Ы. Ожайұлы. «ЕСКЕНДІР» СИНДРОМЫ

Dalanews 09 қыр. 2016 12:46 281

Ә. Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған мақала

Бұрын қазақта «Алаш дегенде аттандамағанды, атаң да болсын ұрып жық» деген  түсінік бар еді. Бұл жердегі Алаш сөзі мемлекеттік мазмұнға пар киелі ұғым. Бұл бір  ұлттың  бір  ұғымға ғана ұйысып ғұмыр кешкендігін көрсететін  ғажайып сөз. Қазір осы  іргелі түсінікті  сетінету мен жентектеуге үлкен жанталастар  жүріп жатыр. Біздің  Абай мен Шәкәрім,  Мәшһүр мен Ақжан (Машани) жайлы айта беруіміздің себебі,  біз  ұлттың  ұлы құндылықтарын осы тұлғалардың көзқарасының негізінде ғана  синтездеп  үйренуге тиіспіз.  Дәлірек айтар болсақ, арғысы әл-Фараби  мен бергісі Әлиханға дейін  созылып жатқан  алыптар  керуені  біздің рухани индикаторымыз болуы керек.  Әйтпей болмайды.  Тұлғалар сүзгісінен өтпеген  таным ұлт үшін ең  қауіпті таным.  Бұл шағын ғана  дүниеміз  осы ниетпен   жазылып отыр.  Біз Абай мен Шәкәрім  идеясын алға сала отырып, бүгінгі  бұзылған түсініктерімізге  аз-кем  барлау жасадық.  Жетпеген жері мен кеткен қателігі  болса ғафу етерсіз, құрметті оқырман қауым.

[caption id="attachment_19823" align="alignright" width="240"]8bddbbaf27f918a65f23dd59c9b73f03_big Әлихан Бөкейхан[/caption]

«Мазлұм» мәселесі

(мақалаға  кіріспе)

 Қазақта «Халық – Жаратушының бір есімі» деген сөз бар.  Расында, Жаббар иенің 99 есімінің  бірі осы есіммен (Әл Халиқ  деп)  аталатыны мәлім. Бұл сөздің  танымдық  мәні қандай?  Тарихтан тәбәрікке жеткен  осы бір ұғымның салмағын  Абай хакім   бүй  деп  саралаған екен.

 

Мазлұмға жаның ашып ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

 

Бұл жердегі «мазлұм» сөзі зұлымдық пен жәбірге ұшыраған жан иесі турасында. Өлеңнен  түсінгеніміз: қиянатқа  ұшыраған адамға барынша ара түсіп, болысып бақ. Себебі, аурудың көңілі мен аштың тілегінде Құдайдың хақысы бар.

Өлеңнің екінші жолына қарай ойысар болсақ, мұнда  көпшілік  қамы  жайында айтылады: әрбір әрекетіңнің  пайдасын  көпшілік  көрер  болсын,  халқыңның  жағында  бол дейді  хакім.  Расында, адам  жан дүниесі осыны толыққанды  түсінгенде ғана   жұпарлана  түспек. Алла мен  адам арасындағы  қатынасты  құлып пен  кілт  тәрізді десек,  ендеше оның бірінсіз бірінің  мәні  болмақ емес. Адамзат үшін  Алланың  құлпы (сыры)   адамдыққа  жеткенде  ғана ашылады. Кісілік   кемерінің  ең  биігі кісіге  жақсылық  жасау  десек, Алланы тану дегеніміз  адамзатқа  қызмет ету  деп  пайымдасақ та болады. Ардақты  Шәкәрімнің  «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» идеясынан да   осы бір ой ұшығының   мөлдірейтіні   сол. Өлеңнің үшінші әм  соңғы жолдары ортаға  салынған осы бір  мәселені одан әрмен үстей түсіп, мынадай бәтуаға бекиді: «Жамиғат  қамы –жаратқан қамы. Адамды  сүйгенді  Алланың  өзі сүйеді»  дейді. БІЗ  БҰЛ  ОЙДАН  ҚҰДАЙҒА  ҚҰЛШЫЛЫҚ  ЕТУДІҢ  ЕҢ  ТӨРЕСІ ХАЛҚЫҢА  ҚЫЗМЕТ ЕТУ  ЕКЕНДІГІН,  ЖАРАТҚАННЫҢ  ХОШЫ  МЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ  БӨЛЕНУДІҢ  БАСТЫ  ЖОЛЫ  ҚАРАША КӨҢІЛІМЕН ҒАНА БОЛАТЫНЫН БАҒАМДАЙМЫЗ.

