Құтты малдың құты кетпесін
Төрт түлік малды тең өсірген бабаларымыз жартылай көшпелі үрдіске өткеннен кейін сиыр малын өсіруге көңіл қойғаны белгілі. Бірнеше табиғи аймақты қамтып жатқан ен далада шөл мен шөлейт және дала мен таулы өңірлерді кесіп өтіп, жайылым ыңғайына қарай қойын өрістетіп, жылқысын өсірген қазақ қауымы, осындай әртүрлі жайылым түрлерін маусымды пайдаланған көшпелі шаруашылыққа сиыр малын да бейімдеген-ді.
Қазақ қауымы өсірген сиыр малы табиғи сұрыптаудың төл туындысы ретінде, туып өскен өңірлік ерекшеліктеріне орай әртүрлі болған. Айталық, «Жетісу» сиыры – ауа-райы қолайлы оңтүстік өңірде өсірілгендіктен бойшаң, ірі денелі болса, шөл және шөлейт аймақтарда – табиғаттың қатал сынына төзімді, денесі шағын сиырлар кең таралған. Ал еліміздің, көбіне, батысында өсірілген қазақ және қалмақ сиыры деп аталған сиырлар – шымыр денелі, шағын келген, өзіне тән ерекшеліктері мол мал болып қалыптасқан.
Академик Е.Ф. Лискун, А.В. Ланин және басқа да көптеген зерттеушілер далада өсірілген қазақы сиырдың еті жоғары сапалы өнім ретінде Ресейдің базарларында жақсы бағаланғанын жазған. Ресей патшалығы кезінде сапасы жоғары «черкес еті» деген атпен танылған мақтаулы өнімге далалық жайылымда өскен украин көк сиыры мен қазақ сиырының еттері жатқызылған.
Кеңес заманында мал шаруашылығын өркендету барысында алғашқы шаралардың бірі ретінде жергілікті малдың өнімділігін жақсарту үшін оларды мамандандырылған етті бағыттағы тұқымдармен будандастыру қолға алынды. Осындай мақсатпен 1928 жылы ағылшын және уругвай елдерінен 1240 бас герефорд тұқымының сиырлары әкелініп, оның 900 басы Қазақстанға берілді. Сол кезде сырттан әкелінген 1,5 жасар ағылшын тайыншасы 475 келі салмақ тартса, уругвайдың тайыншасының салмағы 344 келі болды. Жергілікті малдың солармен қатарлас тайыншаларының салмағы 300 келіге жетпейтін болған. Өйткені, сол кездегі деректерде қазақы сиырдың салмағы 240-384 келі арасында болғаны жазылған. Сонымен бірге, зерттеу деректерінде жергілікті дөнен бұқалардың таңдаулысы 360 келі, бес жасар бұқалардың таңдаулысы 520 келі ғана салмақ тартқаны да келтірілген.
Сырттан мал әкелудің басты мақсаты – жаппай будандастыру арқылы жергілікті сиырлардың өнімдік сапасын жақсарту еді. Сол үшін, тұқымдық бұқашықтарды шаруашылықтарға таратып, ал ұрғашы тайыншаларды мақсатты пайдалану үшін жеке шаруашылықтарға топтастырып, асыл тұқымды мал тобы жасақталған. Жергілікті малды жаппай жақсартуға және тұқымдық деңгейі әр алуан малдарды, яғни бірінші және екінші буын будандардың ұрпағын әрі қарай жақсарту үшін аталық және аналық тегі әр қилы бұқашықтар «мақсатты жұптау» ұстанымы бойынша іріктелді. Будан малдардың етті бағыттағы қасиеттерін бекіту, жергілікті жайылымға төзімділігін қалыптастыру – селекциялық жұмыстардың басты шартына айналған.
Ғалымдар келтірген мәліметтер бойынша, сол кезде Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жергілікті малдың сақа сиырлары 317-339 келі тартса, Шығыс Қазақстан өңірінде жергілікті сиырлардың салмағы орта есеппен 320-338 келі болған, ал Ресейдің Еділ жағалауындағы шаруашылықтарда жергілікті малдың дене тұрпаты ірілеу болып, салмағы 377- 424 кг аралығында ауытқыған.
Жергілікті малды жақсартуды және жаңа тұқым қалыптастыруды жеделдету мақсатында 1931-1932 жылдары сырттан тағы да 800 бас герефорд малы әкелінді, оның 156 басы ағылшын елінен келген бұқашықтар еді. Селекциялық бағыттағы осы үстеме жұмыстар, жергілікті малдың еттілігін жаппай жақсартуға серпін берді.
