Back
| DalaNews

МАҢҒЫСТАУДА ҚЫТАЙ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ТРЕНДКЕ АЙНАЛДЫ

Қазақ жерінде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың жергілікті халықты жұмыспен қамтып, Қазақстанда өндірілген өнім түрлерін тұтынуы маңызды мәселелердің біріне айналғанына біраз жылдың жүзі болды. Осы бір қарапайым талапты орындатуда құзырлы орындардың дәрменсіздік танытып жүргені жасырын емес. Еліміздің әр аймағында түрлі шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Онда сырттан келген жұмысшылар жергілікті кадрларға қарағанда жоғары айлық алатынын да білеміз. Енді бұл аз болғандай, жергілікті халық олардың тілін меңгеруі қажет болыпты. Маңғыстау облысындағы бірқатар колледждер болашақта аймақтағы қытай компанияларында жұмыс істеуді армандайтын қазақ жастарына қытай тілін үйрете бастапты.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында жастарды түрлі кәсіптік мамандықтарға баулитын 24 колледж бар. Оның 14-і мемлекеттік колледждер. Таяуда Маңғыстау облысы әкімнің орынбасары Шолпан Ілмуханбетова аймақта Қытай компанияларының артуына байланысты үш бірдей колледж жастарға қытай тілін үйрете бастағанын еш қымсынбастан, қатардағы жаңалық ретінде дүйім жұртқа жария етті. Білдей облыс әкімінің орынбасары бұл мәселеге қандайда бір реакция танытпауын қалай түсінуге болады? Әдетте оңын-солын аңдап басатын шенеуніктер мұндай мәселелерді жасырып қалушы еді. Осылайша Шолпан ханым қазақ тілі, ұлт мүддесі сынды маңызды мәселелерге бей-жай қарайтынын байқатып алды. Әкімнің орынбасары аймақтағы колледждерде білім алушы жастардың 53 пайызы техникалық бағытты таңдап, мұнай-газ секторында жұмыс істеуді армандайтынын алға тартты. Сондай-ақ, Маңғыстауда көптеген колледждер қосымша ағылшын тілін оқыта бастапты. Ал «замануи маман» даярлауға бет бұрған Маңғыстаудағы туризм, гуманитариалық және политехникалық колледждер қазақ жастарына қытай тілін үйретуге күш салып жатқанын әкімнің орынбасары мәлімдеді. Осылайша маңғыстаулық жастар арасында қытай тілін меңгеріп, Қытайдың мұнай компанияларына жұмысқа тұру трендке айналыпты. Әрине, тіл білгеннің айыбы жоқ . Бірақ өз жерімізде тұрып, шетелдік компанияларға қызметке (қара жұмыс деген дұрыс шығар) тұру үшін жастарымыздың бөтен елдің тілін меңгеруге ұмтылып жатқаны кез келген ұлтжанды азаматтың ашу-ызасын туғызса керек. Қазақ жерінің ен байлығына ауыз салған шетелдік компаниялардың қызметкерлері неге қазақ тілін меңгеруге күш салмайды? Инвесторлардың алдында жалтақтаудан арланбайтын, табанының бүрі жоқ шенеуніктер тұрғанда оларға мұндай талап қою мүмкін емес екенін де түсінесің. Жергілікті жердегі атқамінерлер мен білім саласына жауапты шенеуніктер осыған жол берген соң, жақсы жұмыс пен жоғары жалақыны армандаған жастарға қалайша ақыл айтуға болады.

Осылайша маңғыстаулық жастар арасында қытай тілін меңгеріп, Қытайдың мұнай компанияларына жұмысқа тұру трендке айналыпты. Әрине, тіл білгеннің айыбы жоқ . Бірақ өз жерімізде тұрып, шетелдік компанияларға қызметке (қара жұмыс деген дұрыс шығар) тұру үшін жастарымыздың бөтен елдің тілін меңгеруге ұмтылып жатқаны кез келген ұлтжанды азаматтың ашу-ызасын туғызса керек.

Енді мәселені суық ақылмен байыптап көрсек. Шынтуайтына келгенде кәсіптік білім беретін колледждерде жастарға қытай тілін үйрету мүмкін емес. Тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түскен жастар үш жылда кәсіптік мамандығын игеріп кетсе, соның өзі үлкен олжа. Енді жастардың басын қатырып, қытай тілін үйретуге бет бұрған Маңғыстаудағы колледждер мамандығын толық игермеген жартыкеш мамандар даярлап шығаратынын ішіміз сезіп отыр. Колледжде қытай тілін үйрету ақылға сыйымсыз іс. Тіптен сол Маңғыстаудың маң даласында қытай тілін үйрететін маманның табыла қоюы да екіталай. Сонда мұндай мақтангершілік инвесторларға жағыну үшін қажет пе? Қытайлық компаниялардың жергілікті колледждерге мұндай талап қоймағаны да анық. Шамасы бұл колледждердің бәсекеге толы мына заманда студент тартып, қарапайым халықтың ақшасын қалтаға басып қалу үшін ойлап тапқан амалы екенін байқайсың. Ал жергілікті билік орындары болса еш ойланбастан бұған жол беріп отыр. Бұдан басқа Білім және ғылым министрлігінің білім беру стандарттарына аймақтағы колледждердің пысқырып та қарамайтынын байқайсың.

Аузыңыз жаман демеңіз, болашақта ханзуша екі-үш ауыз сөзді зорға үйренген, жартыкеш мамандарды қытайлық компаниялар есігінен де сығалатпайтыны анық. Университет бітірген жастарды шекесінен шертіп тұрып таңдап алып отырған инвесторлар колледждің түлектерін қайтсін. Осының бәрін бес саусағындай білетін шенеуніктердің болмайтын іске бола шала бүлініп, шалшыққа түсуі жанымызға батады.

Нұрлан ЖҰМАХАН.