Қазіргі қоғамда имамның алатын орны қандай?

Dalanews 12 қыр. 2021 01:02 234

Кеңес үкіметінен бұрын имам-молдалар халықтың алдында шынында да үлкен абыройға ие еді. Қандайда бір түйткілді мәселенің соңғы шешімін молда шығаратын.

Халық діни немесе басқа да сұрақтар мен кез келген істің шешімінде "Молдеке, сіз не дейсіз?", – деп молдаға жүгінетін. Ол болса, кез-келген мәселені даналықпен зерделеп, әр нәрсені өз орнына қойып беретін-ді. Бұл дегеніңіз, имамның асқақ абыройының көрінісі еді. Қазақтың атын әлемге әйгілі еткен Абай атамыз білімді кімнен алып еді? Әрине, молладан алды. Әкесі алғашында Семейдегі Ғабдұлжаппар деген татар молдаға береді. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылатын. Абай атамыз болсын, басқа да зиялыларымыздың көпшілігі мешіттің жанындағы шағын ғана медреселерде білім алған.

Ал бүгін ше? Қазіргі қоғамда имамның алатын орны қандай? Әрине, кеңестік кезеңмен салыстыра алмаймыз. Имамға деген азда болсын құрмет бар. Алайда, сол бір кездің сарқындары қалғаннан ба, әлде имамдарымыз осыншалықты құрметке лайықтау болмағаннан ба, әйтеуір, кейде көңілге көлеңке түсіретін көріністер кездесіп жатады.

Ал, одан бұрынғы дәуірде ше? Одан әлі де болса алыстау сияқты. Біз молданы қашан іздейміз?

Имам – кемеңгер кеңесші, қиналғанға қамқор, жұртқа жанашыр, үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұлағатты ұстаз еді. Кейін кеңестік кезең келіп, көзі ашық жандар жаппай жазаға ұшырап, аман қалғандарының міндеттері мемлекеттік қаулылармен белгіленіп, шенеуніктердің бақылауында болды. Олардың бар қызметі ислам дінінің жөн-жоралғыларын атқарушы ретінде ғана көрініп, діни еркіндікке шектеу қойылды. Шектеу тек молдаларға ғана қойылған жоқ, сонымен бірге жалпы жұрттың діни рәсімдерді атқару мен құлшылық қылуына тыйым салынды. Ол аздай, барлық құрметке лайық имам-молдалардың артынан қыңыр-қисық мақалдар мен әнгімелер шығарылды. "Дүмше молда – дін бұзар", "Аңқау елге – арамза молда", "Надан молда намаз қой", "Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен", "Сопы сұмнан шығады" сынды сөздер арқылы молдаларға қарсы үгіт пен олардың абыройына нұқсан келтіруді көздеді. Бұлақтың көзі бітсе, су тартылатыны секілді, халыққа рухани азық пен жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып жүрген жанашыр жандарға деген көзқарасты өзгертудегі мақсат, халықты діннен алшақтатып, сол арқылы рухты әлсірету еді.

Ал бүгін ше? Қазіргі қоғамда имамның алатын орны қандай? Әрине, кеңестік кезеңмен салыстыра алмаймыз. Имамға деген азда болсын құрмет бар. Алайда, сол бір кездің сарқындары қалғаннан ба, әлде имамдарымыз осыншалықты құрметке лайықтау болмағаннан ба, әйтеуір, кейде көңілге көлеңке түсіретін көріністер кездесіп жатады. Ал, одан бұрынғы дәуірде ше? Одан әлі де болса алыстау сияқты. Біз молданы қашан іздейміз? Ақын Мұхамеджан Тазабеков айтқандай:

Бұл қазаққа имам мен иман керек,

Кісі өлгенде немесе түс көргенде.

