«Жанұя» орталығына жыл басынан бері 8 мыңнан астам елордалық түрлі сұрақтар бойынша жүгінген

Dalanews 17 нау. 2021 06:34 190

Елордада «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың тамыз айында ашылды. Бүгінге дейін орталық мамандарына 70 344 мәселе бойынша 50 672 адам жүгінді, – деп хабарлайды Dalanews.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік әлеуметтік саясат – қоғамның әлеуметтік өмір сүру жағдайын реттеудің бір бағыты болып саналады. Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды қолдап, қоғам мүшелерінің әл-қуаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылдың 26 тамызында қала әкімдігінің жанынан «Жанұя» отбасын қолдау орталығы пилоттық жоба ретінде ашылған болатын.

Жобаның мақсаты – қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету.

Орталық «бір терезе» принципіне негізделіп, қала тұрғындарының (көпбалалы, толық емес, әлеуметтік аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және т.б) азаматтардың жекелеген санаттарына кешенді консультациялық қызметтер көрсетеді.

Орталықта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жұмысы ұйымдастырылған, олар – Нұр-Сұлтан қаласының «Білім басқармасы» ММ, «Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ, «Халықты жұмыспен қамту» орталығы КММ, «Тұрғын үй» қоры КММ, «Отбасы банкі» АҚ, «Кәсіпкер ана» ҚҚ өкілдері консультациялық қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, орталықта құқықтық, психологиялық кеңес алу сонымен қатар қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу ұйымдастырылады.

Орталық базасында, басқармалар мен оларға бағынысты басқа да ұйымдарының бірінші басшылары азаматтарды қоғамдық қабылдау жүргізеді.

Сонымен қатар, орталықта цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында және әлеуметтік қызмет көрсету порталында жұмыс істеу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету секторының жұмысы ұйымдастырылған.

Сектордың мақсаты – техникалық мүмкіндігі жоқ жекелеген азаматтардың санатына, электронды үкімет, әлеуметтік қызмет көрсету порталдарында орталық қызметкерлерінің көмегімен, консультациялық кеңес беру және жұмыс істеуді үйрету болып саналады.

2021 жылдың басынан бастап (16.03.2021) дейін орталыққа 8 833 сұрақ бойынша 8 488 – адам жүгінген болатын. Оның ішінде 5 234 – мәселе бойынша жүйелі кеңестер берілді, 3 599 – мәселені шешуге шаралар қабылданды.

Айта кетейік, «Жанұя» орталығы Бейбітшілік көшесі, 14-үйде орналасқан, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін, сенбі-жексенбі демалыс күндері.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x