Ендеше,  бір  шумақ өлеңнен сүзіліп шыққан гауһардай ойдың түйіні: халқына  шет болғанның  құдайдың да мейірімінен  құралақан  қалатыны анық болғаны ғой...

 

Хан мен қараша

 Жасыратыны  жоқ, жоғарыдағы  өлеңді  талдаудағы бар  мақсатымыз мынау.  Бұрнағы қазақ өмірінде  бұл  тұжырым бұзылмас дәстүр  мен бұлжымас қағида  болатын. «Халықты құдайдың бір есімі» деп  білетін  қазақ   үшін, хан қарашаның қызметкері ғана-тұғын.  Қайталап айтамыз, тек қызметкері  еді.

Ескі жазбаларымызбен  этнографиямызға  назар  салсаңыз, бұл  ойымыздың айдай  анық  екендігіне  тағы бір   көз  жеткізген  болар  едіңіз. Хан  халықтың ықпалында болғандығын,  ханға  қарасты он өлеңнің тоғызы оған сын мақсатында  айтылып жатса, мұны басқалай қалай  деп тұжырымдауға болады. Осы орайда мына бір мәселені де айрықша айтқымыз келеді. Бұл біздің  дін мен ділдің өзара айырмашылығын  парықтай алмауымыз дер едік. Жасыратыны жоқ,  қазақ топырағына ислам дінімен бірге араб танымы қоса сіңді.  Мәселен, араб пен  еврей  жұртының өмірбақи  бірімен-бірі жауласып  келе  жатқандығы бәрімізге  мәлім. Қай ел болмасын қарсылас дұшпанын тек жағымсыз  бейнеде ғана сомдайтыны анық. Кейін ол жаппай тарихи, я болмаса әдеби танымға айналып ел есінде бекіп қалады.  Ендеше анау  айдалада жатқан еврейді  қазақтың жау көріп, оған өшпенділікпен қарауының нендей себебі бар.
Жасыратыны жоқ,  қазақ топырағына ислам дінімен бірге араб танымы қоса сіңді.  Мәселен, араб пен  еврей  жұртының өмірбақи  бірімен-бірі жауласып  келе  жатқандығы бәрімізге  мәлім. Қай ел болмасын қарсылас дұшпанын тек жағымсыз  бейнеде ғана сомдайтыны анық. Кейін ол жаппай тарихи, я болмаса әдеби танымға айналып ел есінде бекіп қалады.  Ендеше анау  айдалада жатқан еврейді  қазақтың жау көріп, оған өшпенділікпен қарауының нендей себебі бар

(Мұны базбіреулер Құраннан келген бұйрық дер. Алланың мақсаты – ұлт пен ұлысты қарсы қою болса, «Адамзаттың бәрін сүй» идеясы  қайдан шығады сонда?). Себеп, санамызға араб  салт-санасының дінмен қоса сіңісіп кетуінде ғана.  Арабтың  дін қарындас  түрік  жұртына да алабөтен қарауының астарында  кешегі Осман империясынан қалған «салқындық»  жатыр. Сол секілді қазақтың  хан  мен қараша арасындағы  дербес   қатынасының  бұзылуына осы бір  елден жұққан  салт-сананың тигізген  әсері мол (Мұны Алла жеткірсе, алдағы  уақыттарда  кеңінен  толғап  жазатын болғандықтан осы жерден тізгін  тартамыз).