1937 жылы Ленин атындағы Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылығы Академиясы /ВАСХНИЛ/ сессиясында герефорд тұқымымен будандастыру негізінде жаңа етті сиыр тұқымын шығару жұмыстарының тұжырымдамасы қабылданады да, 1939 жылы Совхоздар Министрлігінің бастамасымен екінші қайтара Ағылшын елінен 88 бұқашық пен 100 тайынша әкелінеді. Осы малдардың 76 бұқашығы және тайыншалары түгел Батыс Қазақстандағы «Аңқаты» шаруашылығына беріледі. Осылайша, етті бағыттағы сиыр малының жаңа тұқымын шығару жұмыстарына жаңа пәрмен беріліп, Қазақстан Республикасы осы бағыттағы жұмыстар бойынша ерекше басымдыққа ие болады.
Осы бастама жергілікті малды жаппай жақсарту үрдісіне серпін беріп, қазақтың мақтанышы «қазақтың ақбас сиыры» атты жаңа тұқым шығаруға мұрындық болды. Жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту Қазақстан бойынша 13 облыстың 68 ауданын қамтыды. Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан жерінің 48% аумағын, яғни 500 550 мың шаршы шақырым көлемін алып жатты. Мал өсірілген аумақ шығысында Тарбағатай тауынан басталса, батысында Ресейдің Еділ /Волга/ өзенінің жағалауындағы далалы өңірлерімен ұласты. Осындай алымды жұмыстардың ауқымы қомақты нәтижеге қол жеткізді. Сол кезеңде жаңа шыққан тұқымның тиімділігін байқаған жергілікті халық осы сиырды «құтты мал» деп атапты.
Ресейде жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту жұмыстары Орынбор, Волгоград, Сарытау және Солтүстік Кавказ өңірлерінің шаруашылықтарында жүргізілді.
Атап өтетін жәйт, будандастыру жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілген. Мысалы, басында бір бұқашық қоралап шағылыстыру әдісімен 100 бас аналықты қашырса, 1936 жылдары қолдан ұрықтандыру әдісін кеңінен қолдана отырып, бір бас асыл тұқымды бұқа 300-ден аса сиыр ұрықтандыратын деңгейге жеткен.
Одақ көлемінде сырттан әкелінген герефорд тұқымының 60%-дан астамы Қазақстан аумағында пайдаланылды деген дәйекті дерек бар. Әсіресе, 1939 жылы әкелінген ағылшындық герефорд тұқымының тектік сапасы жоғары еді. Олар «Аңқаты» шаруашылығында шоғырландырылып, еліміздің батыс аймағында етті бағыттағы сиыр малының ірі денелі тұқымдық тобын қалыптастыруға мұрындық болды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылықтары ұйымдастырылып, сырттан әкелінген бұқаларды жоспарды түрде пайдалану жолға қойылды. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарында жаңа тұқым талаптарына сай келетін мал басы шоғырланды, талап үдесінен шықпаған малдар жаппай будандастырумен шұғылданған шаруашылықтардың аналық басын толықтыруға пайдаланылды.
Жергілікті малды жақсарту жұмысына, көбіне, асыл тұқымды шаруашылықтарда өсірілген тұқымдық бұқашықтар қолданылды. Осылайша, жаңа тұқым шығаруға бағытталған селекциялық жұмыстар республикалық деңгейде ғалым-селекционерлердің бақылауымен, қажетті реттілікті сақтай отырып жүргізіліп, жоспарлы түрде жүзеге асты.
Сырттан келген малдың біздің табиғи жағдайымызға бейімделуі әр өңірде әр қилы өтті. Алғашында, көптеген малда бейімделу үдерісінің белгілері болып табылатын жүрек қағысы мен тыныс алуы жиілеп, денесінің қызуы көтеріліп, жаппай тершеңдігі байқалды. Жаңа ортаға бейімделу барысында, басқа да қолайсыздықтар орын алды.
Мысалы, табынға қосқанда сырттан әкелген таза тұқымды герефорд және бірінші буындық будан бұқашықтардың белсенділігі төмендеу болып, бұзау алу жоспарының орындалуы қиынға соқты. Таза тұқымды және бірінші буындық будан малдарда жұқпалы аурулар, мысалы, туберкулез, бруцеллез белең алды.
Далада жайылымда жүрген малдардың арасында конъюктивит пен кератит аурулары көбейді. Өз отанында шөбі шүйгін жайылымда бағылған малдар біздің ауқымы кең өрісімізде тұяғынан кемдік көрді. Сиырды жаппай жақсарту барысында мал өсіру мәселесі қалыптасқан әдіспен жүргізіліп, табиғи сұрыптау тезінен де өткізілді. Осы ұстаным жергілікті жерге бейімделген етті сиырдың қалыптасуын қамтамасыз етті.
