Back

Алматы жылу маусымына дайын

Алматыдағы қазандықтар алдағы жылыту маусымына толық дайын. Бұл туралы Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Евгений Пактың айтуынша, жылу көздерінің, газ желілерінің, қазандықтардың қолжетімділігі 100% құрайды. Жылыту маусымына 8257 тұрғын үй, 443 білім беру және 91 денсаулық сақтау объектілері дайын.

– Жылыту маусымына дайындық мамыр айында басталды. Гидравликалық сынақтар жүргізілді, нәтижесінде 626 зақым анықталды және жойылды. 82 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазандықтарды ауыстырумен технологиялық және қосалқы жабдықтар жөнделді, газ жабдықтары ауыстырылды. Биыл Наурызбай ауданындағы Вокзал қазандығын, сондай-ақ «Премьера» қазандығын қайта жаңарту басталды, – деді Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы 2021-2022 жылдардағы қыс мезгіліне дайындық туралы.

Сонымен қатар, Евгений Пак 82 қалалық қазандықтарда және жылу көздерінде, тұрақты түрде, төрт ауысымда жедел персонал тәулік бойы кезекшілік ететінін айтты. Апат кезінде 13 жедел және жөндеу бригадасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 229 мың тонна көмір мен 23,4 мың тонна мазуттың апаттық резерві жинақталды.

Барлығы Алматыда Түрксіб пен Жетісу аудандарында халыққа арналған 8 көмір базасы бар, алдын ала 90 мың тонна көмір қорын жинау жоспарланған. Бүгінде 27 мың тонна қор жиналды, тағы 3,5 мыңы жолда.

Сөзін жалғастырған Евгений Пак электр және газ желілерінің дайындығы туралы айтты. Оның айтуынша, Алматыда электр желісінің ұзындығы 8,5 мың шақырымды құрайды. Олардың дайындығы 100%. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 871 шақырым электр желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде, Алматыдағы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 4746 шақырым газ желілерін басқарады, олар да суық ауа райының басталуына толық дайын.

Евгений Пак сонымен қатар Алматы қаласындағы үйлердің 94,5%-ы жылуды есепке алатын қондырғыларға қосылғанын, қалғандары казарма типіндегі үйлер екенін немесе апатты үйлерге тиесілі екенін айтты.

Басқарма басшысы ауа температурасы алматылықтар үшін ыңғайсыз деңгейге түскенде жылу желілері жылуды бастауға дайын екенін айтты.

Тағы оқыңыз:

Сағынтаев: «Балалардың кітап оқуға қызығушылығы жоғары»