2020 жылға дейін 84 елді мекен ауыз сумен қамтылады

Dalanews 11 мау. 2018 03:46 223

 2020 жылға дейін орталықтандырылған ауыз сумен қала тұрғындары – 97 пайызға, ауылдық елді мекендер – 62 пайызға қамтылуы керек. Сонда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су және су бұру жүйелерімен қамтудың нақты көрсеткіштерін толығымен орындаған боламыз. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық жиында мәлімдеді.



Аймақ басшысы жалпы өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 200-ден астам ауыл бар екенін айта келе, жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайымға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Бүгінде облыс халқының 12 пайызы, яғни шамамен 200 мыңға тарта тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіруміз керек. Бағдарлама талаптарына сәйкес, елді мекендерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін, бірінші кезекте жер асты су қорларына геологиялық іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Осы жұмыстардың қорытындысы негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу керек, – Жансейіт Қансейітұлы.

Басқарма басшысы осы бағытта, 2016-2018 жылдары халық санының басымдығына қарай 117 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттары әзірленін жеткізді. Облыстың даму жоспарына сәйкес, алдағы 3 жылда 84 елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. 2018 жылы ауыз су саласына 11,0 млрд.теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 20 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 56 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі. Сонымен қатар басқарма басшысы жыл соңына дейін 13 елді мекен ауыз жүйелерімен қамтылса, 2 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылып, 2 мөлтек ауданда және 4 суағарлар құрылысы аяқталатынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшысына өзге аймақтармен салыстырғанда халқты ауыз сумен қамту деңгейі қандай екенін анықтауды және аталған салаға автоматтандыру жүйесін енгізуді тапсырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x