Back

ТҮРКІНІҢ ТҰТАСТЫҒЫН АРМАНДАҒЫН ТҰЛҒА

Таяуда Т. Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетінде «Тұрар Рысқұловтың мемлекеттік-саяси және ғылыми қызметі және қазіргі заман» деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Айтулы шараға еліміздегі ғалымдар, Т.Рысқұловтың мұрасын зерттеумен айналысып жүрген ізденушілер қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Шара барысында Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университеті ректоры Серік Святов пен белгілі экономист, академик Оразалы Сәбден оқу орыны алдындағы Т.Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бірегей тұлғаның рухына тағзым етті. Бұдан кейін қонақтар Т.Рысқұлов мұражайын аралады және «Тұрартану» аудиториясының ашылу рәсіміне қатысты.
Конференция жұмысын Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетінің ректоры Серік Святов ашып, қоғам қайраткерінің өмір жолы жайында жиналған қауымға қысқаша әңгімелеп берді.

s96xmZ0QQDD3i0WJT5HI9Fzd1Zc5RP– Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар әу бастан түркітілдес халықтардың конфедерациясын құруды ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтқан, – деді С. Святов. Расында да, Тұрар Рысқұлов ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. Тұрар Рысқұловтың ХХ ғасырдың басында айтқан стратегиялық маңызды шешімдері бүгінде де өзінің маңызын жойған жоқ. Айталық, 1927-1930 жылдары Тұрардың ықпалымен Орталық Азияға, Батыс Қытайға, Батыс Моңғолияға, Батыс Сібірге даңғыл жол салған Түрксіб теміржолы ашылды. Қазір сол Түрксіб магистралінің ізімен экономикалық қатынастар қарқынды даму үстінде.

Тұрардың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Рысқұлов басшылық қызметте жүргенде 1920 жылы Түркістан үкіметінің шешімімен Ташкенде Қырғыз-қазақ институты ашылса, 1924 жылы Мәскеуде Шығыс халықтарының университеті шаңырақ көтерді. 1928 жылы Алматыда Қазақ университеті, 1929 жылы мал дәрігерлік институты, 1930 жылы ауыл-шаруашылық институты жұмыс бастады.
Тұрар Рысқұлов 1936 жылы Орталық атқару комитетінің мүшесі болып тұрған кезінде және Ресейдің Совнарком төрағасының орынбасары қызметін атқарған шағында Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық Республика болуына ықпал етті. Бұл оның еліне сіңірген зор еңбегі деуге болды. Өйткені, Қазақстан одақтық республика дәрежесіне жетпегенде Башқұртстан, Татарстан, басқа автономиялы республикалар сияқты Ресейдің құрамында қала берер еді. Өзінің сотталар алдындағы соңғы сөзінде Тұрар Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық республика болуын мақтанышпен айтып кеткен. Қазақ елінің тәуелсіздік үшін күрес тарихындағы Т.Рысқұловтың осы еңбегін айрықша бағалауға болады.
tyrar-199x249Конференция барысында сөз алған РҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбден Қазақстанда «Тұрартану» мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтын құру керектігін айтты. «Тұрар Рысқұловтың еңбектері өте құнды және ауқымды. Ал оларды терең зерттеу үшін Қазақстанда «Тұрартану» мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтын құру керек. Тұрар Рысқұловтың мұраларын зерттеу жұмыстары әлі алда. Шет елдердің мұрағаттарында беті ашылмаған қаншама мұралар жатыр. Оларды зерттеу үшін, мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік көзқарас керек. Мысалы, Ресейде Рысқұловтың басшылығымен жүргізілген комиссиялардың жүздеген отырыстарының стенограммаларын, жасаған баяндамаларын мемлекеттің қолауынсыз алу мүмкін емес», – деді О. Сәбден.
Сондай-ақ, Оразалы Сәбденұлы Тұрар Рысқұловтың алдағы 125 жылдығына дайындықтың басталып та кеткендігін жеткізді.
– Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуіміз қажет. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылды. Шараны өткізу жоспары жасалынып, Үкіметтің қарауына жіберілді. Қазір талқыланып жатыр. Оған қоса, Рысқұловтың еңбектерін 25 том етіп шығару ойымызда бар, – деді. Халықаралық ғылыми конференцияда Австрия, Моңғолия және Қытай елдерінің өкілдері, Қазақстанның қоғам қайраткерлері, рысқұловтанушылар, ғалым-экономистер, ЖОО оқытушылары мен магистранттары ойларын ортаға салды.
Нұрлан ЖҰМАХАН.