Біз әншейінде бір  мәселелер шетінде «Бабалар жолы – басты мұратымыз» деп  ұрандата жөнелеміз. Сөйтеміз де, бәрін  керісінше  жасаймыз. Зайырлы  қоғам заңдылықтарын батыстан  іздеген  «данышпандарымызға»  мына  бір  жайға қайыра  қарауды  қатаң ұсынамыз. Тұран  топырағында  салтанат  құрған   демократияның  жарқын  үлгілері  болып саналатын   «дат»,   «ханталапай», «ханталақ»,   «қазы» (...Ашулансаң Абылай, көтеріп қазға салармын. Бұқар) секілді  көптеген   ұғымдарымыздың танымдық  табиғатына  тереңірек бойласа дейміз (Мұны  өзгелермен  салыстыра  отырып,   жіті   зерделеуді  заңгерлеріміз  бен тарихшыларымыздың,  сондай-ақ саясаттанушыларымыздың арына  аманат етеміз).

Сонымен жоғарыдағы ұғымға  қайыра оралып,  оның қалайша транцформацияға  түскендігі жайында қысқалай сөз  түйіндей кетейік. Дала дәстүрінің  түсінігіне  мүлде жат, адамнан (дұрысы  патшадан)   ақиқат  жасап,  оған  бас  шұлғыту  тәсілінің орнығуына орыс отаршылдығының қосқан үлесі мол. Тәжірибе  көрсеткендей,  төл түсінікті  талқан  етудің ең бір төте жолы –  сенім  мәселесі  екендігі сөзсіз.  Ал оның қайнар  бастауының діннен  тамыр тартатыны тағы да белгілі.

II Екатерина патшайым тұсында, миладидің 1785 жылының қарашасында қабылдаған  жарлық құжатта: «...қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп, бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүргізсін. Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріліп тұрсын» деп  жазылған екен. Осылайша «указный молда» мандатын иемденіп,  дін атын жамылған осы  жандардың негізгі мақсаты отаршылдық идеясын одан әрі  жүргізу  еді.   Жоғарыдағы жарлықта көрсетілгендей, патшаға қатысты жағымпаздану мен жарамсақтанудың неше алуан тәсілдерін  ойлап тауып, күн ұзақ ақ патшаға алғыс айту мен салауат жаудыру бұлардың ең негізгі  жұмысы-тұғын. Сол секілді қасиетті Құран мен хадистің  кей  ұғымдарын басқалай бұрмалап, қазақ социумының санасына басшыдан сескену мен қорқуды орнықтырған да осы  «шіркіндер» еді. Содан бері қария тарих  дөңгелегі  үш ғасырға  аунаса да  осы  «салқынның»  салдары, күні бүгінге дейін мешіт  мұнараларынан  әуелеген  шариғат  уағыздарынан жиі-жиі  байқалып қалады.  Ел экономикасы мен әлемдік саясатты «патшаның амандығымен» түсіндіруге  тырысқан ескі   методиканың қай ғасырдың  қаңсығы екендігін сау адам   санасы бірден саралай  алады.

XXI ғасырда   прогрессивті  ойлауды  толығымен  тежеп,  халықты «мұндай  өтіріктердің» жөргегінде тербеу  дегеніміз шынымен, ұят  тегі. Айтпақшы, биылғы жер саудасы  науқанында  молда-қаралардың   қасиетті  дінді көрінген жерге көлегейлеген әрекеттері бұған тағы бір көзімізді жеткізді. Адам зәузәтінің арғы тегі топырақ десек, жер  мәселесі  жан мен қан, ұлт пен ұрпақ мәселесі  ғой. Тіріде  түтініңді  түтетер, өлсең  денеңді дамылдатар тірегіңді  сату дегенің, расымен-ақ  ақылға  томпақ  нәрсе. Мұны  айрықша айтып отырған себебіміз, осы бір жайт хан мен қараша арасының тым алыстап кеткендігін, жоғарыдағы таным түсінігімізді қаншалықты табан асты  қылғанымызды түсіндіріп берген үлкен бір оқиға болды.

