Шардарада қауын қақ өндіретін цехтың құрылысы қарқынды жүруде

Dalanews 02 мау. 2021 13:30 273

Түркістан облысы Шардара ауданында 2021 жылы 2,3 млрд тенгеге 4 жобаны іске асыру қолға алынып отыр. Соның бірі Достық ауылындағы «BS Agro Product» ЖШС-ң қауыннан қауын қақ дайындау жобасы. Бұл туралы брифингте Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 200 тонна, жоба құны 500 млн теңгеден астам. Кәсіпорында тұрақты 25 адам жұмысқа орналастырылады.

Сондай-ақ, биыл жүзеге асар жобалардың бірі жеке кәсіпкер Т.Жалғасбаевтың балық өңдеу зауытының өндірісін кеңейту жобасы. Атап айтқанда, балықтың майы мен жемін шығару. Жоба құны 200 млн теңге. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтары әкелініп, ғимараты салынған. Өндіріс іске асқан жағдайда 40 адамға жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Б.Сариевтің гранулды жем шығару жобасы жүзеге асады. Ол іске асқан жағдайда 20 адамға жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңға монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

– 2020 жылы аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындары 9,9 млрд теңгенің өнімін өндірді. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 10,6 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы жылдың 4 айының өзінде өндіріс орындарында 5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі қорға 32,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға өскен. Есепті мерзімде 3,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына негізгі капиталға тартылған инвестицияны 35 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – деді аудан басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x