«Еңбек» бағдарламасымен шағын бизнеске серпін беруде

Dalanews 15 мау. 2021 16:55 275

Алматы облысы Қапшағай қаласының тұрғыны, көп балалы әке Сәрсен Тұрлыбеков «Еңбек» бағдарламасымен жаңа кәсіп меңгеріп, гранттың арқасында жеке ісін ашты, деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспаөз қызметіне сілтеме жасап.

Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Сәрсен Тұрлыбеков 4 баланың әкесі, ІІ топтағы мүгедектігі бар. Өткен жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасымен Қапшағай қаласындағы «Dinat» оқу орталығында «Шаштараз» мамандығы бойынша қысқа мерзімдік курсын аяқтаған болатын.

Мұнан соң бизнес-жоспарын қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш (583 400 теңге) көлемінде грант ұтып алды. Қолына алған қаражатқа жұмысына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қазір қалалық сұлулық салонында еңбек етеді.

Қапшағай қаласының тағы бір тұрғыны микрокредиттің игілігін көрді. «Бизнес-Мектепті» бітірген Нұрланбек Сүлейменов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қайтарымды қаржысы есебінен 6 млн. теңге шағын несие алды. Соның арқасында манипулятор сатып алып, халыққа қызмет көрсетуде.

Ал Іле ауданының тұрғыны өзінің сүйікті ісін ірі бизнеске айналдырды. Тілек Әділхат жиһаз жасайтын цех ашып, қазір айына үш мыңдай орындық жасауда. Цехтың ақша айналымы орта есеппен 10 млн теңге.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, бизнесмен ісін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан бастаған. Оқуды аяқтаған соң «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 505 мың теңге гранқа ие болды. Өткен жылы Тілек Әділхат жиһаз жасайтын цехты дамыту үшін 6 млн. теңге көлемінде шағын несие де алды. Цехта қазір 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Істі бастаған кезде алғашқы үш тәулікте жұмысшыларды оқыттым, тегін шеберлік сағаттарын өткіздім. Қазір күн сайын үйге қажетті 100 орындық дайындаймыз. Біздің басты артықшылығымыз – тауарларымыз сапалы. Сондықтан тауарларымызды ондап, жүздеп алуға тапсырыс беретіндер көп. Өнімдерімізді Алматының және жергілікті жердің нарықтарына шығарамыз. Жаңа станоктар сатып алу арқылы ассортиментті көбейтіп, жұмыс істеп тұрған цехты кеңейту жоспарымда бар, – дейді кәсіпкер.

Атап өтсек, жыл басынан бері Алматы облысында 600 адам «Бастау-Бизнес» жобасын бітіріп шығып, өз жобаларына қаржы алған. Тек өткен жылдың өзінде осы жобаның асяында кәсіпкерлік негіздеріне 3 мыңнан астам адам оқытылды, 1,8 млрд теңгеге 2 мыңнан астам жоба қаржыландырылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x