 

[caption id="attachment_19824" align="alignleft" width="327"]1e317af4913903d472db186ca8e89557 Абай портреті[/caption]

«Ескендір»  синдромы

(немесе нәпсі ішіндегі хал)

 Біздің  түсінігімізде шәкірт атаулы ұстаз  ұстанымын әрі  қарай  жалғастырушы мұрагер секілді. Кейде осы қағиданың  бұзылып, басқалай бағдар  тартып кететіні тағы да бар. Абай өзіне  пір  тұтқан Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз іспетті алыптар шоғырының  көзқарасынан  бөлек, жекелей жол таңдаған  айрықша  тұлға. Бұған  мына бір деректі  келтірсек те болады. Төбедегі  аты аталған  ұстаздарының дені  Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып  әкетсе, Абай керісінше жазған.  Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы  тарихи  деректілікке  емес, танымдық  қабаттарға құрып, адам болмысының  мәнін  іздейді. Міне, біз  қаузамақ мәселенің  төркіні де осы.
Төбедегі  аты аталған  ұстаздарының дені  Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып  әкетсе, Абай керісінше жазған.  Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы  тарихи  деректілікке  емес, танымдық  қабаттарға құрып, адам болмысының  мәнін  іздейді.

Аңдаған адамға Абай  жазған Ескендірдің «соғысы»  жұмыр жер үстіндегі майдан емес,  адам  болмысының  ішіндегі нәпсімен  күрес. Қайыра айтайық,  бұған сыртқы ортаның  титтей  де қатысы  жоқ.

Мұны  хакімнің өз пәлсапасымен  пайымдар  болсақ, «махаббат пен ғадауаттың» бітіспес майданы  ғана.

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары оған мекен.

Филип патша баласы ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

Өлеңнің алғашқы жолдары билеушінің  автобиографиясынан  ақпар берсе, соңғы жолы  оның «мақтансүйгіштігі»  мен «қызғаншақтығына» қатысты. Міне, гәптің бәрі осында жатыр. Осы екі феномен (мақтан мен қызғаныш) оқиғаның ең  негізгі қозғаушы күші десек те  болады. Абайға салсақ,  адам  тақылетінің тумысында бар «бұл екеудің»  кісіге  тигізер кесепаты мен жемірлігі жеті басты айдаһардан да күшті. Ал,  ол жекелей  кісінің ғана  емес, дүйім жанды билеген  патшаның  бойынан  табылса ше? Әрине, ойлаудың өзі қорқынышты. Десек те  мұның көпке келтіре қоярдай соншалықты зияны жоқ.  Неге дейсіз ғой? Көп көнгіш, ол сондығымен де  тобыр. Оның бір нәрсеге  бейімделгіштігі  сондай, кім билесін соның іс-әрекетіне  қарай  икемделе береді.

Хакімнің

«...Сол күнде хошаметші айтады екен:

Ханның ханы, патшаның патшасы деп» отырғаны да  сол. Бұл тенденция  жұмыр жер  бетіндегі исі  тобырдың табиғатына тән нәрсе  десек, қателесе қоймаспыз. Әйгілі жапон жазушысы Р. Акутагава өзінің  бір  әңгімесінде патшаның пар  өгіз  жеккен   күймесінің бір шаруаны  қағып кететіні  жайында жазады. Сонда әлгі  бейбақтың «осы бір  аса бақытты  сәтті» тағдырына жазған Тәңіріне  жылап алғыс айтатыны бар.  Міне,  тобырлық таным дегеніміз –  осы. Бүгінде сіз  бенен  біз Абай мен Акутагаваның бұл  мысалынан қаншалықты айырмашылық көріп отырмыз. Аумаған  өз халіміз  ғой...

