Заңсыз балық ауланғандар жауапкершілікке тартылады

Dalanews 03 мау. 2021 08:22 138

Түркістан облысында «Уылдырық – 2021» акциясының аясында балық инспекциясы бөлімімен 55 балық қорғау заңнамасының сақталмауы анықталып, 46 әкімшілік іске айыппұл салынған. 2 әкімшілік іс бойынша тиісті шара көру үшін сот органдарына жолданып, 7 қылмыстық іс тыйым салынған ау құралдарымен балық аулағаны үшін құқық қорғау органдарына өткізілген. Бұл туралы «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Мейіржан Өмірәлиев брифингте мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі күнге дейін балық инспекциясы бөлімімен 88 заңсыздық фактісі анықталып, 77 хаттама толтырылған. Оның ішінде 2 іс сот органдарына жолданып, 9 іс бойынша қылмыстық іс құқық қорғау органдары қызметкерлерімен тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан табиғат заңдылығын бұзғаны үшін 77 тұлғаға 1,2 млн теңге айыппұл салынып, 1,1 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген. Жалпы табиғатқа келтірілген залал үшін 41486,4 млн теңге талап етіліп, 70,5 мың теңге өндірілді.

– Өңірде соңғы үш ай бойы «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы кең көлемде өткізілді. Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені бойында, Бөген су қоймасында, Шошқакөл көлдер жүйесінде және Көксарай су реттегішіндегі тазалау жұмыстарына 569 адам және 48 шағын көлемді жүзу құралдары мен 82 арнайы техника жұмылдырылды. Жиналған 37,8 тоннаға жуық әртүрлі қоқыстар мен суда қалған қалдықтар тиісті орындарға шығарылды, – деді Мейіржан Ибрагимұлы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x