Павлодарда жылына 3 мың трактор құрастыратын зауыт салынады

Dalanews 19 желт. 2019 02:41 162

«KSW Agrotech» ЖШС-ы қытайлық серіктесі – «Wan E» компаниясымен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруды қолға алмақ. Тараптар Павлодардағы «Инвесторлар үйінде» осындай келісімге қол қойды.

Келісімшартқа қол қою рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов қатысты. Тракторларды жинау Павлодардың бұрынғы автобазасының алаңында жүзеге асырылмақ. Жақын уақытта кәсіпорынға Қытайдан құрастыру желісі жеткізіледі. Қуаттылығы 300 аттың күшіне тең келетін техниканың алғашқы легін 2020 жылдың күзгі жиын-терім жұмыстарына дейін көпшілікке таныстыру жоспарланған.

– Бұл жобаны үш кезеңге бөліп, жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі базаның қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалана отырып, жылына 3000 трактор құрастыру қолға алынады. Жаңадан 50 жұмыс орны құрылады.

Егер бәрі жоспар бойынша жүретін болса, 2021 жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағынан әлдеқайда үлкен кәсіпорын салуды бастаймыз. Тиісінше, 150 жұмыс орны ашылатын болады. Бұл кәсіпорынның қуаттылығы жылына 30 мың техника құрастыруға дейін жетпек.


Болашақта аталған өндірісті Павлодар облысында біржола дамытып, металл бұйымдары мен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған бөлшектерді шығармақпыз, – дейді «KSW Agrotech» ЖШС бас директоры Рустам Ибрагимов.

Инвесторлардың сөзінше, олардың тракторлары тек Қазақстанда ғана емес, жақын шет мемлекеттерде де сұранысқа ие болуы керек. Олардың басты артықшылығы – бағасында. Павлодарлық трактордың құны шамамен 130-150 мың долларды құрайтын болады. Ал дәл осындай америкалық, еуропалық техникалар 500-700 мың доллар тұрады. Оның үстіне кәсіпорын өз тракторларын лизингке беруге және ауыл шаруашылығы өнімдеріне айырбастауға әзір.



Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген – Ольга Музалевская

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x