Қазақ дүниетанымындағы «әбілхаят» немесе «мықан ағашы»  іспетті ұғымдардың негізгі мәні мәңгілік өмірге  қатысты. Құрандағы Қызыр мен Мұса ғалиһсәләмнің өлі балық  тірілетін  су жағасында  жолығуы да  осыны меңзейді.  Осы бір жырдан жырға, аңыздан аңызға  ауысып жүре беретін көшпелі  мотив Ескендір поэмасында да ұшырасады.

«...Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға  балықты алды бір жудырып.

Исі, дәмі өзгеше болып кетті,

Таң қалды мұның бәрін суға жорып...».

Дәстүлі  түсінікке  салып пайымдар болсақ,  бұл  жердегі  «балық» ұғымы мәңгіліктің  мәні туралы.  Сонда адамның мәңгілікке  өмір сүруге құзіреті бар  ма өзі? Шәкәрімге салсақ: «Нәпсісін жеңген адам мәңгілік, оған  ешбір  өлім  жоқ» дейді. Халқымыздың  енді бір  ұғымында мәңгілік пәлсапасы бақиға  тиесілі. Қазақтың бақи  ұғымының  алдына мәңгі сөзін қосақтап «мәңгібақи» деп сөз  саптауы да осыны  меңзейді. Қысқасы, тұмса  түсініктің  шүңет ұғымдарының астарында «өмірдің мәнін» іздеу сұрағының  жасырылып тұрғандығы   аян.

«...Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,

 Судың басы бір құзар шатқа кірді.


 Шаттың ауызын бекіткен алтын қорған,


 Қақпасын бекітулі көзі көрді...»


Қазыналы алтын қорғанды Алланың хикметі  десек, бұл жердегі «қақпа»  кәдімгі  физикалық қақпа емес, танымдық  мәселе  ғой.  Пенденің көкірек көзін  шелмен көмкерген  кәдімгі қара қақпа. «Жүректің  көзіне» қойылған осы бір  қақпа  аузындағы құлыптың   атауы   «мақтан» мен  «қызғаныш» екендігі  даусыз.

«...Қақпаның ар жағынан біреу келді,

Күзетшісі сол екен дыбыс берді.

Қақпаны саған ашар рұхсат жоқ

Бұл – құдайға бастайтын қақпа деді...».

Данышпан  жасырған жұмбақтың  құпиясы ептеп сетінейін деді.   Поэманың  барлық  шумағын талдап отыру  біздің негізгі  міндетіміз емес.

Бір нәрсені  анық дейміз. Ол Аллаға апарар жолдың адам кеудесіндегі  қақпаның  ашылуымен тікелей  байланыста екендігі ғана.

 

[caption id="attachment_19825" align="alignright" width="215"]watermarked-965968_10152915348220599_348386574_o-550x735 Шәкәрім қажы[/caption]

«От емес қой дозақ та»

 Қазақ дін қайраткерлерінің рухани ұстазы болған, ғұлама ғалым  Имам Ғазали өзінің «Ихия» атты еңбегінде: «Біз  үмбетіміздің деңгейіне (ақыл дәрежесіне) қарай сөйлеуге бұйырылдық» деген  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисін келтіреді. Бұл  ойға түсіндірме жасамас бұрын  мына бір  жанама  мысалға да  назар аудара кетелік.  Кешегі қызыл қырғынның  құрбаны болған алаштың жас  арыстаны Смағұл Сәдуақасов: «Біздің қазақ теориялық тұжырымдарды түсінбейді. Оған көз алдында көріп тұрған  қойы, киізі, арбасы туралы айтсаң ғана ұғады», – дейді. Біз бұдан жас Смағұлдың халқына қаншалықты жақын болғандығын, кез келген жаңа идеяны ұлттың болмысы мен таным түсінігіне сай тәсілдермен ұғындырмаққа талаптанғанын көреміз.  Жоғарыдағы  пайғамбар сөзі де  дәл осы  мақсатта  айтылып тұр. Үмбеті небір нәрсені түсіндіру үшін олардың танымына тән өлшемдерге  өткендігін, жаратушы тарапынан солай бұйырылғандығын да аңғаруымызға болады. Бұл жерде  нәбидің ғұмыр кешкен уақытының  бізден  аттай 1400 жыл бұрын екендігін де есте ұстағанымыз абзал. Сондықтан қасиетті Құран Кәрімде айтылатын «жұмақ», «тозақ» ұғымдары мен  пайғамбар хадистерінде  келетін «дәжжәл,  «мәді», «иса», «яжүж», «мажүж» секілді  күрделі  идеялар сол кезгі адамдардың қабылдауына лайық  мысалдары мен түсіндірілгені анық. Ендеше осы жағдайларды  еш ескерместен,  Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін тура мағынасында қабылдауға бола ма екен?! Әлбетте, болмайды дейміз. Міне, осындай мүгедек таным  «молдалыққа» қарсы  болған  ойшылдың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.