Герефорд тұқымының жергілікті жерге бейімделуіне, климаттық жағдаймен қатар, тектілік қасиет те ықпал еткені анықталды. Мысалы, ағылшыннан келген малдарға қарағанда, Канададан келген малдар климаты қатал біздің табиғи жағдайымызға тез бейімделді. Өйткені, Канаданың климаты қатал жағдайында табиғи сұрыптаудан өткен мал, біздің елдің де ауа-райына көнбістігін көрсетті /А.В. Ланина/.
Сонымен қатар, ескеретін жәйт – сараптау барысында ағылшын бұқашықтарында «туыстық жақындық» /инбридинг/ орын алғаны анықталды. Қан жақындығы малдың кейбір белгілерінің бекемделуіне ықпал еткенімен, көбіне, ағзаның төзімділігін әлсіретіп, қалыпты қызметіне нұқсан келтіретіні генетика ілімінде белгілі жәйт. Мысалы, ағылшын бұқашықтарына тән II-III и II-II деңгейдегі туыстық жақындық екінші буын ұрпақтарының өзара шағылысуына жол берілгеніне дәлел.
Жаппай будандастыра отырып, қолдағы малды жақсарту барысында ұтымды жүргізілген сұрыптау мен жұптау жұмыстары республикамыздың барлық өңірінде жаңа тұқымдық мал тобының қалыптасуына ықпал етті.
Біріншіден, мал басы барынша селекциялық жұмыспен қамтылды, екіншіден, асыл тұқымды шаруашылықтарда тұқымдық малдың таңдаулы тобы шоғырланып, аталық малдар таңдалып, іріктеліп алынды. Осылайша, ұдайы жүргізілген сұрыптау жұмыстары және малдың белгілі бір нышандарын жақсарту мақсатында қолданылған сындарлы жұптау үдерісі жиырма жылдың көлемінде өзіндік ерекше белгілері қалыптасқан жаңа тұқымның шығуына ұласты.
Одақ ғалымдары мен селекционерлеріне қойылған талап – етті бағыттағы белгілері жақсы жетілген және жергілікті табиғи ортаға бейім жаңа сиыр тұқымының қалыптасуы еді. Осы талаптардың межесі де белгіленді: сақа сиырлардың салмағы 520-550 келі, бұқалардың салмағы 850-900 келі және 1,5 жасқа жеткен бұқашықтар 450 келіден кем емес салмақ тартуы көзделді.
Асыл тұқымды мал шаруашылықтарында сындарлы сұрыптау мен жұптау жұмыстарының барысында көптеген аталық іздер қалыптасты. Әртүрлі табиғи аймақта өсірілгендіктен тұқымішілік құрылымдық мал топтары қалыптасты. Деректер легіне сүйенсек, тек Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобының өзі жеке дара жаңа тұқымды апробациялау деңгейіне жеткені жазылған.
Ресейдің біраз өңірлерін қамтыған және селекциялық жұмыстары бірдей әдістемелік ұстанымдармен атқарылғандықтан 1950 жылы Одақ көлемінде Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен жаңа тұқым бекітілді. Әрине, бұл үлкен жетістік, әрі мақтаныш еді. Қазақстан жаңа тұқымның мал басы жағынан, өсірілу аумағының көлемі және селекциялық жұмыс барысында қалыптасқан аталықіз бен тұқымішілік құрылымдық мал топтары /тип-сүле/ саны жағынан Ресейден озық тұрды. Ауқымы кең жұмыс және ғалымдар мен селекционерлердің қажырлы еңбегі осылай нәтижелі межеге жетті.
Тағы оқыңыз:
Әрине, жаңа тұқымның қалыптасуына, жергілікті малға герефорд тұқымының жақсы қасиеттерін сіңіру, Қазақстанның әртүрлі табиғи аймағына тән жергілікті малдың қасиеттерін сақтау және табиғи сұрыптаудың тезінен өткен малдарды көбейту пәрмені зор ықпал етті. Еттілік қасиеті жақсы жетілген төлдерді жаппай көбейту – сұрыптау жұмысының өзегіне айналды. Осы тұста, уақыт талабынан туындаған «етті бағыттағы ірі қара малын кешенді бағалау /бонитировка/» /Н.Ф.Ростовцевтің, 1938/ нұсқаулығы бекітілді. Осы нұсқаулықтың қағидалары әлі де өзекті.
Ұдайы бақылауда болған селекциялық жұмыстардың нәтижесінде көбіне, II және III буында-ақ будан малдардың селекциялық талапқа сай келетіні байқалды. IV-V буындық будан малдардың дене тұрқы іріленгенмен, табиғи жайылымда жайылуға құлшынысы азайып, шалғай өрістерге баруға тұяғы әлсіздік танытты.
