Қазақ қайтсе байиды?

Dalanews 20 нау. 2015 05:31 345

[caption id="attachment_9795" align="alignright" width="233"]Ахметбек Нұрсила Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила ұлымен бірге. Жеке мұрағатынан алынған.[/caption]

Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила көптен бері «Сапалы қазақ» идеясын дәріптеп жүр. Қазақ кәсіп игерсін, бизнеспен айналыссын дейді. Қазақ байымай, өзгемен терезесі тең ел бола алмаймыз дегенді де әлеуметтік желілерде жиі айтып жүр. Сондай-ақ, жастарды бизнесті бастауға баулып, арнайы тренингтер өткізуді де қолға алғалы жатыр. Біз ойда жүрген сауалға қысқаша жауап беруін сұраған едік.

 – "Сапалы қазақ" идеясын ұсынып жүргеніңізді білеміз. Сіздіңше, Сапалы қазақ болу үшін қазақ не істеуі керек? Қандай шарт-жағдай керек?

–Бұны Ахмет Байтұрсын атамыз кезінде нақтылап тұрып айтып кетті ғой. «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы  керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген еді Ахаң. Бұл сөздер әлі де өзекті деп ойлаймын. Менікі сол Ахаңды қайталау, жаңғырту да қал-қадарым келгенше.

– Сауда жасау қолымыздан келмейді,  ол біздің қазаққа қол емес деген түсінік бар. Мұндай ұғымды қалай өзгертуге болады?

– Бұл ұғым, меніңше, кейінгі жылдары түбегейлі өзгерді. Тек қанға сіңген ата кәсіп болмаған соң, соны толық меңгеріп, жеті атасынан саудагер халықпен бәсекелесе алмай жатқанымыз болмаса.

[caption id="attachment_9796" align="alignleft" width="448"]Ахметбек 2000 жыл. Президент Н. Назарбаев кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың жеке фабрикасына келген сәт. Сурет фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды[/caption]

– Сіз бизнесс-тренинг ұйымдастыруды қолға алып жүрсіз. Бұл қадамға баруыңызға не түрткі болды?

– Ең сорлы қазақ күніне екі адамға ақыл айтады (күледі).  Мен өзімді сорлы қазақ деп санамаймын, сондықтан күніне 5-6 адамға ақыл айтпасам, ішім кеуіп тұрады (күледі). Шынына келсем, мен бала кезімде журналист болсам деп армандаушы едім. Содан кейін мен басқа адамдарға бір күрделі нәрселерді мысалмен оңай, тез қабылдайтын қылып түсіндіре алатын қабілетім бар екенін түсіндім және оның маған ұнайтынын да білдім. Ал одан басқа халыққа пайда келіп жатса, олар маған рахметін айтып, ақша төлеп жатса, мен одан неге қашуым керек.

– Бизнес-тренинг өткізетін шетелдіктер елімізге қымбат бағамен келіп кетеді. Кейбірі алаяқ, ақша табуды ғана ойлайтын жандар екенін артынан біліп жатамыз. Мұндай үрдістің қазақы ортада аз болуының себебі неде?

– Бізде бизнестің ұңғыл-шұңғылын ұстаздық деңгейде жетік білетін маман жетіспейді. Бұл саланы керек етіп, осыны табыс көзіне айналдырып жүрген қазақтар жоқтың қасы. Бірте-бірте бұл да түзелер, қалыпқа түсер деген үміт бар. Оқығанның бәрі педагог бола алмайтыны сияқты, бизнесменнің бәрі үйретуші, жол нұсқаушы бола алмайды.

– Мен белгілі бір бизнесті бастау үшін алдымен неге көңіл бөлуім керек? Бизнесті бастау үшін ең қажетті үш кеңес айтсаңыз.

– Дұрыс сала (ниша, іс, тақырып) таңдап алуыңыз керек. Оның болашағы болатынына нық сенім болу керек.

Өзіңіз қыр-сырын жетік білетін іспен айналысуыңыз керек.

Осы іс сізге тек қана ақшалай пайда емес, жүрегіңізге де жақын, ұнауы маңызды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x