Back

Назарбаев Президенттік сайлауға түсетін болды

“Нұр Отан” партиясының XVI съезінде Қазақстан президенттігіне билік партиясы атынан кандидаттыққа үміткер ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Біз алға жылжуымыз қажет. Сондықтан мен алдымызда тұрған күрделі, жаңа міндеттерді іске асыру үшін өз кандидатурамды ұсыну жөнінде сіздермен келісетін болармын”, – деді Назарбаев съезде.

Съезге қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан кезектен тыс президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуды сұраған болатын. Әр аймақтан барлығы 11 делегат сөз сөйледі, олардың арасында қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков және ақын Ақұштап Бақтыгереева бар.

Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің кезектен тыс сайлауға қатысатыны туралы шешімді сәл кейінірек қабылдайтынын айтқан еді. Ал жуырда Ақордада Қазақстан қыз-келіншектеріменкездесуі кезінде: “Мен Тәуелсіздіктің бастауында тұрдым. Мүмкін, театрда айтатындай, декорацияны ауыстыратын кез келген шығар. Сингапурдың негізін қалаушы биліктен кеткенде, “неге кеттіңіз?” деп сұрадым. Ол “мен 31 жыл ел басқардым, соңғы кездері өзімді теледидардан қараған кезде, өзіме-өзім ұнамай қалдым. Мен айттым: “мүмкін, теледидар дұрыс көрсетпеген шығар?”. Менде де сондай жоспар болды. Бірақ қазір халық сондай ниет білдіріп, құлшыныс, ауызбіршілік танытып жатыр. Бүгінде маған ары қарай не істеуі керектігі жөнінде Сіздермен ақылдасуға мүмкіндігім бар”, – деп мәлімдеді.

Кезектен тыс президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірі күні өтеді. Қазіргі уақытта сайлауға қатысқандардың арасында лингвистика комиссиясы емтиханынан екі адам ғана өтіп тұр. Олар – өзін-өзі ұсынушы Лимана Қойшиева мен кандидаттыққа ҚКХП атынан ұсынылған Тұрғын Сыздықов.