Қазақтың ақбас сиырын шығару барысында, жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның кең аумағы мен Ресейдің Еділ өзенін жағалай созылған ен дала өңірі таңдалған. Себебі, осы өңірлердегі табиғи жайылымдарда, көбіне, қазақ немесе қалмақ сиыры деп аталған жергілікті сиыр малы өсірілген.
Сиырдың ет өнімін арттырып, сапасын жақсарту үшін герефорд тұқымының таңдалуы да кездейсоқ емес еді. Әлемде жайылымда өсірілетін етті бағыттағы сиырлардың ішіндегі сырт ортаға бейімделуі қиындық тудырмайтын, әрі тезжетілгіш тұқымдарының бірі – герефорд еді /Прахов Л./.
Етті сиыр малын өсіруге таңдалып алынған осы өңірлерде қысқы аяз бен жазғы аптапқа төзімді, далалық жайылымдарда азықты өзі тауып жей алатын көнбіс мал өсіру тиімді еді. Осы тұрғыдан, жергілікті қазақы сиыр жайылымға бейім және шалғай жайылымға айдауға шыдамды болды. Қазақы сиыр көктемгі және күзгі шөп шүйгіні мол маусымдық кезеңде ағзаға қажет коректі бойына жинақтайтын қабілетімен және азық тапшы кезеңдерде бойындағы жинақтаған коректі үнемді жұмсай алатын қасиетімен ерекше мал болатын.
Жалпы, жергілікті қазақы сиыр табиғаттың қатал тезіне төзімді шағын бойлы, шымыр мал болыпты, сондықтан да салмағы 330-360 кг аспаған. Ресейге әкелінетін сойыс малдарының ішінде етінің сапалық қасиеті жағынан қазақы сиырдың ұшасы жоғары бағаланғанын жоғарыда жазып кеттік. Қазақы сиырға тән ерекшелік – ішкі ағзаға май жинау, бұлшық еттеріне етпен қатар май қыртысын жинақтау, әсіресе, ет талшықтарының арасына май түзілу үрдісі еді.
Осы ерекшелік еттің дәмін кіргізіп, тағамдық жарамдылығын анықтап, сапалық қасиетін анықтаған. Қазақы сиырға тән тағы бір ерекшелік – сүтінің майлылығы өте жоғары. Қазақы сиырдың осы екі қасиеті жаңа тұқымның қалыптасу барысында ерекше рөл атқарды.
Әлбетте, жыл бойына жайылымда болған малдың денсаулығы мықты, дене бітімі /конституциясы/ тығыз, тіпті мықты болатыны заңдылық. Дене бітімі мықты, табиғи жайылымға бейім қазақы сиырдың осы тектілік қабілеті және етінің жоғары сапалық қасиеті, өнімі мол жаңа тұқым шығаруға зор ықпалын тигізді.
Герефорд тұқымының тезжетілгіштік қабілеті мен ірі тұрпаты жергілікті малдың тектік қасиетін арттырып, еті мол, сапасы жақсы жаңа тұқымды шығаруға мұрындық болды. Әрине, бұзаулардың қарқынды өсуіне қазақы сиырдың майлы сүті де ықпал еткен болар. Осылайша, екі тұқымның ұтымды таңдалуы – будан бұзаулардың бойында жақсы қасиеттердің жетілуіне пәрмен бергені заңдылық.
Будан малдардың ішіндегі ірі мал Батыс Қазақстан өңіріне тән болды. Себебі, Ағылшын елінен әкелінген асыл тұқымды бұқалар мен тайыншалар осы өңірде өсірілді. «Аңқаты» шаруашылығы таңдаулы тайыншалар мен бұқашықтарды өсіріп, солардан алынған тұқымдық малдарды, алдымен, осы өңір аясында таратты. Сиырдың мол ет беруіне көп мән берген ағылшындар селекциялық жұмыстарды XVIII ғасырда-ақ бастап кеткен еді. Сондықтан да, жергілікті мал герефорд тұқымына тән ірілікті, кеудесі кең, бөкселі, сауыры жалпақ болатын қасиеттерді бойына сіңірді.
Әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеген КСРО ғалымдары асыл тұқымды мал төлдерін мақсатты өсіру мәселесіне ден қойып, алдымен, мал азықтандыру үдерісін жетілдіруді көздеді. Осы орайда, асыл тұқымды төл өсіру нұсқаулығы әзірленді / Н.Ф Ростовцев, 1939/. Мысалы, бұқашықтарды дәнді азықтардан дайындалған қышқылы басым рационмен азықтандыру ұсынылса, тайыншаларды пішен, сүрлеме, сүрлем сияқты физиологиялық тұрғыдан сілтілігі басым рационмен азықтандыру қарастырылды.
