Тұрақтандыру қорының қоймалары көкөніс бағасының артуына жол бермейді

Dalanews 08 желт. 2017 10:52 169

Қыс айларында азық-түлік бағаларының қымбаттауына жол бермеу керек. Бұл үшін тұрақтандыру қоры тиісті шараларды атқарып, халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап, бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс. Бұл туралы Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында орналасқан өңіріміздегі тұрақтандыру қорының қоймасын аралап көрген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Аталған тұрақтандыру қоры бүгінде халыққа қажетті барлық тауарларды таяуда ғана пайдалануға берілген Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында сақтауға кіріскен болатын. Қазір аталған қор мұндағы 4 мың шаршы метрлік қоймаларды жалға алып, 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарларын сақтап отыр. Аталған серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандыруда заманауи қоймалардың маңызды екенін жеткізді.

– Еліміздің солтүстік аймақтарында қыстың кеш түсіп, жылы температураның сақталуына байланысты тауар өндірушілердің қоймалардағы картоп, сәбіз өнімдері шіріп кетіп жатыр. Соның салдарынан тауар өндірушілер қоймалардағы тауарларын жаппай сатуға шығаруда. Бұл жәйт алдағы көктем айларында нарықта кейбір өнім түрлерінің тапшылығына алып келуі мүмкін. Сондықтан облысымызда құрылған тұрақтандыру қоры Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығындағы жаңа заманауи қойманы пайдалануды қолға алды. Қордың бұл әрекетін құптарлық деп бағалаймын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы қордың жалға алып отырған қоймаларын аралап көріп, ет пен ет өнімдерін де сақтауға кеңес берді.

– Бұған дейін тұрақтандыру қоры тауарларын Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді міне Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларымызды сақтау мерзімі ұзарып отыр. Қазірдің өзінде біз осында сақталған картоптарды 85 теңгеден, сәбізді 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығарудамыз, – деді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов.

Айта кетейік, мұндағы барлық тауарлар биржа арқылы сатып алынады. Екіжақты жасалған шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады. Ал әлеуметтік маңызы бар бұл азық-түлік қоры баға шарықтап кеткен жағдайда бәсекелестік орта қалыптастырып, оны қайта қалыпқа келтіруге сеп болмақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қараша айына белгіленген 101 пайыз баға индексі 98,5 пайызға төмендеп отыр.

ОҚО әкімнің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x