Әр отбасы 2-3 миллион теңгеден пайда тапқан

Dalanews 03 ақп. 2022 10:58 267

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, А.Қалыбеков ауылдық округінің еңбекқор тұрғындары өздері тұратын үйлерінің іргесіндегі жерге қызылша тұқымын еге бастады. Қысқы ауа-райына қарамастан тынбай еңбек ететін диқандар бұл кәсіптен әрбір үй кемі 2-3 миллион теңге пайда табатынын айтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір Жаңажол ауылында жұмыс қарқынды. Округ әкімі Молдабек Битеміровтің айтуынша, ауыл тұрғындары қызылшаның «Павло», «Боро», «Водан F1» атты тұқымдарын шетелден алдырып, отбасылық бизнес ретінде өз үйлерінің іргесіндегі шағын алқапқа егіп жатыр. Ауыл ақсақалы Қалмұхамед Жәлелов жоғарыда аталған сұрыптар дәл осы Жаңажол ауылының топырағында өсіп шыққанда ғана ерекше дәмге ие болатынын, сондықтан мұнда қызылшаға жоғары сұраныс бар екенін жеткізді.

Қазіргі таңда диқандар 25 гектарға тұқым егіп үлгерген. Сондай-ақ егілген тұқымды қымтап, қыстың қатты ауа-райынан қорғайды. 2 жарым айдан кейін өнім бере бастайтын көкөністің бұл түрінен гектарына 25-30 тонна өнім алуға болады екен. Одан кейін диқандар екінші өнім ретінде қызанақ, қияр және мал азықтық дақылдарын егеді.

«Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Қажырлы еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келеді» – деді округ әкімі М.Битеміров.


Айта кетейік, былтыр ерте көктемде өнім алған А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына және Ресей мемлекетіне қызылша сатып, табыс тапқан. Биыл да бұл бағытта жұмыс жүреді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x