Жаңа тұқымды шығару барысында жергілікті жер жағдайы ескеріле отырып, малдың жыл бойына жайылымда бағылуы ұйымдастырылды. Қысқы аяздарда малдар даладағы қораларда ұсталды. Өйткені, туған төл табиғи ортаға неғұрлым жақын болса, оның бойында анасынан берілген төзімділік беки түсетіні заңдылығы басты назарда болды. Осындай «спартандық» жағдай жас ұрпақтың төзімді болуын қалыптастырып, жергілікті климатқа бейімділігін бекіте түсті.
Жергілікті малды жақсарту барысында, барлық өңірдегі мал басын қамту мақсатында өз өнімділігі бойынша бағалаудан өткен будан бұқалардың I, II, III буындық ұрпақтары қолданылды, кейбір асыл тұқымды шаруашылықтардың өздері I, II буындық будан бұқашықтарды пайдалануға мәжбүр болды. Әрине, шағылыстыруға еттілік қасиеттері бойынша герефорд тұқымынан кем емес, селекциялық талаптарға сай бұқашықтар ғана пайдаланылды. Осы ұстаным, қысқа мерзімде селекциялық мақсаттың үдесінен шығатын етті мал тобын жедел қалыптастыруға мүмкіндік берді. Екінші жағынан, өсірілген мал тұқымының еттілік қасиеттерінің артып және тектік әлеуетінің толығуына ықпал етті. Әлбетте, тектік әлеуеттің толығуы, өз кезегінде, сұрыптау жұмыстарына пәрмен беріп, жұптау жұмысының нәтижелі болуына жол ашты.
Ағылшын елінен 1939 жылы мал әкелудің үшінші кезеңінде келген «Хопфул 4» атты бұқа өзінің тектік басымдылығымен ерекшеленді. Қазақстанның асыл тұқымды шаруашылықтарының барлығы дерлік осы бұқадан тараған ұрпақтардан мал өсірді және осы бұқадан өрбіген малдар еті мол, тез жетілетін қабілеттерін ұрпақтарына тұрақты беріп отырды.
Солардың қатарында «Аңқаты», «Шапай», «Қалбатау», «Шалабай», «Балкашино», «Просторнен» сияқты атақты асыл тұқымды шаруашылықтар бар еді. Мәліметтерге сүйенсек, 1970 жылғы малды кешенді бағалау /бонитировка/ нәтижесінде «Аңқаты» шаруашылығында 1360 бас, «Шапай» шаруашылығында 600 бас сиыр осы бұқаның ұрпақтары болыпты.
«Қазақтың ақбас сиыры» ресми тіркелген кейінгі өнімділік сапасын сараласақ, Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан өңіріне тән болған, ал Ресейде – Волгоград облысы озық болыпты. Атап айтқанда, асыл тұқымды құнажын және сақа сиырлар Батыс Қазақстан шаруашылықтарында 475 және 511 келі салмақ тартса, Волгоград өңірінің шаруашылықтарында орта салмақ 531 және 562 келі болған.
Жергілікті малмен салыстырса, жиырма жылдық селекциялық жұмыстардың нәтижесі өте зор. Жаңа сиыр тұқымында 200 келіден астам салмақ артық болып, экономикалық тұрғыдан мал өсірудің тиімділігі артқаны көзге ұрып тұр. Далалық өңірде мал бағуға жұмсалатын шығынның тұрақтылығын ескерсек, әр бас сиырға шаққанда қосымша 100 кг ет, әрі шығынсыз артық өндірілді десек болады.
Жалпы, «Қазақтың ақбас сиыры» тұқымының даму барысында екі үлкен кезең бар. Бірінші кезең, апробацияға дейінгі уақыт. Бұл кезеңде селекциялық жұмыстардың ұстанымы екі бағытта дамыды: мал басын көбейту жергілікті малды жаппай будандастыру әдісімен жүзеге асса, малды асылдандыру жұмыстары асыл тұқымды шаруашылықтардағы тұқымдық малдарды іріктеу, сұрыптау және жұптау әдістерін жоспарлы атқарумен ерекшеленді. Осылайша, мал асылдандыру жұмыстары жаппай жақсарту үдерісіне пәрмен беріп отырды. Асыл тұқымды малға қойылған талап үдесінен шыға алмаған тұқымдық тайыншалар, қатардағы шаруашылықтардың малын жақсартуға қолданылды. Мақсатты жұптаудан туған малдан аталық малдар іріктеліп алынып, барлық шаруашылықтарға таратылып отырды.