«...Молдеке-ау, олай емес қой,

Қыз құшып жеміс, жемес қой.

Мысалмен айтқан кеңес қой,

Тәпсірлеуге миың тар...».

«Бейісте бар сұлу жар» деп  аталатын осы  өлеңінде  Шәкәрім пейіштегі хор қызы  туралы  түсінікке  қарсы шығады. Не нәрсені болсын ақылына салып  саралайтын  данышпанның мұны қабылдай алмауының мынадай да себептері бар  ма деген ойдамыз.  Біріншіден, адамның «қыз құшу» үшін  денесі, дұрысы нәпсісі болуы шарт.  Ал  нәпсісі  болған жерде  күнә мен қиянаттың  болмай  қоймайтыны тағы да анық (Бұған  мысал  ретінде Адам ата мен Хауа ананың  жұмақтан қуылу хикаясын  есіңізге түсірсеңіз болады). Жүгірген аң мен ұшқан құсты торға түсірген «тамақ» екендігін ескерер болсақ, періштенің  күнәдан пәк болуының себебі нәпсіден шет болғандығында  ғой.

Екіншіден,  біздің бар мақсатымыз  алтын шатырлы  биік  үйлерде тұрып,  хор қызын  құшпақ,  «жұмақ»  үшін  ғана  жаратқанға жалбарынған болсақ, мұнымыз енді таза «саудагерлік»  қой (Мұның  пәнилік тіршіліктегі тән қалауынан нендей айырмашылығы бар). Нәпсінің торына шырмалған мұндай материалдық санамен  жаратқанға жақындау  дегеніміз еш мүмкін емес. Міне,  Шәкәрім идеясының  шындығы  осы.

«...От емес қой дозақ та,

Дүние ісі жоқ о жақта.

Барамыз ғой қонаққа,

Сонда анықтап байқалар...».

Біз тақырыпқа шығарып отырған осы өлеңнің алғашқы жолында үлкен мәселе тұр. Жалпақ тілге жатқызып айтар болсақ,  «Дозақ дегеніміз от емес» дейді Шәкәрім. Сонда әлгі молдалардың «Ойбай, ертең тозақта адамды лапылдатып жандырады екен» деген лепесі қайда қалды?

Шәкәрім қолданып отырған  бұл жердегі «от» мәселесі «мораль» ұғымы. Моральдық қиналысты тіл суреттеп беруге  дәрменсіз болғандықтан,  мұны адам елестете алатындай  мысалдармен бейнелеп беріп отыр. Айталық, адам ауырғанда аурудың қиындығын тілмен жеткізу еш мүмкін емес.Мұны бейнелеп «денесі оттай жанып тұр екен, я болмаса мұздай болып қатып қалыпты» деген метафора тәсілдері  арқылы ғана  түсіндіруге болады. Мұның  бәрі  «мысалмен айтқан кеңес қой», әттең, осыны  түсінуге «миың тар» дейді қажы.

Ендеше, моральдық азап дегеніміз  – АР мен ҰЖДАННЫҢ соты екен.

