[caption id="attachment_20450" align="alignright" width="610"]1e939187-b675-40f2-9aeb-66c3bff08b93_w610_r1_s 1916 жылы Қырғызстанда дарға асылған адамдар[/caption]

Демократиялық емес қоғамдарда президентті халық сайламайды. Олардың заңдары әділ сайлау өткізу кепілдігін бере алмайды, сайлау тетігі халықтың қолында емес, әрекеттегі билеушінің басқару аппаратының қолында. Қажет болғанда, жаңа билеушіні сол аппараттың бастығы тағайындайды немесе формалы сайлау үдерісін өткізу құқығы бар немесе күшi бар ведомстволардың басшыларының бiрi билiктi басып алады. Өздерi өркениеттi даму жолына түсетiнiн жариялаған елдерде, әрине, сайлау өткізгеннің процедурасы жасалады. Сайлау өткізушілер сырттай оның әділ өтіп жатқан сияқты болып көрiнуiне күш салады, халық бұқарасы оған қатысып жатқан сияқты болып көрінетiн спектакльдер ұйымдастырылады. Заң бойынша кандидаттар ұсынылған болады, оларға жағдайлар жасалған болады. Бірақ, авторитарлық жүйелер, дерліктей барлық жағдайларда сайлаудың ең шешуші тетігін ұстауды өзіне қалдырады. Ол – сайлау комиссиясын құру, дауыстарды санау. Осылай, сырттай қарағанда демократияға ұқсағанымен, шын мәнiнде онымен кереғар келiп жататын саяси режимдер Шығыс елдерiнiң басым көпшiлiгiне билiк жүргiзiп отыр.

Сайлау әділ емес жолдармен жүргізілгенде билікке оның айналасында жүргендер арасынан ең әккісі, жырындысы немесе топастау болса да, арандатушы біреу келуінің қисыны бар (Сталин өлгеннен кейінгі билікке таласуды және оны кімнің, қалай иеленгенін еске түсіріңіз). Көпшілік жағдайда билік әрекеттегі билеушінің қалаған адамына тиеді. Мұндайда билеушiнiң мұрагерi кiм болатыны, оның есiмiн билеушiнiң қашан атайтыны туралы сұрақтар ашық қойылып жатады. Бұл бұқараның әділ сайлау өткізу туралы үмітінің әбден үзілгенінен, мұрагердің атын билеушінің өзі атауына келіскенінен солай болады.

Кейде былай болуы мүмкін: әккілер бірнеше топқа бөлінсе және олардың ықпалдары тең болып, бірін-бірі билікке жібермейтіндей ахуал қалыптасса, ондайда билік ең әлсіздің қолына тиюі мүмкін. Өйткені, тоталитарлық жүйеде әлсіз бәріне жағады. Мысалы, Л. Брежневтің КОКП-ның Бас хатшылығы лауазымына келуі осындай ахуалдан болды. Кейін ол ауруы себепті мемлекетті басқаруға жарамай қалса да, иерархиядағы арасалмағы тең, бірін-бірі жібермейтін күштер оны жоғары лауазымда ақтық демі таусылғанша ұстап отырды. Билік басында осал адам отырғанда айналасындағылар оның атын жамылып, ойына келгендерін істеу мүмкіндігін алады.