Тағы оқыңыз:
Екінші кезең, апробациядан кейінгі жылдар. Осы кезде ғалымдар мен селекционерлердің барлық білімі мен күш-жігері малдың тұқымдық әлеуетін арттыруға жұмылдырылды. Аталықіз топтары бойынша мал өсіруді реттеу, зауыттық аталықіз қалыптастыру аясын кеңейту, аталық бұқаларды тек ұрпағының сапасы бойынша сынақтан өткізу және бұзаулардың қарқынды өсуін алғышарт ретінде қарастыру ұстанымы жүзеге асырылды. Әсіресе, 1970-2000 жылдар «қазақ ақбас сиырының» қарқынды дамыған кезеңі болды. Осы кезеңде, ақбас сиырдың селекциялық бағыты да замана талабына орай зауыттық аталықіз әдісімен өрбіді де, малдың қарқынды жетілуі мен азықты үнемді жұмсау қабілеттері ұштала түсті. Өйткені, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейінгі селекциялық жұмыстарда еттік қасиеттері жақсы жетілген, дегенмен жайылымға бейім, құбылмалы ауа-райына көнбіс малдарды өсіруге басымдық берілген еді. Мысалы, бүгінгі күнге бізге мәлім 32 атылықіздің 18-і 1970-2000 жылдар аралығында қалыптасты. Сонымен бірге, осы кезеңде Солтүстік Қазақстанда «Алабота» сүлесі мен Ресейде «Заволжский» сүлесі апробацияланды.
Дегенмен, 1953-54 жылдары етті сиырларды сауу арқылы сүт өндірісін арттыруға бағытталған солақай саясаттың кесірі етті бағыттағы сиырлардың дамуына кедергі келтірді. Етті бағыттағы сиырларды сүтті сиырлардың бұқасымен қашыру «қазақтың ақбас сиырының» тұқымдық және сапалық қасиетін нашарлатты. Ал, саууға илікпеген сиырлар жарамсыз деп танылып, ет комбинатына жөнелтілді. Н.З. Галиакберов келтірген деректе Ақтөбе облысы бойынша етті сиырлардың 70% -ы ет комбинатына өткізілген. Осылай, мал басының кемуі және етті бағыттағы жақсы сиырлардың етке өткізілуі тұқымның өнімділік әлеуетіне едеуір нұқсан келтіргені, өкінішті-ақ.
Коммунистік партияның Орталық комитетінің басшылығы ауысып, саясат ауаны өзгерген 1964 жылдардан бастап мал басы қайта қалпына келіп, өсу үрдісіне ұласты. Л.П.Прахова келтірген деректе КСРО бойынша 1950 жылы 388 мың бас болған «қазақтың ақбас сиыры» 1969 жылы 1 миллион басқа жетті, осы кезде Қазақстандағы сиыр саны 861 мың басқа дейін өскен еді. Мал басы көп шоғырланған Батыс Қазақстанда 158 мың, Қостанай облысында 153 мың бас етті сиыр малы өсірілді. Статистикалық мәліметтер бойынша, 1991 жылы «қазақтың ақбас сиыры» мал саны жағынан шырқау шегіне жетіп, 1 370 мың бас болды. Осы кезеңде еліміздегі етті бағыттағы сиыр малының саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55%-ды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы екенін танытты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Шапай» асыл тұқымды мал шаруашылығы базасында бұқаларды ұрпағының сапасы бойынша сынақтан өткізудің екі кезеңдік әдісі өндіріске енгізілді. Әсіресе, төлдің қарқынды өсуі мен қосымша салмаққа азықты үнемді жұмсау қабілеттерін ұштау – замана талабынан туындаған мақсат еді. Осы орайда, ұрпағының сапасы бойынша ең жоғары көрсеткіштер «Аңқаты» мен «Шапай» шаруашылықтарының сынақ станцияларында тіркелді. Сынақ кезінде тәулігіне 1 600 гр салмақ қосып, бір килограмм салмаққа 7,0 азықтық бірлік жұмсағаны және 15 айлық жасында 600 кг тірілей салмақ басқаны әлемдік жетістіктердің межесі еді. Сол кезеңдерде «Қалбатау» /бұрынғы Қазақстан Ленин комсомолы совхозы/ шаруашылығының «Пани 132» атты сиыры 1036 кг салмақ тартса, ал «Бруска 258» атты бұқасы 1400 кг салмақ тартты. Осы жетістіктер қазақтың ақбас сиырының тектік әлеуетінің зор екенін аңғартып тұр.
Өткен ғасырдың өтпелі кезеңінде, жиырма бірінші ғасырдың басында орын алған қиындықтарға қарамай селекциялық жұмыстар әсте толастаған емес. Осы кезеңдерде оннан артық аталықіз және Батыс Қазақстанда үш сүлесі шығарылды, олар «Батыс Қазақстандық аймақтық» сүлесі, ірі денелі «Аңқаты» сүлесі және мұқыл сиыр тобына жататын «Шағатай» сүлесі. Ресей Федерациясында Байкал өлкесінде «Могойтуй» сүлесі шығарылды. Осы малдардың бәрі екпелі жайылым жағдайында тез жетілетін, мал азығын үнемді жұмсайтын қасиеттері жетілдірілген қарқынды мал тобына жатады.
