Ақтөбенің бас полицейі қазақша білмей, жұрттың ашуын туғызды

Dalanews 17 мау. 2017 04:09 193

"Құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан этикалық нормалардың бұзылуы мəселесі" тақырыбында баяндама оқыған Ақтөбе облыстық ІІД басшысының орынбасары Андрей Хайруллин қазақша білмегені үшін қойылған сұрақтарға жауап бере алмай састы деп хабарлайды NUR.KZ.

Ресми тілде баяндама оқыған подполковникке қоғамдық кеңеске қатысушылар қазақ тілінде сұрақтар қойды. Басшы мемлекеттік тілде қойылған бірнеше сұраққа ресми тілде жауап берген болатын. Этикалық жағдай туралы баяндама жасап тұрған басшының қылығы қоғам қайраткерлерінің ашуына тиді.

– Қызмет көрсетудің басы – тілден басталады. Құқық қорғау қызметкерлеріне мемлекеттік тілде сұрақ қойса, мемлекеттік тілде жауап бермесе этикаға жата ма? Жауап бере алмасаңыз, бере алмайтыныңызды айтаңыз, – деді кеңеске қатысушылар.

– Жауап бере алмаймын, – деді ІІД басшысының орынбасары.

– Құқық қорғау мекемесінде лауазымды қызметте отырған басшының қазақ тілін білмеуі ұят. Органда отырғандарға қазақ тілін үйрете алмай отырғанымызға неше жыл болды?! Осындайлар президенттің жаңғыру бағдарламасының дамуына кедергі келтіріп отыр. Өзіміздің арамызда мемлекеттік тілде сөйлесе алмау деген ұят, – деді дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиал басшысы Базарбай Иманов.

Қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елубаевтың өзі полиция жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Департаменттің сыртпен басланысы жоқ. Ақтөбедегі ІІД қоғамдық кеңес тарапынан жолданған хатқа да жауап бермеген. Департамент өкілдерін қоғамдық кеңестің өзіне жалынғандай болып шақырып алған.

– Қоғамдық кеңеске шақырған хатымызға жауап болған жоқ. Департаментке барып хатты көрсетіп, тіркелген нөмірді көрсеткеннің өзінде олар хатты алмағандарын айтты, – деді қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елубаев.

Облыс əкімдігінде өткен қоғам кеңес тіл мəселесіне қатысты үлкен даумен аяқталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x