Өмірзақ Шөкеев: «Түркістан облысын кепілді ағын сумен қамтамасыз ету маңызды міндет»

Dalanews 20 мам. 2021 18:25 163

ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті  суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырыс Түркістан қаласында өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аграрлық саланың дамуына терең мән беретін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы жерлерді 3 млн гектарға дейін ұлғайту көзделген.

– Осы бағыттағы Түркістан  облысының  жасап жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Сөз жоқ, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ, – деді көшпелі отырысты ашқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін де атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772  шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және  70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан істерімен, алдағы жоспарларымен таныстырып өтті.

– Бүгінгі көшпелі отырыста қаралып отырған күн тәртібінің Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары. Түркістан қаласы аумағындағы аудандарда ағын су тапшылығын шешу мақсатында, ірі су нысандарының құрылысын жүргізудеміз. Оның ішінде, «Түркістан магистралды каналында  күрделі жөндеу», «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Құрметті Сенат депутаттары! Елбасының тікелей бастамасымен, Түркі тілдес ел басшыларының қолдауымен, Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамуына айрықша көңіл бөлініп отырғандықтан, жоғарыда аталып өткен су нысандарының құрылысын аяқтау – кезек күттірмес мәселе. Осыған орай,  Республикалық деңгейдегі мәселелерді Сіздермен бірлесе отырып шешетіндігімізге үлкен сеніммен қараймын! – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысында су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суғару технологиясын ендіруге басымдылық берілген. Осы мақсатта, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылады. Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріп, жылына 2 өнім алынуда. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілген алқап 3,5 мың гектарға жеткізу шаралары атқарылуда. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылды. 2020 ж. 1999 жоба (5,2 мың га) жүзеге асырылып  қосымша  18,4 млрд.тг өнімі өндірілді. Тәжірибе көрсеткендей жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7 - 8 млн. тг дейін табыс табуға болатындығын көрсетті, яғни 2- 2,5 есеге артық өнім алынды.  Осы бағыттың тиімділігіне орай, ағымдағы жылы 8,9 мың гектарға 2771 жоба жүзеге асырылып, бірінші өнім жиналуда.

– Жергілікті деңгейде су нысандарын тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларын 78,8 мың га суармалы сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл су саласын дамытуға облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 361 шақырымдық су объектілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдық берілді, онда коммуналдық меншіктегі ұзындығы 241 км барлық 121 каналға механикалық тазалау жүргізіледі, – деді Ұ.Тәжібаев.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ағын сумен қамтамасыз етуде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бірнеше су қоймалары мен магистралды каналдар облыстың меншігіне алынып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады, «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталды. «Түркістан» магистралды каналының 59 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, одан су алатын, бұрын иесіз, жеке меншік, аудандық меншікте болған ұзындығы 751 шақырымдық 161 канал облыстық меншікке өткізілді. Арнайы мекеме құрылып, нәтижесінде, су шығынын болдырмау үшін, алғашқы рет тариф бекітілді (1000 м.3 ағын су үшін 328,6 теңге). Аталған су нысандарын жергілікті деңгейде  тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың га суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер берді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы  вице-министрі Руслан Манатаев Қазақстан Республикасындағы суармалы жерлерді дамыту мәселелері, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері туралы, «Қазсушар» РМК Бас директоры міндетін атқарушы Алтай Елжасовтың республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану және күтіп-ұстау, суармалы су берудің ағымдағы жағдайы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың Түркістан облысында суармалы жерлерді дамыту перспективалары мен мәселелері туралы  ақпараттарымен таныстырды.

Қойылған сұрақтарға тиісті мемлекеттік органның басшылары жауап берді.

ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іссапар барысында  Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстарымен, «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, Су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлату технологиялары орнатылған «Түркістан-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен және жұмыс істеу бағытымен танысты. Комитеттің көшпелі мәжілісі аясында өткізілген  іс-шаралардың барлығы  карантиндік талаптарды сақтай отырып өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x