Медицина ғылымының атасы, әйгілі ғалым  Ибн Сина өзінің «Руһ» атты еңбегінде осы ойымызды қуаттап: «Ақыретте адамның денесі болмайды, жанаттың рахаты мен тозақтың азабын дене емес, жан тартады» дейді.

Пайғамбар  хадистерінде келетін кей  ұғымдардың астарлы мәні бар екендігін, ол бейнелі мысал тілінде  берілген  идея екендігін  жоғарыда  айтқан болатынбыз. Мәселен, «дәжжәл» ұғымын ғаламтор   десек, «күннің  батыстан шығуы», ғылымның Еуропаға (батысқа) ауысуы  болуы бек мүмкін. Мұны айтып отырған себебіміз әбжат ғылымының білгірі, ғұлама ғалым Ақжан Машани: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде айтқан екен: «Білімді мейлі, ол Қытайда болсын меңгеріңдер. Себебі, білімді болу әр мұсылман үшін міндетті». Пайғамбар (с.ғ.с.) осы сөзіне ой жүгіртіп талдап көрелік. Бұл жердегі «Қытай» (СИН) дегенді өз мәнінде қабылдауға бола ма? Бұл сөз тұспалдау болса керек. Енді әбжат кестесін пайдаланып, сандық мәнін анықтайық. С-90, И-10, Н-50 жиыны болады 150 немесе 100+50. Енді осы екі санның әріптік баламасын аламыз. 100-Қ (қаф) Н-50 (нун). Араб тілінде ҚН, оқылуы «қаннун» (каннон) – заң, мөлшер деген сөз. Демек, «қытайдан үйрен» деп отырған  ұғымды қаф пен нун – Тәңірдің заңын үйреніп,  Алланың жолымен  жүру деп  түсінуіміз керек», – дейді. Міне, біздің  не нәрсені болсын тура түсініп, келте пайым жасауымыздың мәні интерпретацияның,  Шәкәрімше айтсақ, тәпсірдің  жоқтығынан екен. Соның кесірінен  ислам әлемі  бүгіндері мәдениет пен өркениет ошағы ретінде толық  тоқырап, тек дін  ретінде  ғана өз функциясын атқарып отыр.

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,

Дін десе, тұра қашты ер азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде,

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.

Уақыт тозаңына көмілген осы  түсінігімізді желдетіп,  көңіл көзімізді  бітеген бұл «таттан»  біздерді  кім тазартар екен? Әлде, «аспандағы жұлдыздың ағуын Алланың шайтанды қуалаған тасы»  деген  тасыр  түсінікпен  отыра берейік пе?

 

Түземдік элита

 I

Отарлаушы ел  өзінің   стратегиялық мақсатын  жүзеге асыру  үшін ең алдымен  жергілікті  (яғни отарланушы)  елдегі  кадр  саясатын толыққанды шешіп  алуы  керек.  XIX ғасырда  қазақ топырағында таған тіктеген оқу  орындары осы мақсатта  бой көтерген болатын.

 

«Интернатта оқып жүр

                                                Талай қазақ баласы –

   Жаңа өспірім, көкөрім,

                                                Бейне қолдың саласы.

Балам закон білді деп

                                                Қуанар ата-анасы.

Ойында жоқ олардың

                                                Шариғатқа шаласы,

                                              ...Я тілмаш, я адвокат

                                                Болсам деген бәрінде ой,

                                                Көңілінде жоқ санасы...».

