Талдықорғанда балалардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Dalanews 23 мау. 2021 10:06 232

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанынан құрылған «Отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері» жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысына кеңес мүшелері, облыстық басқарма, департамент басшылары, БАҚ өкілдері және аумақтық партия филиалдары жанынан құрылған кеңес төрағалары мен жауапты мекеме басшылары офлайн және онлайн форматта қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес отырысының күн тәртібінде партияның алдағы 5 жылға қабылдаған Сайлауалды бағдарламасы жол картасының 15,16, 51,52, 46,47,48 тармақтары қаралды. Алматы облыстық білім басқармасы өкілдері А.Молотова мен А.Үшкемпірова 15-16 және 51-52 тармақтар бойынша баяндама жасады.

2020-2021 оқу жылында облыста жалпы орта білім беретін 760 мектеп бар.Оқушы саны – 429 141-ді құрайды. Білім саласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету, оқытумен қамту мақсатында 7 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, 19 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, 7 арнайы мектеп-интернаттары жұмыс жасайды.

Алматы облысы бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 0-18 жас аралығындағы бала саны – 14579, оның ішінде 7133-і оқытумен қамтылған. Білім бөлімдерінің ресми сайттарынан «Ата-ана үшін», «Кәмелетке толмағандарға», «Заңнама», «Іс-шаралар»,«Байланыстар» ақпараттық бөлімдер ашылған.

Алматы облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қ.Мұхметов 47-48 тармақтар бойынша баяндама жасады.

Облыс бойынша бүгінгі таңда былтырғы жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30%-ға азайған. Алайда, жасөспірімдер арасында суицид мәселесінің өршіп тұрғандығын атап өтті. Жыл басынан 12 мен 17 жас аралығындағы балалар арасында 11 факті анықталған.  Бүгінгі таңда департамент тарапынан «Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты акция ұйымдастырып, 8 мыңнан астам жадынама таратылған.

Сонымен қатар облыстық партия филиалы жанынан құрылған мониторинг тобының 41 нысанды аралау барысында жасаған анықтамалары оқылды.

Кеңесті қорытындылай келе, кеңеске қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, қаулыға толықтырулар енгізілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x