Немесе жаңа туған шарананың құлағына азан айтып, ат қою, некелесу кезінде молда керек. Тіпті, кейбір бауырларымыз жақыны дүниеден озғанда жаназасын шығаруға имамды шақырғанымен, өз білгенін жасағысы келеді. Шариғатқа қарсы екенін айтқысы келгенімен, «Молдеке, ақыиесі біз – өзіміз білеміз. Сіз жаназасын шығарсаңыз болды» дегендей сыңай танытып жатады. «Біздің де аталарымыз қажы болған, біз де бір нәрсені білеміз» деп шариғат турасында имамға ақыл айтқысы келетіндер де кездесіп қалып жатады. Осындайда Алаштың аяулы перзентінің бірі Міржақып Дулатұлының:

Әйтеуір, ата-бабам мұсылман деп,

Дүрмекті қоятұғын келді кезің, – деген асыл сөзі еріксіз еске оралады. «Кеңесіп пішілген тон келте болмас». Аталарымыздан қағида. Өйткені олар дінге қатысты болсын, мейлі басқа да түйінді мәселеде ақсақалды абызбен, ел сыйлаған молдамен кеңесіп шешетін еді. Шариғатқа келгенде молданың сөзіне құлақ асатын. Ал бүгінде кеңесті қалталы жаннан сұрау, соның дегеніне «ләпбай» деп бас шұлғып тұру әдетке айналып бара жатқандай. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Имам-молдаларымыздан да кеңес алып, көңілдері толып жүрген жандар да жетерлік. Дейтұрғанмен, имамды ас бергенде құран оқыту мен жаназа шығару үшін ғана керек қылатындар аз емес мына қоғамда. Сонымен бірге молдаға садақа беру де салтымызға айналып барады. Кез келген адам садақа берген кезде оқыған құран, жасаған дұғасы қабыл болсын деген ниетте болатыны рас. Кейде садақаны беріп тұрып, артынша соны өзіміз сөз қылып жататынымыз қызық.

Біздің ата-апаларымыз не үшін имамдарды соншалықты қадірлеп, өздеріне үлгі тұтты екен? Оның сыры мынада тәрізді. Жалпы, халықтың санасында имамды басқа қызметкерлерден ерекшелейтін бірнеше сипат бар.

Бәлкім соны танып, сол себепті де имамның алдына шықпаған болар.

Имам қоғамдағы адамдардың жүректерінде қасиетті саналатын діни мекемені басқарады. Ол Алланың үйі – мешіт! Адамдар мешітке келген кезде сауапқа ие болармыз деген ниетпен  имамға бағынышты сыңай байқатады. Имам адамдардың жүректерінен үлкен рухани орын алады, олар имамға үлкен құрметпен қарайды. Айтатыны Алланың сөзі, пайғамбардың хадисі болғандықтан,  имамның сөздері қашанда қасиетті көрінеді. Оның айтқанын орындау мен істерін қайталау арқылы Аллаға жақындаймыз деп сенеді. Адамдардың көбісі бастарына бір қиыншылық түссе, жәрдем іздеп мешіттегі имамға барады. Көптеген адамдар имам жүрген жерде берекет болады деп сенеді, сондықтан оның өздерінің үйлеріне келуін, онымен қол алысуларын, оның дұғасына ие болғандарын мақтан тұтады. Көпшілік имам қатысқан әр жиын оңды болады деп сенеді, сол себептен дүниеге нәресте келсе, жас жұбайлар некелессе, хатым жасаса, біреу дүниеден қайтса міндетті түрде оның қатысуын күтеді. Имам кешігіп жатса, оның келуін күткен түрде  рәсімнің атқарылуын да кешіктіреді.

Имам осындай қасиеттерімен де адамдардың арасында ардақты саналатын шығар, бәлкім! Әлбетте, имам да адамдардың өзіне шынайы көрсетіп жатқан құрметін жеке басының дүниелік пайдасына айналдырмай, керісінше, адамзаттың дүние-ақыреттік бақыты үшін бар күш-жігерін салуы керек. Имамның адамдардан қалайтыны садақа емес, олардың тура жолға келуін тілеуі. Адамдардың дүниеге келу себебі мен өмір сүру мақсатын жеткізуі үшін, оларға шынайы жанашырлықпен қарауы, осы арқылы исламды танытуы имамның басты міндеті. Егер имам бұл істерді атқармаса, адамдардың құқына зұлымдық қылған болады. Сол себепті де, имамдарға түсінікпен қарап, оларға қолдан келгенінше құрмет көрсету әр адамның өз еншісінде.

Ардақ Нүсіпханұлы,


Талдықорған өңіріндегі орталық «Иман» мешітінің наиб имамы


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x