Намыс формуласы

Dalanews 27 қыр. 2016 10:48 276

(«Nәtige» мен «220 VOLT» компаниясының құрылуы)

 

(Соңы. Басы өткен нөмірде)

1999 жыл. Қақаған қыс. Ерлан Әшімнің кабинетіне кірген дүкен сатушысы (өзінің қызметкері) бір бейтаныс адам ұсыныспен келіп тұрғанын айтады. Жұмыс соңына қарай шаршаңқырап отырған жас кәсіпкер «керегі жоқ, кіргізбей-ақ қой» деп отыра береді. Бірақ ізінше кетіп бара жатқан сатушы қызды тоқтатып, «кіргізсең, кіргізші» дейді. Бұл сәтте сатушы қыз ұзын дәліздің соңындағы есіктен енді шығып барады екен. Сәл кешіксе, ол шығып кетіп, сырттағы адам сол күйі кіре алмай кетуі мүмкін еді (әрине, тағдырда көп нұсқа жоқ, кіру бұйырып тұрған адам қалай да кіреді). Сөйтіп, бейтаныс адам ішке кіреді. Суықтан үсіп кете жаздаған, қабағы мен мұрнына мұз қатқан, сөйлеуге шамасы жоқ. Қолында сүттің үлгілері бар.

Келген қонағының жағдайы осыншама мүшкіл деп ойламаған Ерлан алғашында шошып кетеді. Дереу, сатушыға шай дайындатып, үсіп кетуге шақ қалған мейманын жайғастырады. Сол сәтті Ерлан өзі былай еске алады: «Есін жиып алған соң, Алексейім (қонақтың аты солай) тауарларын таныстыра бастады. Мен шыдамай кетіп: «Шыныңды айтшы, не болды, бір қиындыққа ұшырағаныңды көріп тұрмын ғой» дедім. Содан кейін барып ол шын оқиғасын айтып берді. Сөйтсем, ол өзіміздің Қарағандының бұрынғы шахтері екен. Кейін Қостанайлық сүт шығаратын «ДЕП» компаниясына сауда өкілі болып жұмысқа кірген де, Қарағандыға сүт әкеліп, достары арқылы сатып жүрген. Ақыры бір күні достары сүтті таратып беруден бас тартып, аяқ астынан далада қалған. Біздің дүкенге шамалы болса да сүтіп сатып, соған тамақ алып ішіп, көлігіне жанармай құймақшы екен. Ол көлігі ескі, пеші жоқ, қырық градус аязда үсіп кете жаздап жүргені сол екен. Егер сүті бұзылса, оның ақшасы да мойнына ілінгелі тұр. Аяп кеттім де, көмектеспекші болдым». Осылай, қарапайым ғана адами әрекеттен болашақ компанияның тарихы басталып жатқанын ол кезде кім білген...

[caption id="attachment_20274" align="alignleft" width="428"]maxresdefault Белгілі кәсіпкер Ерлан Әшім[/caption]

Ерлан Алексейді үйіне апарып, орналастырады да, өзі достарына хабарласа бастайды. Бір түннің ішінде бір жүк машинасына тиелген сүтті сатудың жолдары қарастырылып, ақыры ертесіне сатып бітіреді. Риза болған Алексей Қостанайға кетеді. Бірақ сол жолы ол Қарағандыға әлі талай сүт әкелетінін, кейін біржолата көшіп келіп, тура сол Ерланмен кездескен дүкеннің үстіндегі үшінші қабаттан пәтер алып, тұрақтап қалатынын, әрине, білген жоқ (қазір ол сол жерде тұрып жатыр).

Бұл уақытта Қарағандыда сүт тапшы еді. Жергілікті сүт зауытының жұмысы ақсап, шетелдік ірі компания нарықты емін-еркін иеленіп, ойына келгенін істеп тұрған. Дүкеннің иесі ретінде Ерлан өзі талай рет сүт үшін кезекке тұрған. «Ашуым келетін еді, сол кезде олар мені бекер ашуландырды» деп кейін бәсекелестерін күле еске алып қоятыны бар.