«Данышпандар ойлап шығарған, фанатиктер іске асырған революция жемісінің сұмпайылардың қолында кетуі» жағдайы осылай жүзеге асырылады. Мұндай құбылыстарды зерттеудің маңызы бар. Ақылы мен интеллектісін жұмсай отырып,  революцияның қажеттігін көре білген, оны іске асыру жолдарын ойлап тапқан, ақыры жеке басын, өмірін тіге отырып, оны жүзеге асырған данышпандар мен фанатиктер революциядан кейін билікті өз қолында қалдырудың айлаларын, шарғыларын іздестірмейді. Олар «мен халық үшін жасадым, бірақ билік үшін күрескен жоқпын» деген ұстанымда болады. Олар өздерінің болмасты болдырғанына, іске аспасты асырғанына риза, енді маңайындағылар өздері біліп, түсініп, бар қадірімен, қасиетімен билікті әкеліп қолына ұстатады деп ойлайды немесе «мен азаматтық міндетімді атқардым, ендігісін өздерің біліңдер» деп, қолын жууға кетеді. Бұл жерде зиялының осы ұстануынан туындайтын бір кереғарлық бар екендігін ескерту керек: моральдық қамтамасыздық зиялының өзінің алдын бөгеп, ұятсыз бен арсызға жол ашады. Зиялының инабаттылығы мен адалдығы олардың өздерінің билік басына келуіне үнемі кедергі болып отырады. Бұл – зиялы болмаудың тиімділігін көрсету емес, зиялылардың өздері үшін ойланып шешуді қажет ететін өмір шындығы.

Сол тұста оңтайлы сәтті күтіп жүргендер әрекетке кіріседі. Олар – революцияның нәтижесі әлі белгісіз болып тұрғанда, «сабыр сақтайық», «заңды болсын» деген сияқты залалсыз ұрандарды жақтаған болып, тартыншақтап жүргендер, революция процесі кезінде жеңіп бара жатқан жаққа қосылып отыруды да меңгергендер. Қоғамның дамуы мен келешегі туралы келелі ойдан жұрдай, мемлекеттік мүдделер қаперіне кіріп шықпайтын олар билік тұтқасына жармасу үшін қай мезетте атқа қону керектігін біледі. Билік үшін жасалатын қитұрқы аппараттық ойындар осы кезде іске қосылады. Осылай данышпанның ақылымен, патриоттың білек күшімен келген жеміс пысықайлардың қолында кете барады. Сонан соң ол ондаған жылдар бойы халықтың желкесіне мініп алып, тақты босатпай қойып, елін зар илетеді.

 Әр билеушінің немесе шенеуніктің алдына қойған мақсатына, идеологиясына, иелігіндегі елдің (кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның) өзіндік ерекшелігі мен жағдайларына, қызметінің арнайылығына, мүмкіндіктеріне және қажеттіктеріне қарай мемлекеттің заңды және атқарушы билік органдарын, шаруашылық салаларын, кәсіпорынды, мекемені, ұйымды басқаратын адамдарды іріктеп алу ұстанымдары болады. Тоталитарлық немесе демократиялық режимдердегі елдердің басшыларының айналасына адамдарды топтастыру және оларды мемлекеттің жауапты органдары мен шаруашылық салаларын басқаруға пайдалану ұстанымдары мүлдем бөлек.

* * *

img224976_2-4_avtoritarnyiy_rezhimМешеу қоғамдардың отарлық тәуелділікке душар болуының, ал тәуелсіздік алғаннан кейін де қалыпты дамуын ұйымдастыра алмауының өзi осы тұжырымның дәлелi болып шығады. Парасатты мен кәсiпқой қудаланып, сатқын мен дилетант жиналған жерден одан басқаны күтуге болмайды. Сондықтан ондай қоғамдарда өзінің өндірісінің бағытын айқындай алмай отырған, оны дамыту технологиясын білмейтін, сондықтан ешнәрсе тындыра алмай отырған кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар ғана емес, тұтас салалар болады.

Мешеу қоғамдардың билеушiлерi мен оның айналасына жиналғандар өздерiнiң дилетанттығын соғыс кезiнде де, бейбiтшiлiк жағдайда да, халықаралық саясатта да, iшкi мәселелердi шешуде де, шаруашылық пен рухани дамудың барлық бағыттарында үнемі көрсетіп келедi.

АҚШ-ның бұрынғы президенті әке Дж. Буштың ел басқарып тұрған кезеңдегі Кеңес басшылары туралы айтқаны да тәлім аларлықтай: «Кеңес Одағы үшiн есi кiресiлi-шығасылы Брежневтiң, оның артынан жерiне жетiп отырған Андроповтың, одан кейiн әлсiз және қуатсыз Черненконың басқаруы iс жүзiнде толық тоқырау жылдары болды» [3. 23]. Осы тоқыраудың Кеңес Одағын құлатуға алып келгені белгілі.

