Сапарбаев: «Жақсы жігіттер бар, бірақ олар А корпусында жоқ»

Dalanews 22 шіл. 2016 17:31 202

«Ақтөбе ақпарат» орталығының ашық аспан астында ұйымдастырған баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев биліктегі жершілдік пен рушылдық, әкімге қарсы жұмыс жасау мен биліктен ренжіп кеткендер, кадр тапшылығы туралы ойын ортаға салғанын «Тілші» сайты хабарлады.

– Қазір заман басқа. Талаптар да жоғары. Экономикалық дағдарыс, саяси жағдайдар бар, сондықтан халық биліктен көп зат күтеді. Халықтың жағдайын жақсарту керек. Ол үшін билік жұмыс жасау керек. Егер жұмыс жасай алмаса, орындарын босатулары керек, – деді облыс басшысы,

Сапарбаевтың пайымынша, билікте жершілдік, рушылдық деген болмау керек.

– Бізде бір-ақ ру, бір-ақ жер бар. Ол – Қазақстанның жері. Рушылдығымыз – Қазақстанның азаматы. Қазақстанның Конституциясына сәйкес, Қазақстанның азаматы Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып жұмыс істеуге қақысы бар. Ал,өңірдегі кадрлық өзгерістерге келер болсақ, мен оларға тоғыз ай уақыт бердім. Жұмыс істей алмасаңдар, орындарыңды босатасыңдар дегем. Үш әкім, оның ішінде қала басшысы бар, орындарынан кетті. Кейбіреулер «баяғы жартас – бір жартас», әкімдерді алып тастау керек еді деп жазады. Қазір мемлекеттік қызмет туралы заңнамада әкім болу үшін А корпусында болу керек. Өкінішке қарай, жақсы жігіттер бар, бірақ А корпусында жоқ, – дейді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев Шалқар мен Темір аудандарының бұрынғы әкімдерінде кемшіліктер барын, бірақ тағы бір мүмкіндік беріп жатқанын жеткізді.

– Менің тәжірибемде былай: Ешуақытта жұмыстан босаған кісіні жұмыссыз қалдырмаймын. Әкім бола алмайсың, мына жұмысты жаса, басқарма басшысы бола алмайды екенсің, басқа жұмысты көр деймін. Егер маған ренжулі адамдар маған қарсы жұмыс жасаймыз десе, оны Ақтөбеде тұрып жатқан халыққа қарсы жасалып жатқан жұмыс деп түсіну керек. Бірақ маған қарсы бірдеңе ұйымдастыра қояды деп ойламаймын, – дейді облыс әкімі.

 

Марат Төлепберген,

«Тілші» сайты

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x