Қош, өздеріңіз де түсінгендей, Ерлан енді Қостанайдан сүт алып, Қарағандыға тарата бастайды. Кейін, ол жақпен келісімді үзіп, «Балқашсүт» фабрикасынан сүт әкелуге көшеді. Жұмысы жақсы жүріп, Қарағандының сүт нарығын жайлай бастайды. Осы кезде алға ұмтылуды көзбеуді әдетке айналдырып алған Ерланға тағы бір идея келмей ме? Неге сүтті өздеріне шығармасқа? Қашанғы біреудің тауарын сатып жүре бермек? Осындай ойдың нәтижесінде «Нәтиже» дүниеге келеді. Сүт өндірісінен хабары жоқ, тек оны сатумен ғана айналысып көрген жігіт керекті адамдарды тауып, ұйымдастырып, барлық талаптарға сәйкес келетін сүт зауытын жасап шығарады. 2003 жылы «Нәтиже» деген атауын алған сол компания қазір Қарағандыдағы нөмір бірінші сауда белгісі (сүт өнімінен).

Кәсіпкер адам көпшілікке керек болып тұрған тауарды көре біледі. Жоғарыда айтқан сол уақыттағы сүт тапшылығын Ердан дер кезінде аңдай білген. Одан соң, өзі айтатын намыс сезімі неге мен істемеуім керек деген ойды тудырған. Айта кетуге болады: ол кезде сүт шығаратын шетелдік болсын, Қазақстандық болсын компаниялардың қожайындары өзге ұлт өкілдері (қазір де бір қолдың саусағымен санап шығуға болады). Осы жағдай да намысты жігітті қамшылағаны сөзсіз.

Осы жағдайды айтқанда фамилиясын тек Әшім деп қазақша жазғызатын, құжат қазақша болмаса (жоқ дегенде қазақша аудармасы болуы керек) қол қоймайтын (бұнысын білген қызметкерлері міндетті түрде құжаттың барлығын қазақшалап апарады) Ерлан Әшімнің қазаққа деген махаббатын көрсететін көптеген жағдайлар еске түседі... Сүттің қорабын Шығыс Қазақстаннан шығартады. Ресейден бірнеше рет Шығыс Қазақстандағы типографиядан арзан әлі сапалырақ қылып шығарып беретін ұсыныстар түскенде бас тартқан. Ондағы ойы ақшаны шетел асырып жібергісі келмейді. Әрине, шекарасы асып келетін тауардың уайымы көп, әлдеқандай жағдай болып, бері өтпей қалса, зауыт тоқтауы кәдік. Ол жағын да ойлайды-ау... Дегенмен негізгі себебі, жоғарыда айтқанымыздай.

Енді осы «Nәtige» мен парралель дамыған «220 VOLT» компаниясы бар ғой. Бұл Ерланның нан пісіретін уақытынан да бұрын. Ауылда электрик болып жүрген кезі естеріңізде шығар? Дәл сол уақыттар шамасы, тек сәл кейінірек, совет үкіметінің құлауымен сәйкес келеді.

Үкімет құлап, жұмыс орындары қысқарып жатқан кез. Ерлан да электрик қызметінен айрылып, оған іштей қуанып, қалаға бет алады. Ол жақтан адамға керекті азық-түлік тауарларын алып, ауылына әкеп сата бастайды. Саудасы тәуір жүреді. Бірақ қазақы ауыл үшін саудамен айналысу ұят нәрсе (қазірге дейін көп адамдардың түсінігінде саудагерлік деген алаяқтық сияқты көрінеді). «Менің ең басты «қарсыласым» әкем болды» деп күледі кәсіпкердің өзі сол уақытты есіне алғанда. Әлбетте, Ерлан әкесіне ешқашан қарсы шыққан емес. Жалпы, олар көп балалалы отбасы, онда үлкеннің сөзі – сөз. Қазақы тәрбие сақталған.

Дегенмен, кез келген қиындыққа қарсы тұра білетін Ерлан ептеп шаруасын істей береді. Өзінің көлігі болмаған соң, қаладан аудан орталығына қатынайтын автобуспен тауарын тасиды екен. Бірақ бір қызығы, Ерланның туған ауылы аудан орталығына жетпей, оңға бұрылғанда отыз шақырым жерде. Ал ол отыз шақырымға автобус жүрмейді. Ерлан сол жолайрықтан түсіп қалады екен де, жолай алып кететін көлік күтіп тұрады екен.