Кеңес билігі жылдарында «болыстықты сатып алған, жалынып, бас ұрып алған» [4. 117] қазақ кадрлары ел мүддесін қорғау бағытында ұйымдасқан, белсенді әрекет ете алмады. Ұлттық мүдделерді ұжымды түрде қорғауға, түсінуге талпынған жоқ. Талпынғандарды қорғаған жоқ. Ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту төңірегінде келелі іс тындыра алмады. Ұлттық-мемлекеттік мүдделерге қатысты позициялардың бәрінде жеңілісті өз қолдарымен жасады. 80-жылдардың ортасына дейінгі кезеңде ұлт ретінде жойылуды мойындаған, «біртұтас Кеңес халқы» болуды елпеңдеп қабылдаған олар толығымен өзінікіне қарсы белсенді әрекетке көшкен, өз арасынан шыққан тегеурінді зиялы адамдарға қарсы күрес жүргізетін, отаршының қолындағы жанды  қаруына айналған болатын. «Қазақтың жауы – қазақ» болатындай ахуал осылай қалыптасқан болатын. Мәңгүрттіктің әлеуметтік сипат алуы салдарынан 80-жылдардың ортасында барлық буындардағы қазақ кадрлары ұйымдасқан күш ретінде ұлттық мемлекетті қорғау, оның келешегі үшін әлдебір саяси әрекетке бару мүмкіндігінен айырылған болатын.

Демократиялық емес қоғамдарды билеп отырғандардың әрекеттерi бұлдыр, нәтижесі тұлдыр, рухани салада iстеп отырғандарының бәрi қате, таяудағы уақытта алға жылжи қоятын нышан оларда байқалмайды. Өйткені, олар – бiр кездегi хрущевтердiң, маоцзэдундардың, сухартолардың, кимерсендердiң, брежневтердiң, асадтардың, әлиевтердiң, ниязовтардың орнына қойып кеткендерi, туыстары, сенiмдi адамдары, балалары. Олар өздерiнiң жаңаша ойлап, пәрмендi әрекеттер жасауға – метамотивацияға қабiлетсiздiгiн күн сайын көрсетiп жүр. 

Демократиялық емес қоғамдардың билеушiлерi экономикада түсіп жатқан инвестицияларды бөліске салды, перспективалы кәсіпорындарды, шикізат көздерін пара алып, арзан бағаға шетелдіктерге сатып жіберді, өнеркәсіпті өркендетуді, тауар шығаруды көздемеді, отандық тауар өндірушіні қорғамады, шетелдің сапасыз бұйымдарымен базарды толтырып қойып, қарап отырды. 

Әлеуметтік салада жұмыссыздықты көбейтті, жаңа жұмыс орнын ұйымдастырмады, бар жұмыс орнын шетелдіктерге берді, халықты кедейлетті, сонысымен әлеуметтік аурулардың асқынуына, сауатсыздыққа, пасықтыққа, мешеулікке жол берді.

Саясатта да сыбайластықты көбейтті, заңбұзушылықтың теңдесі жоқ үлгілерін көрсетті, әділ емес сайлаулар өткізді, мемлекеттік ресурстарды биліктен кетпеу үшін жұмсады, цензура орнатуға тырысты, шындықты айтқан саясатшылар мен журналистерді қудалады...

Артта қалған мешеу елдердi билеп отырғандар өздері дамуға, қоғамды дамытуға қабілетсіз, саяси және құқықтық мәдениеті төмен, жасампаздықтан аулақ, ыдыратушы және бүлдіруші күш екенін көрсетті. Оларға демократияшыл күштерді, әділеттілікті қолдайды деп есеп құруға, сенуге, үміттенуге болмайды.

