Марат Оспанов: «Бұл Үкіметтен қайыр жоқ...»

Dalanews 25 қаң. 2016 02:12 213

 

Осы пікірді саяси қайраткер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің алғашқы төрағасы, марқұм Марат Оспанов осыдан 18 жыл бұрын айтыпты. Бекер бергеміз жоқ. Біздіңше, түк өзгермеген. Оспановтың тұсындағы Үкімет әлі келе жатыр...

Рубль, теңге, девальвация, шикізатқа тәуелді ел. Бұл мақаланың жазылғанына 18 жыл өтсе де, өзектілігі өлмепті. Сол кезгі Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның арасында мысқалдай өзгеріс жоқ. Өкінішті...




 

dep1 (1)Жақында ғана бәрі жақсы болатындай көрініп еді. Ақыр дегенде қаржылық тұрақтылық пайда болып, асыға күткен экономикалық өсім басталады деп үміттенгенбіз. Алайда, бұл үміт ақталмады. Соңғы уақытта елдің экономикасы шатқаяқтап қалды. Жоқ, бұл дәл теңеу емес. Ол құзға құлап барады...

Біздің экономика әлемдік қаржылық дағдарыстың салдарын аса қатты сезінуде. Ресей рублі күрт құнсызданған жағдайда Қазақстанды ауыр сынақ күтіп тұр...

Нақты, таза жұмыс істеп тұрған тау-кен және мұнай-газ саласындағы өнім өндірісінде құлдырау байқалып отыр. Ауыл шаруашылығының жағдайы айтпасам да белгілі. Ауылдың жағдайы ауыр. Мұндай экономиканың болашағы бар ма?

Анығы, алдағы жылдар өте ауыр болады. Дағдарыс тереңдей түседі. Инвестиция азаяды. Демек, түсім төмендейді. Бұдан тұрмыс түзелмейді. Керісінше, ауырлай түседі. Үкімет осы күнге дейін аталған мәселелерді шешкен жоқ, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында бұларды мүлде шеше алмайды. Неге дейсіз бе?

Бүгінгі үкімет инфляцияны төмендеткенін мақтан тұтады. Бірақ, бұл ненің нәтижесінде мүмкін болды? Бірінші кезекте, монетарлық саясатты қатаңдату есебінен жүзеге асты. Айналымдағы ақша ағыны мен қолма-қол қаражаттың мөлшері азайды.

Анығы, тек қана шикізатқа негізделген экономикалық саясаттың бүгіні де, болашағы да болмайды...

Теңгені девальвациялау керек деген әңгімелер айтылып жатыр...

Бұдан не пайда? Бұдан экспортерлердің табысы молаймайды, мұнай қымбаттамайды.

Анығы, өзін-өзі сыйлайтын кез келген елдің үкіметі ұлттық валютасын девальвацияға ұшыратпауға тырысады. Ал ұшыратты екен, ендеше ертесіне-ақ отставкаға кетеді.

Себебі, халықаралық қаржылық институттар (оның ішінде Халықаралық валюта қоры) девальвацияны болдырмау үшін, мұндай елдердегі жағдайды қалпына келтіретін тұрақтандырушы несиелер береді.

Бұдан сырт, девальвация импорттың қымбаттауына алып келеді. Бұл дегеніміз өнім өндіру саласы толықтай импортқа тәуелді Қазақстан экономикасы үшін өліммен тең.
Бұл ғана емес. Теңде құнсызданғаннан кейін экономика үшін ең қорқынышты нәрсе – ұлттық валютаға деген сенімсіздік, долларизация және...теңгенің жаңа девальвациясы орын алады.

Бұл ғана емес. Бұдан кейін жұрттың жиған-тергені желге ұшады, несиелік ресурстар қысқарады, банктер бірінен соң бірі банкротқа ұшырайды. Жағдайды тұрақтандыру үшін бір емес, бірнеше жыл қажет болады...

Біз экономиканың тығырыққа тірелген, тұрақсызданған, аса ауыр жағдайында тұрмыз. Мұндай экономиканың өз заңдары мен талаптары бар. Мұндай экономиканы басқару аса ауыр. Үкіметті саясиландыруға болмайды. Бұл таза экономикалық орган және солай қалуы тиіс.
Оның жұмыс тиімділігі – атқарар қызметін нақты айқындағаны, экономиканы мемлекеттік бақылауға алудың салалары мен шекарасын белгілегеніне, жүйеге таза әрі білікті кадрларды іріктегеніне, заңды сақтағанына және қоғамдық демократиялық институттарды дамытқанына байланысты болады.
Иә, адам ретінде кез келген үкімет мүшесінің пафосты мәлімдемесін түсінуге тырысасың. Ешкім экономиканы және әлеуметтік жағдайды жаман жағынан көрсеткісі келмейді. Алайда мұндайда Үкімет жағдайға әділ баға бере алмайды, соның салдарынан шешім қабылдауда қателеседі. Мұның арты басқа да қателіктерге ұрындырады.

Елдегі жағдайды жасырудың немесе оны қалыпты қылып көрсетудің ең жаманы осы. Бір қадам алға, екі адым кейін жүрген...кері кету деген сөз. Ендеше мұндай үкіметті толықтай орнынан алу керек.

Марат ОСПАНОВ.


21.08.1998 жыл


Мақала «Караван» газетінде жарияланды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x