70 АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ...

Dalanews 08 қар. 2015 22:06 233

Қалай және неге?

Жазбауға, жарияламауға келмей тұр енді. Өз тарапымыздан үндеместігіміздің кесірін тарттық. Журналистер адам емес пе осы? Олардың да отбасылары, бала-шағасы бар емес пе?

IMG-20151105-WA0034Бұдан біраз бұрын Семей қаласына ақпар тарататын «Қазақстан-Семей» телеарнасы жабылады деген сыбысты естігенде «е, әншейін әңгіме болар, тұтас Семейге таралып отырған телеарнаны жауып тастайындай қисынсыз әрекетке бармайтын шығар» деп ойлағанбыз. Бірақ,  сыбыс шындыққа айналды, ақыры.

Алғаш қысқарту болады делінген. «Біршама қызметкерлер жұмыссыз қалады» деген сөз шықты. Сонда да аса алаңдамаған  едік. Енді міне, «Қазақстан ұлттық телеарнасының «Қазақстан-Семей» филиалы жабылсын!» деген бұйрық шығыпты. Біздің ұжымда 70 адам істейді, демек, «жабылсын» деген сөз осы 70 адам жұмыссыз қалады дегенді білдіреді.

Себебін де білдік. Әлемдік дағдарыс, қаржыны үнемдеу депті. Қызық, мемлекет қаржыны журналистердің есебінен үнемдегені несі? Үнемдеуді алдымен өзінен бастамай ма?

Бір қызығы, кішігірім зауыттағы 70 адам жұмыссыз қалды десе, бұл – трагедия.  Ал 70 журналист (әрине, оның ішіне операторлар, редакторлар, басқа да мамандық иелері кіреді) жұмыссыз қалса, ешкімнің жүрегі ауырмайтын сияқты.

Сонда журналистер адам емес пе? Семей – Алматы емес, жұмыссыз қалсақ, біз анда-мына кіре кете алмаймыз. Біздің есебімізден үнемдейтіндей айлығымыз да асып-тасып тұрған жоқ еді. 60 мыңның айналасында аламыз. Қазіргі бағамға шақсақ, бар болғаны 200 доллардан сәл асады. Сонда біздің есебімізден қай қаржыны үнемдемек?

Жарайды, бұл басқа мәселе. Егер «Қазақстан-Семей» телеарнасы жұмыс істемей отырса, телеарна түсірген дүниелерді ел көрмесе, білмесе біз де үндемес едік. Бірақ, осы арнаның отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз. Республикалық болмаса да, аймақтық деңгейде халыққа хабар таратып отырған жайымыз бар.

Иә, рас үндеместігіміздің кесірін тарттық. Қолымызды кеш сермедік пе деп қорқамыз. Бірақ, «ештен кеш жақсы». Мемлекет үнемдеуді қысқартудың есебінен жүргізіп жатқаны таңғалдырады. Қысқартудың арты жұмыссыздық. Ал оның арты не? 

Берік ТЕНТЕКҰЛЫ

 

Редакциядан: «Қазақстан-Семей телеарнасының жабылуына қарсылық білдірген телеарна ұжымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазыпты. Сол хатты қаз-қалпында беріп отырмыз.

 

Құрметті, Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫ!

Сізге «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Семей қаласындағы филиал қызметкерлері хат жазып отыр. «Ақша үнемдейміз» деген ұлттық арна басшылығы «Қазақстан-Семей» телеарнасы жабылсын!» деген шешім шығарыпты.

a75-2«Қазақстан-Семей» телеарнасы 1965 жылдан бері эфирге шығып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы біздің телеканал Сіз жүргізіп отырған саясатты бүгінге дейін белсенді насихаттап келді. Журналистер мен шығармашылық ұжым мемлекет тарапынан қабылданып жатқан түрлі стратегиялық бағдарламаларды халыққа жеткізді, олардың мәні мен мақсатын айтты. «Қазақстан – 2050» және Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламалары аясында үлкен жобалар әзірледік. Біз эфирге дайындаған бағдарламалардың барлығында еліміздегі орта және шағын бизнесті насихаттадық.

Ал Семейдің өзі Қазақстанның рухани-мәдени орталығы. Абай мен Шәкәрім дүниеге келген жер. Дәл осы жерде Сіздің қолдауыңызбен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылған. Бастысы Сіздің бастамаларыңыз бен реформаларыңызды насихаттауды біздің ұжым ешқашан да күн тәртібінен түсірген емес.

Қазір Семей қаласында 350 мыңнан асып жығылатын халық тұрады. Осы 350 мың адам қаланың күнделікті тыныс-тіршілігін, ондағы орын алып жатқан оқиғаларды біздің телеарна арқылы біледі.

Қазіргі күні ұжымда 70 адам қызмет атқарып жатыр. Аз емес. Барлығының отбасы, бала-шағасы бар. Арнаның қаржылық әлеуеті соншалықты қомақты емес, бастысы жаңалықтар түсіруге, бағдарламалар әзірлеуге қажетті барлық техникалар бар.

Сайып келгенде «үнемдейміз» деп 300  мың аудиторияға арналған аймақтық арнаны жабу қисынсыз. Бұл тығырықтан шығудың жолы емес. Оның үстіне «Қазақстан-Семей» телеарнасы өзіне қажетті қаржының біраз бөлігін өз күшімен табады. Атап айтқанда мемлекеттік тапсырыстарды орындаймыз, жарнамалар шығарамыз.

Семей стратегиялық аймақта орналасқан. Бергі жағымызда Ресей, арғы жағымызда Қытай. Бұл тұрғыдан қарастырғанда экономикалық жағдайға объективті түрде баға беретін, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың атқарып жатқан жұмысын жүйелі түрде жұртқа жеткізіп отыратын, ең бастысы елге қаланың рухани-мәдени және әлеуметтік өмірінен хабар беретін арнаның жабылуы қателік деп санаймыз.

Телеарна ұжымы аталған  мәселе Мемлекет басшысы ретінде өзіңізді араласуыңызды және «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығы тарапынан қабылданған «Қазақстан-Семей» филиалы жабылсын деген шешімнің күшін жоюды сұраймыз.

Неге десеңіз, бұл Семей қаласындағы жалғыз мемлекеттік телеарна. Ал мемлекеттік арнаның жабылуы тұтастай алғанда мемлекеттің ақпараттық саясатына кері әсер етуі мүмкін.

Құрметпен, «Қазақстан-Семей» телеарнасының ұжымы


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x