 

Абайдың  осы өлеңіндегі үрейі мен  алаңы  негізсіз емес  еді.  Қазақ баласын  ұлт қайнарынан  қара  үздіріп,  орыс танымында тәрбиелеу – интернаттың ең басты мақсаты-тұғын. Осылардың ішінен қазаққа келгенде қатыбас, ештеңеден  тайсалмайтын аярларын арнайы сұрыптап алып,  қолдарына билік беріп, ел ісіне  жұмылдырып отыруды да отаршылдар ұмыт қалдырған жоқ. Осы топ  тарихта «түземдік  элита» деп аталады.  Мұны  белгілі тарихшы С.Мәшімбаев та өз еңбегінде атап өткен болатын. Ал қазақ арасында бұлар  аса  аусар  әм қатыгез қылығымен  көбірек көзге  түскендігінен  болса керек, ел  есінде «теріс оқығандар»  деген атқа ие  болды. Әріден таған тартқан осы бір идеядан қазақ халқы бір кісідей көрешек  көрді. Манағы Абай алаңдаған  «Көңілінде жоқ санасы» кемістігі көп нәрсеге  көз  жеткізіп  тұрған екен. Расында, ақынның айтқаны айдай  келді.  Шолақ белсенділердің бұл  әрекетінен  исі қазақ баласы  азап  шегіп,  алаш даласы ақ сөңке сүйекке боялып қалды.

 

II

 Бірде бір топ ұстаздар қауымы шай ішіп,  жайланып  отырмыз. Әңгіме ауаны төрт жылда бір ауысатын басшылыққа  қарай ауысты. Ендігі басшымыздың  кім және оның қандай  болмағы біраз талқыға  түсті. Менде тыныш отыра алмай, «ана бір ағамыздың  ғалымдығынан бөлек елшілігі мен мейірбандығы қандай, орынтаққа осы адам  лайық» дедім. «Жоқ» деді қапталда отырған әріптесім жұлып алғандай, «ол тым қазақы, болмайды» деді. «Рас» деді келесі әріптесім де әлгінің сөзін қоштап, «бұл  адамыңыз «тым жұмсақ», жарамайды» деді. «Сонда қандай болу керек» дедім мен де  қарымта  сұраққа көшіп. «Анау кісінің болғандығы дұрыс» деді үшінші әріптесім. «Өзінің орысшасы қандай,  патшамен де қарым-қатынасы жаман емес,  тым пысық  адам» деді ағынан жарылып. Осының сөзін жөн  көргендей бәріміз  де  бас изесіп  орынымыздан  тұрдық.

Мен осы әңгімеден кейін бұл қазақтың кісіні бағалау өлшемдерінің баяғыда-ақ басқа арнаға түсіп кеткендігін түсіндім. Түсіндім де тұтас бір ұлттың ілкідегі «түземдік элита» инерциясымен  өмір сүріп жатқандығын, қазіргі қазақ билігінің пәлсапасы да дәл осы формула тәсілімен басқарылып отырғандығын  сезіндім.

 

P.S. Қазір қазақияда кезек күттірместен қолға алынуға тиіс шаруа, мемлекет билігін жаппай шырмауықша жайлаған Ұлтанқұлдарды Алпамыстармен (ұлт зиялысымен) ауыстыру саясаты дер едік. Мұны бейне бір  рухани реформа деп атасақ та болады.  Неге дейсіз  ғой?

Себебі, тұлға көрмеген елдің танымы төмендегідей шекке дейін құлдырап, көпсөзділік пен көзбояушылық орын алады. Ондай  елде ұлттық идея да,  ұлы мұрат та болмайды. Тек бір адамның көңіл күйіне құрылған «құлдық қызмет» қана болады.

«Адамды құдай жаратады, қоғам өсіреді» деген бір тәмсіл бар.

Біз бұған идеология – ӘКЕ болса, ақпарат –ШЕШЕ,  ал адам санасы осы екеуінің төл перзенті деген ой  қосқан  болар едік. Ендеше,  әңгіме төркіні қазақ қоғамымен оның  «ата-анасының»  ақуалы жайында болып отыр ғой.

k2_0Біз кімбіз,  қандай  қоғам  құрдық,  санамыздың  салауаты қандай?

Міне, біз бұл  сауалдарға  қағаздағы Қазақстан туралы ғажайып ертегілермен емес, қара жер үстіндегі өз өміріміздің  шындығы мен жауап қатсақ жөн  болар еді...

Ықылас Ожайұлы,


ақын, журналист, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x