Уругвай, ағылшын және канада селекциясының өкілдері қатысқандықтан «қазақтың ақбас сиырының» тектік әлеуеті қан құрамының алуан түрлілігімен бағалы. Бұл аталық мал тарапынан келген тың сарын десек, аналық мал тарапынан әртүрлі климаттық жағдайға бейімделген жергілікті сиырдың өңірлік топтарыда тектік қордың алуан түрлілігін, яғни ғылыми түрде «гетеризоготалық күйін» арттыра түсті. Осылай аналық және аталық жағынан генотипі алуан түрлі малдарды шағылыстыру – ұрпақ жалғастығында күрделі генотиптердің қалыптасуын қамтыды. Генотиптердің әртүрлілігі тұқымның тектілік әлеуетіне серпін беріп, селекциялық жұмыстардың аясын кеңейтті. Сондықтан да, «қазақтың ақбас сиырының» тұқымын өсіру барысында «туыстастарды шағылыстыру» әдісінен гөрі, туыс емес малдарды шағылыстыру, яғни инбридингтен гөрі аутбридинг құбылысы басымдыққа ие болды. Осы ұстанымның нәтижесінде апробациядан өткен соң да, тұқымның өнімдік сапасын жақсарту жұмыстары жақсы жетістіктерге жетіп отырды.
Дегенмен, Қазақстанның аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып, малдардың дене пішініне қарай жаңа сүлелерін қалыптастыруға бағытталған селекциялық жұмыстар басталғанымен нәтижесіз қалды. Мысалы, герефорд малы негізінен үш типтен тұрады: ірі денелі, сирақты, кеуделі, әрі сауырыны жалпақ мал – «ірі» типке жатады, ал аяғы қысқалау, денесі домаланып келген шағын малдар – «ықшам» типке жатады және ірі типтен кішілеу, бірақ кеудесі кең, әрі бөкселі малдар – «орта» типке жатады. Селекциялық жұмыстар барысында осы ерекшеліктерді ұтымды пайдалану жүзеге аспай қалды. Мысалы, мал жыл бойы табиғи жайылымда бағылатын шаруашылықтар үшін, әлбетте, қозғалысқа епті, денесі шағын «ықшам» типтің малы қолайлы еді. Ал, екпелі жайылымы бар, мал өсірудің қарқынды технологиясын меңгерген шаруашылықтар үшін етті мол беретін «ірі» типтің малы тиімді. Батыс Қазақстанда сексенінші жылдардан кейінгі селекцияның негізінде шығарылған ірі денелі «Аңқаты» зауыттық сүлесі осындай замана талабына сай мал.
Қазақтың ақбас сиырының шығу тарихы мүмкіндігінше толық қамтылды. Неге? Мал басын жақсарту және жетілдіру болсын, жаңа тұқым шығару болсын, тәжірибеде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген әдіс-тәсілдер ғана дұрыс бағдар беретіні анық. Сондықтанда, мал өсірем деп талпынған шаруаға ең сенімді жол, ол мал бағудың тәжірибесінен ой қорытып, өзіне керегін көкірегіне тоқу. Мал өсірудің қисынын білген шаруа, мал өсіру барысында адасуға жол беріп, арбауға түспесе деген ниет. Қазіргі кезеңде, шет елдің әдісін дәріптеп, өзіміздің жетістіктерімізге немқұрайлы қарау – мал өсіруге тұсау болып тұрғаны ащы шындық.
Жоғарыда баяндалған мәліметте «қазақтың ақбас сиырының» қалыптасу кезеңі, даму кезеңі айқындалды. Дегенмен, жаппай жекешелендіру кезеңінде жаппай жақсартылған мал күйзеліске ұрынды. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, тек қолдағы бар малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Осы кезде, мал өсірудің ұйтқысы асыл тұқымды малдың парқы түсіп кетті. Жалпы, мемлекеттік деңгейде мал асылдандырудың жоспарлы жұмысы тоқырауға ұласып, көптеген асыл тұқымды шаруашылықтар бөлініске түсіп, асыл тұқымды малдың есебі де дағдарысқа ұшырады.
