Амандық Баталов Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарына жұмыс сапармен барды

Dalanews 04 нау. 2021 15:42 255

Есік топтық су таратқышын іске қосу жалпы саны 105,2 мың тұрғыны бар 9 елді мекенді сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызы бар бұл жоба «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жобаның орындалу барысы туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарына барған сапарында айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Сапар барысында Амандық Баталов ең алдымен Есік топтық су таратқышы құрылысының барысымен танысты.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың айтуынша, жобаның жалпы құны 4,4 млрд теңге. Оны жүзеге асыру 9 елді мекенге, атап айтқанда, Есік қаласына, Бөлек, Әймен, Қызылжар, Қарасай, Қайназар, Көктөбе, Рахат, Өрікті ауылдарына. ауыз суды сапалы және үздіксіз беруді қамтамасыз етеді. Жобада тәулігі қуатына 30 936 текше метр болатын сүзгі стансасының, көлемі 1400 текше метрлік 2 резервуардың, ұзындығы 40,2 км су таратқыштың құрылысы қарастырылған. Бүгінгі күні нысан 60% дайын. Жұмыстар 2022 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланған.



Амандық Баталов осы күні Бөлек ауылдық округінде Әймен ауылында орта мектепке жасалған күрделі жөндеу жұмыстарымен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының шеңберінде атқарылған істермен танысты. 


Сол сияқты облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына Түрген ауылында ауыз судың үзіліспен берілу себебін анықтау тапсырылды. Бұл мәселені облыс әкіміне жергілікті тұрғын хабарлама жазу арқылы жеткізген.

Мұнан соң өңір басшысының жұмыс сапары Талғар ауданында жалғасып, онда А.Баталов Талғар қаласындағы аулаларды абаттандыру жұмысымен танысты.



Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша блокты-модульді қазандықтар орнату аулаларды абаттандырумен қатар жүргізілуде. Аула ішілік алаңдарды абаттандыру жобаларын іске асыруға 1 млрд 311 млн теңге бөлінген. Барлығы 123 көп пәтерлі үйі бар 70 аула абаттандырылады. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында құрылыс жұмыстарына 200-дей адам тартылған.

Облыс әкімі Талғар қаласы Абай көшесіндегі № 87 үйдің ауласын барып көрді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың сапасына көңілдері толған. Атап айтқанда, олар БМҚ-ға қосқаннан кейінгі жылумен қамту және аулаларды көркейту сапасына риза.

– Біздің үйде негізінен егде адамдар тұрады. Олардың көпшілігі өз пәтерлерін жылыту үшін күн сайын жоғарғы қабатқа көмір, отын тасып, күл шығаруға мәжбүр болатын. Бұл үлкен адам тұрмақ жастардың өзіне де ауыр. Қазір ол қиыншылықтан құтылдық. Пәтеріміз тіпті ыстық десек те болады. Ауланың да ажарын кіргізіп, жаңа келбетке келтіріп қойды. Немерелеріміз емін-еркін ойнап жүр, – деді аула тұрғындарының бірі.



Облыс әкімі жобаға қасбеттер мен шатырларды абаттандыру жөнінде ұсыныстар қосуды тапсырды. «Сонда үйлер тұтастай жаңарып, эстетикалық бейнесі қалыптасады. Қазір аулалар ретке келтірілді. Үйлер орталық жылу жүйесіне қосылды. Осының бәрі тұрғындардың қауіпсіз, жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұл ел Президентінің берген маңызды тапсырмалардың бірі» деп атап өтті А. Баталов.


Жалпы 2018 жылдан бастап Талғар қаласында 32 блокты-модульді қазандық орнатылды. Бұл 142 көп пәтерлі үйді немесе 4489 абонентті газбен жылыту орталық жүйесіне қосуға жағдай жасады. Биылғы жылы Еңбекшіқазақ, Қарасай, Панфилов, Ұйғыр аудандарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 109 көп қабатты үйге арнап 36 БМҚ салынады. Бүгінгі күнге өңір бойынша Қарасай және Талғар аудандарында  барлығы 152 көп қабатты үй үшін 35 БМҚ орнатылып, бұл қазандықтар пәтерлерді орталық жылу жүйесімен қамтып отыр.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x