Бір жолы, тағы да сол қақаған қыста, түсіп қалып, көлік күтіп тұрады. Қазір өзі сол кездегі тәуекелшілдігіне таңғалады. Расында да көлік өтпей қойса, айдалада, аязды күні қасқырға жем болуы мүмкін ғой. Алайда шаруасын жүргізуді ғана ойлайтын жас жігіттің қаперіне ондай уайым кіре қоймаған. Сөйтіп, сол күні де көлік табылады. Әкімнің көлігі келе қалады ғой. «Ой, сен Мұқаңның баласысың ба? Біздің ауылда электрик болған жоқсың ба?». Әңгіме осылай басталады. Ерлан ыңғайсызданып басын изейді. Одан соң, жас жігіттің ойында бір сұрақтар туа бастайды. Үкімет құламай тұрған уақытта электр жабдықтарын әкеліп тұратын сельхозэнергия деген мекеме болған екен. Ол қазір істемейді. Енді ауыл сым, шам деген сияқты заттарды қайдан алып жүр екен? Сұрап көрсе, сол дүниелерді әкім қайдан аларын білмей басы қатып жүр екен. Оны қайдан алуға болатынын білмесе де, Ерлан мен әкеліп берейін дейді. Әкім қуанып кетеді. Бірақ ақшаның орнына сиыр бере алатынын айтады. Ерлан оған да келіседі.

Сөйтіп, алғашқы тапсырыс осылай қабылданған екен. Ерлан қалаға барып, құрылыспен айналысып жүрген ағасымен ақылдасып, жұмысы тоқтап қалған шахтаның қоймасынан керекті заттарын алады. Ерлан сол уақыттың қиындығын, айырбас деген нәрсенің дамығанын былай еске алады: «Ол кезде адамдар жоқшылыққа ұрынған еді. Ақша жоқ, айырбас сауда орын алған еді. Айлықтың орнына қап-қап күріш, қант береді. Тіпті айлықты жұмыртқамен бергенін де көргенмін. Бір күні кешке таман үйге қайтып бара жатсам, бір-бір жәшік көтерген адамдар, көлеңкелері қараңдап тізіліп кетіп барады. Адамның зәресі ұшады. Сөйтсем олар айлық алған екен. Енді ол жұмыртқаның бәрін өзі жемейді ғой? Ол апарады да, көршілерімен айырбас жасайды. Біреу литрлеп сұйықмай алған, біреу екі қапшық жуа алған дегендей. Осылай да өмір сүргенбіз».

Сол жолы, ауылға электр жабдықтарын алып келіп, орнына сиыр алатын кезде есепші сенімхат сұрайды. «Ойбу, ұмытып кетіппін» деп жауап береді Ерлан. Бірақ ішінен «Сенімхат деген не екен» деп ойлап тұрған еді. Бұл оның құжат атаулымен бірінші рет бетпе-бет келуі еді. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір аптасына қаншама құжатқа қол қояды, қызметкерлері мен серіктестері Ерлан Әшімнің қолын қойғызып алу үшін, қазақша құжат дайындап, кезектерін күтіп жүреді.
Тәуекелшіл адам көпің ойына келмейтін әрекеттерді жиі жасайды. Сол үшін де ондай адам туралы әңгіме оңайлықпен таусылмайды. Бір оқиғасы бір оқиғасынан қызығырақ сияқты көрінеді де тұрады. Сол үшін де болашақта Ерлан Әшім туралы кітап жазылатын болса (оны өзі жазуы да мүмкін), өте қызық кітап болатындай көрінеді. Әзірге кәсіпкердің студенттермен кездескендегі бір сөзімен баянымызды түйіндейік: «Мен осы елдің азаматымын. Мен ер азаматпын. Өзім 45 жастамын. Мен осы ел үшін жауап беремін. Мойнымда жауапкершілік бар. Елдің дамуы маған байланысты. Болашағы маған байланысты!».

P.S: Соңғы сұхбаттарының бірінде Ерлан Әшім «жұмыс бабымен кейінгі бес айда Түркияда тұрып жатырмын» депті. Бұл қоныс аудару емес, уақытша жұмыс орнын ауыстыру екеніне сенімдіміз. Ерлан Әшімдей азаматтың шет елге ыңғайлы өмір үшін кетіп қалуы мүмкін емес қой.

Арман Әлменбет



https://dalanews.kz/19501


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x