Осы тұста сиыр етін экспортқа шығарамыз деген саясатпен сырт елден «кірме малдар» әкелінді. Әкелінген малдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық мемлекеттік қолдау ресурстары осы бағытқа жұмылдырылды. «Кірме мал» әспеттеліп, қазақтың ақбас сиыры «өнімділігі нашар» мал ретінде сипатталды. Өкініштісі, осы бағытта мал өсірген шаруаларды герефорд малының бұқашықтарын қолдануға итермелеу жүзеге асқаны, өкінішті-ақ.
Соңғы жылдары қазақтың ақбас сиырының республикалық палатасы осы тұқымның дамуына бағытталған біраз шаруалар атқарып жатыр. Дегенмен, тек селекция мал өнімін арттырудың кепілі екенін ескере отырып, Палата өз жұмысын тоқырауға ұшыраған тұқымның өрісін кеңейту үшін заманауи ұстанымдарға пәрмен беруге жұмылдырғаны тиімді. Мысалы, бұқаларды ұрпағы бойынша бағалауды заманауи «GrowSafe» әдісімен жүргізу бастамасын қарқынды дамытып, бұл әдісті шаруашылықтарда жаппай қолдануға күш жұмсау керек. Малдың тұқымдық сапасын арттырудың бірден-бір қысқа жолы – қолдан ұрықтандыру, осы іске пәрмен беріп, осы бағытта мемлекеттік қолдаудың аясын арттыру керек. Сонда ғана, өткен ғасырдың сексенінші жылдары қол жеткізген жетістіктеріміздің қайталанатыны күмәнсіз. Тұқымдық малдарды таңдау мен іріктеу барысында геномдық талдаудың заманауи технологиясы – «SNP» әдісін кеңінен қолданып, селекциялық жетістіктерді жеделдетуді кешіктірмеу Палатаның абыройын арттырар еді. Маман ретінде айтарым, мал асылдандыру жұмысын жандандыру ғана – «Қазақтың ақбас сиырының» тұқымдық әлеуетін арттырып, «құтты малдың» құтын қашырмай ел игілігіне айналдырары сөзсіз.
«Казахская белоголовая оказалась под угрозой размывания» деген мақаламда қазақтың ақбас сиыры тоқырауға түсті деген пікір жазған едім. Ғылыми тұрғыдан соңғы жылдары атқарылған селекциялық жұмыстарды саралау барысында «Асыл түлік» мал асылдандыру Орталығында «қазақтың ақбас сиырының» жеткілікті мөлшерде ұрығы дайындалмағаны анықталды. Өйткені, соңғы жылдары шаруалар тарапынан осы тұқымның ұрығына сұраныс көбейді. Көптеген шаруашылықтар қолдан ұрықтандырудың тиімді екеніне көз жеткізді. Осындай сұраныс туындағанда, ақбас сиырдың ұрығын ұсынуға Орталық дәрменсіз болды. «Қолдан ұрықтандырудың қажеті шамалы» деген ұстаныммен табынға «кірме малдың» бұқашықтарын қарқынды пайдалану кезеңінде, «Асыл түлік» орталығының осы бағыттағы жұмысы тоқырауға ұшырағанды. Себебі, басшылық жиі ауысып, саясат ықпалымен жоспарлы жұмыстар атқарылмаған да, тұқымдық бұқашықтарды таңдау, олардың ең жақсысын іріктеу жұмыстары іркіліп қалған. Тек, 2020 жылы ғана шаруалар тарапынан сұраныс көбейіп, «Асыл түлікке» жаңа басшылық келгенде ғана республикалық Палатамен бірлесіп, тұқымдық бұқашықтарды іріктеп, олардан ұрық алу басталған.
Герефорд тұқымының дәріптеліп, малды «тұқымын жақсарту /породное преобразование/» үдерісі бойынша табында «кірме малдың» бұқашықтары қарқынды пайдаланылғаны ешкімге құпия емес. Осы мәселе төңірегінде ғылымдағы әріптестерім әр қилы уәж айтып жатты. Дегенмен, герефорд тұқымын қазақтың ақбас сиырын шығару мақсатында қолданғанымыз анық, яғни ақбастың қанында герефордтың қаны бар екені ақиқат. Енді, осы қанға үстемелеп қан құйсақ, герефорд тұқымының қаны үстемдік алып, малдың еттілік қасиеті жақсарғанымен, жергілікті жерге төзімділігі әлсірейтіні ескерілмеді. Қазақтың ақбас сиырын шығару барысында IV және V буын малдардың дене бітімінің босаң тартып, жайылымға бейімділігі әлсірегені жоғарыда жазылды. Осы жағдайды қайталау қажет пе? «Өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды» деген бабамыздың даналығына сүйенсек, отандық малды «кірме малмен» әлсіретпей, өзіміздің малдың тектілігін арттыруға жұмыс жасаған игі болары анық.
Айбын ТӨРЕХАНОВ, профессор
Тағы оқыңыз: