Cоңғы жаңалықтар
Back

Ақылды болсаңыз, неге кедейсіз?!

Ахметбек4Осыдан біраз бұрын «Қала мен Дала» газетіне кәсіпкер, бизнестің қыр-сырын игеруге 20 жылдан астам уақытын жұмсаған, бірнеше кәсіпорынды тұралап қалған жерінен қолға алып, жұмысын жандандырған Ахметбек Нұрсиламен аз-кем сұхбаттасып, «Қазақ қайтсе байиды?» деген тақырыппен жариялап едік. Ол кезде Ахаң тұңғыш рет қазақ тілінде «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлік мектебінің мастер-класын өткізуге дайындалып жатқан-тұғын. Содан бері бірнеше рет мастер-класс өткізді. Және алғашқы ақылы бизнес-тренинг өткізіп, бірнеше талапты жасқа жеке бизнесін ашуға көмектесті. Ахметбек Нұрсила үнемі әлеуметтік желілердегі парақшасында қазақты еңбек етуге, кәсіп игеруге үндеп келеді. Солардың ішінен іріктеп алып, оқырманға ұсынып отырмыз.

Қадірлі оқырман, ештен кеш жақсы. Бизнесмен болу қиын шаруа емес. Сіздің де қолыңыздан келеді. Интернетті пайдаланып, сауда жасаудың түк қиындығы жоқ. Төмендегі жазбаларды оқыңыз, ойланыңыз, шабыт алыңыз!

 Алма піс,  аузыма түс…

Африканың бір ауылы маңында папайя деген жеміс талдың басында өседі екен. Күзде дәл сол жеміс піскен кезде қатты жел соғады  екен де, сол ауылдың адамдары жерге түскен жемісті мол қылып жинап алып, жыл бойы қоректенеді екен.

Бір жылы күзде жел соқпай қалыпты да, сол ауылдың адамдары түгел аштан қырылып қалған көрінеді…
Біздің кей бауырларымыздың өмір сүруі сол ауыл адамдарының тірліктерін еске түсіреді… «Алма піс, аузыма түс» деген осы ғой.

Ахметбек2

Бизнес-тренингтен көрініс

Техника тілін білетін қазақ неге жоқ?

Бүкіл Алматыдан видеоконференция жасауды ұйымдастырып беретін бір қазақ таппадым.

Бірінші «Бизнес тренингті» Астанаға онлайн режимде ұйымдастырмақ болып, мамандар іздедік. Әдеттегідей «Гуглға» жүгінеміз ғой. Өкінішке қарай, 2 күнде жиырма шақты компаниялармен жеке адамдарға хабарласып, ішінен бір қазақ маман таппадық. Амалсыз орыс азаматтарының қызметін пайдаланатын болдық. Бағасы да арзан емес.
Төлен Рамазанұлы сияқты бауырлар: «Қазақтар орысша да, ағылшынша да білмеуі керек» деп айғайлайды. Сонда бар техниканың тілін басқа ұлттар біліп, біз сол өлең айтып, мал бағып, тәшкі итеріп жүре береміз бе?..

Голландық ауру немесе жер асты байлығының қарғысы

Экономикада «Голландская болезнь или проклятие ресурсов» деген ұғым қалыптасқан.

Көп елдер үшін жер асты байлығы бақ емес, сор болып жабысқан. Біз солардың аяғын құшпас үшін жанталасып, сауданы игеріп, қызмет көрсететін мекемелер, өндіріс орындарын ашумен айналысуымыз керек.

Тағы да жер асты байлығы туралы…
Ұлан байтақ жері бар, бірақ етті Аргентина мен Бразилиядан, сүтті Қырғыз ағайыннан, көкөністі көрші елден, киім кешегін Қытай мен Қырғыздан, кұрылыс материалын Ресей мен Қытайдан, басқасын басқа елдерден сатып алып, ШОУлатып жүрген бір ел бар! Ол – мына біз, Қазақ деген халықпыз!

Ғылым да, өндіріс те, бизнес те дамымаған. Кез келген ерінбеген шетелден келген келімсектер бізге келіп, кафе, ресторан, сауда дүкендерін, өндіріс орындарын ашып, Қазақты жалдап жұмыс істетіп, табыс тауып жатыр!

Бізде қазір ниеті қара бір топ бар. Олардың ойы мен ісі: қалайда қазақты осы надан қалпынан шығармай, тіл де үйретпей, сауда да жасатқызбай, өндіріске жолатпай, бизнес те аштырмай, осы қалпында ұстап қалу!

Олар: «Қазақ тек қазақ тілінде сөйлесін, орысша да, ағылшынша да үйренбеңдер, осы қалпында қалыңдар! «Тіл үйрен, өнер үйрен, кәсіп жаса» дегендер – қазақтың жаулары, сендерді мәңгүрт қылмақшы» деген ұранмен туған халқына қастандық жасап жатыр!

Әдейі емес, білмегендіктен! Әлемдік бәсекелестікті, ғалам мен ғылым қайда дамып бара жатқанын түсінбегендік пен қараңғылықтың кесірінен.

Оларға дауыс қосып жүздеген, мыңдаған қазақ жастары мойын тамырлары білеуленіп, айғайға басады.
Айтатындары: «Қазақтар тынымсыз ғылымды да, тілді де, өндіріс пен кәсіпті де игеріп жатыр, бірақ бәріне билік кінәлі! Билік болмаса, олар керемет болып кетер еді!».

«Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай». Абай атам жылаған қазақ сол кейпінде.

Ертең жер асты байлығы таусылғанда осылардың кеселінен 1932 жылғы қасірет ойыншық болып қала ма деп шошимын!!

Қазақ бай болса, кімге зиян?

Сонда Қазақтардың бәрі кәсіп ашып, байып кетеді ме?

Біраз Қазақтарды осы ой шошытады. «Айтуға оңайға» бір кәсіпкер бай ағамыз қатысты. Мал шаруашылығы, кафесі бар екен. «Мен жастар тезірек кәсіп ашыңдар, бизнеспен айналысыңдар» деп айтып жатыр едім, әлгі ағамызға сөз тигенде:«Сен не айтып отырсың, сонда қазақтың бәрі кәсіпкер, бай болып кетеді ме?» деп дүрсе қоя берді. Ол кісінің сөзін сол жерде отырған шенеунік те іліп әкетіп, қолдап, мені мазақтап күлді.

ҚазҰУ-дің жоғары курс студенттерімен және магистранттарымен жолықтым. Арт жақта отырған бір жігіт орнынан тұрып: «Сонда қазақтың бәрі кәсіпкер болуы керек пе? Мысалы, неге жақсы сантехник болмайды? Жұмысты сонда кім істейді?» деп кеңірдектеп болмай қойды.
Артынан сұрасам, Айдын деген мұғалімі айтады: «Ол өзі байдың баласы, өзі де кәсіпкер» деп.

Осы фейсбукта да Темірбек сияқты ағаларымыз «Ахметбек, осы сен не айтып жүрсің, қазақтың бәрі кәсіпкер болып кетсе, малды кім бағады, еденді кім жуады?» деп қоймайды.

Ағайындар-ау, қазіргі Қазақтың 80%-ында бай болу емес, күн көріс мәселесі тұр!
Қазақтың дені сауда істеп, қызмет көрсететін орындар ашып, шағын өндіріс құрып, жоқтықтан құтылса, сіздерге не зиян? Жоқ, менен басқаға болмасын деген мысықтілеу ме? Соны ұға алмадым!

Ахметбек

Қазақ тіліндегі алғашқы бизнес-тренингке белсене қатысып, арнайы жеңілдіктерге ие болғандар

 Бизнес тренинг деген не?

«Есік алды топ шеңгел, топ шеңгелге келгенде, өзіңе өзің сенсең кел» дегендей, «Бизнес-Бастауға» өзіңе өзің сенсең кел» дейміз!

Бизнес тренингке қатысамын деген ағайынға біраз нәрселерді ескерте кетсем деп едім.
Жалпы, менің түсінгенім көптеген адамдар, бұрын бизнес тренингтерге қатыспаған секілді. Бизнес тренинг дегеннің не екені жайлы ортақ түсінік, пікір жоқ екен. Өкінішке қарай, қазақ тілінде де Бизнес тренинг жайлы мәліметтер жоқ!
«Гуглден» «Бизнес тренинг – что это такое» деп іздесеңіз, жүздеген анықтамалар шығады.

Бизнес бастаудың бизнес тренингтері үш топқа арналады:

  1. Кәсіп бастайын деп ойлап, армандап, дайындалып, бірақ неден бастап, немен айналысайын, қай жолға түсейін деп жүрген жандарға дұрыс жол таңдап алмаса, адасып, банкрот болу қаупі бар екенін бәріміз білеміз.
    2. Кәсіп бастайын деген бірнеше идеялары бар, бірақ қалай бастауды білмей жүрген адамдарға.
    3. Кәсібі бар, бірақ тұтынушы аз болып, табысына көңілі толмай, ісімді ұлғайтсам дейтін кәсіпкерлерге.

Біздің тренингтердің басқа бизнес тренингтерден айырмашылығы:
1. Қамтылатын тақырыптар. Қазақстанда және басқа мемлекеттердегі бизнес тренингтер негізі белгілі бір тақырыпта ғана өтеді. Оны интернеттен және болып жатқан бизнес тренингтердің бағдарламасынан көре аласыздар. Біз бизнес бастау үшін ең маңызды тақырыптардың бәрін қамтимыз.
2. Бағасы. Бір ғана тақырыпты қамтитын бір күндік тренингтердің бағалары 100 000-нан 200 000 теңгеге дейін. Қазір болып жатқан Гандпапс, Архангельский және де басқа тренинг ұйымдастырушыларынан сұрап білуге болады. Біздің тренингтер олардан 5-10 есеге дейін арзан.
3. Сабақ кестесі. Бизнес тренинг 4 тақырыпқа бөлінген. Ұнағанына және керегіне ғана қатыса аласыз. Ақысы бөлек төленеді.
4. Нәтижесі. Талабы мен қажырлылығы жетік адамдар бір айдан соң өз кәсіптерін бастап кете алады. Біз нақты жолдарын көрсетіп береміз. Көп тренингтерден өткен адамдардан бір айдан соң сұрасаңыз, не естіп, не қойғанын есіне де түсіре алмайды.
5. Нақты іс жүзінде көмегіміз. Бизнес жасаудағы ең қиын бөлігін біз өзімізге алуға тырысамыз.

Ғаламторда сайт жасау. Қазір Қазақстанда жақсы сайт жасай алатын компаниялар өте аз және бағалары тым қымбат. Әрине,сіздер жақсы сайт жасайтын компания таба алсаңыздар сол жерге жасата бересіз.

Ғаламторда жарнама жасау. Контекст және СММ. Бұл құралдарды жоғары деңгейде меңгерген Қазақстанда санаулы ған амамандар бар. Оны игеру үшін компьютерді өте жақсы білу керек және бірнеше ай бойы жаттығу керек. Оны да біз өз мойнымызға алуға тырысамыз. Егер де сіз Контекст пен СММ-д іжүргізіп беретін басқа маман, не өзіңіз игеріп алсаңыз, әрине, онда өз еркіңіз біледі.
6. Серіктес тауып беру. Шетелдерден сенімді, сапалы зат жіберіп тұратын серіктес (поставщик) тауып беру. Оны да біз көмектесіп, шешіп беруге тырысамыз. Бірақ барлық кәсіп бастаймыз деген адамдарға тауып береміз деп уәде бере алмаймыз. Бұндай қызметті бірде-бір тренинг өткізетін компания жасамайды.

Сөз соңында айтатынымыз: 100% кепілдік тек Алланың қолында. Біз жолын көрсетеміз, білгенімізді үйретеміз. Ары қарай сол ауыр да қиындығы мол жолды Сіз жүріп өтуіңіз керек!

business – дело, іс.
Бизнесмен – занятой человек – Жұмысбасты адам, іскер адам.
Ескі ағылшын тілінде бизигнес – bisig, «Тынымсыз, арпалысқан, шаршаған, қобалжыған, абыржыған, тырмысқан, тегеурінді, табанды, қажырлы» дегенді білдіреді.

Өзіңізге сеніміңіз болмаса, бизнеске жоламаған дұрыс. Істеп жүрген жұмысыңыздан айрылып, далада қалсаңыз обалы бізге болады.

«Есік алды топ шеңгел, топ шеңгелге келгенде, өзіңе өзің сенсең кел» дегендей, «Бизнес-Бастауға» өзіңе өзің сенсең кел» дейміз!

Оңай жол жоқ!