Мемлекеттік биліктің ықпалды органдарында салауатты адамдардың аз болуынан, Азия мен Африканың мұнай және өзге қазба байлығы мол 44 елінің бәрінде шикізаттан түскен қаражаттың бақылаусыздығынан тамыр жайған сыбайлас жемқорлық елді алға жылжытпады, керісінше ортағасырлық былықтың батпағына жыл өткен сайын тереңірек батырды, халықты қайыршыландырды. Ол елдердің бірталайы отарлық езгіден босаған кездегі даму деңгейін жоғалтып, одан ары кері кетті. (Ескерту:  Мұнай өндірушілер ішінде демократиялық елдер де бар. Мұнай Норвегияда, АҚШ-тың Аляска штатында, Канаданың Альберто обылысында өндіріледі. Осылар сияқты, әділеттілік бар елдерде ғана мұнай кесір емес, нағыз игілік болып табылады).

Мешеу және авторитарлық елдердің жетекшілері сыбайластық және непотизм ұстанымдарымен айналасына саяси ергежейлілер мен кәсіпқой қортықтарды жинап алып, елінің алдында тұнып тұрған мәселелердің ешқайсысын оңды шеше алмады. Мұсылмандық Шығыс елдері мол табиғи және адами ресурстарға ие бола отырып, ғылымның, техниканың, технологияның жетістіктерін қолданып, дүниежүзілік тарихи-құқықтық тәжірибені ескере отырып, үздіксіз алға жылжып кету мүмкіндігі бола тұра, сол табандаған күйінен ары баспай отыр.

Бұл құбылысты «ресурстар кесірі» деп атау етек алып кеткен. Шынтуайттап келгенде, кесірдің ресурстан емес, билеушіден болып отырғанын аңғару қиынға соқпайды. Нағыз кесір мешеу қоғамдарды басқарып отырған билеуші мен оның айналасына жинаған жемқорлардан болып отырғанын аңғара алатын бұқараның да санасына саңлау түсетін күн жақындамай отыр.

* * *

Көпке белгілі бір қағида бар. Қазақтан шыққан ұлы қайраткерлердің дерліктей бәрі әулетінен белгілі, ел арасына танымал, қоғамдық қызметтер атқарған адамдар болған. Арғысы Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, Абайдың, бергісі А.Байтұрсынұлының, М.Тынышбаевтың, М.Шоқайдың ата-бабаларының бәрі сондай дәулетімен де, жұртқа ықпал ете алатын әлеуетімен де белгілі адамдар болған. Қазақ зиялыларының ішінде қарадан шыққан көрнекті қайраткерлер де бар екені рас. Солай болса да, олардың өздерінің де қаражаяу емес, өз ортасында беделді, адал еңбегімен күн көрген, жалпыға үлгі боларлықтай сындарлы сөзі мен үлгілі ісімен ел арасында сыйлы болған адамдар.

Осындай әулетті зиялылар арасынан ерекше бой көтеріп Әлихан Бөкейханов тұр. Егер бір зерттеушіге элиталық теорияның қоғамдық практикадағы көрінісі керек болса, осы Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметін алуына әбден болады. Халқына, Отанына берілгендік, солар үшін жанын пида қылып, адал қызмет етуі, пышақтың жүзіндей қатерлі, аумалы-төкпелі заманда, күн сайын өміріне қауіп төніп отырса да, ұрпағына, оның келешегіне қызмет етудің теңдесі жоқ үлгісін көрсетіп кетті.

* * *

Әдебиеттер:

  1. Машкин Н. А. История древнего Рима. - М.: 1956.

  2. Маркс К., Энгельс Ф. Немецкая идеология // Соч. Т.3. М.: 1955.

  3. Буш Дж., Скоукрофт Б. Мир стал другим. М.: 2004.

  4. Абай. Қара сөздер. Жиырма үшiншi сөз. А.: 1986.


 

Қанағат Жүкешев.


Алматы. 2016.


https://dalanews.kz/20234

https://dalanews.kz/20327

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x