Cоңғы жаңалықтар
Back

«Қуатты ел машинасын өзі жасайды»

Экономикасы қуатты ел – машина жасау саласы дамыған ел. Әлемнің көшбасшы мемлекеттеріне қарасаңыз, бұл тұжырымның ақаусыз шындық екенін мойындайсыз. Сол елдердің көбі өндіріске қажетті шикізатты өзге аймақтан тасымалдайтыны ойлантпай қоймайды. Біздің ел машина жасау саласында өзгелерге тәуелді болып келеді. Қаншама жобаларды қолға алдық, бірақ оңды нәтиже әлі байқала қойған жоқ.  Бұл саладағы олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Машинаның қандай түрлерін шығаруды қолға алған жөн? Еліміз ғалымдарының ғылыми потенциялы қандай? Осы және өзгеде сұрақтар төңірегінде Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне қарасты Ә. Бүркітбаев атындағы өнеркәсіптік инженерия институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Әуезхан ТҰРДАЛИЕВ мырзаны әңгімеге тартқан едік.  

 – Жер жүзінің экономикалық картасына қарасақ, машина жасау өнеркәсібі дамыған елдерді төрт топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Солтүстік Америка жатады, олар машина жасау өнімдерінің барлық түрін өндіреді. Екінші топқа Еуропа (ТМД елдерінен басқа) елдерін айтуға тиіспіз. Бұлар алғашқы бу машинасын жасағаннан бері, бұл салада өзгеге дес берген емес. Үшінші топ деп шығыс және оңтүстік шығыс Азия елдерін атаймыз, оның ішінде Жапония және оңтүстік Корея өздерін машина жасаудағы жоғарғы технологиясымен мойындатып отыр. Ал төртінші топ – ТМД елдері, үлкен көлемде машина және қондырғылар шығаратын қуаты болды, бір кездері… бірақ алдыңғы 3 топқа карағанда ғылыми жетістіктерін енгізуден артта қалып келеді. Германия, Франция, Италия, Англия, Испания, Америка, Бразилия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Малайзия секілді көптеген елдер машина жасау саласын уысында ұстап тұр. ТМД елдеріндерінің ішінде Белоруссия өзінің ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын, Ресей ауыр техникалық машиналары мен бұрынғы жеңіл көліктері қайта жаңалап, шығаруды қолға алып келеді. Көршіміз Өзбекстанның жетістіктері де едәуір. Жеңіл автокөлік өндіруде әлемнің алдыңғы 30 елінің ішіне енгенін айтсақ та жеткілікті.

– Қазақстанда кезінде көптеген зауыттар болды ғой. 2000 жылдары «Тұлпар» атты көлік шығарғанымызда жадымызда. Неге көптеген бастамалар аяқсыз қалып келеді?

– Елімізде кезінде өндірістік өнімнің бестен бірін машина жасау өнеркәсібі берген. Біздің көптеген зауыттарымыз болды. Соғыстан кейінгі жылдарда ондаған машина жасау зауыттары салынды. Аспап жасаудың, электротехникалық өнеркәсіптің, трактор жасаудың жаңа салалары қарқынды жұмыс істей бастады. Мысалы, 1990 жылдары машина жасау кешенінің құрамында 2500-дей өнім түрлерін шығаратын 370 зауыт жұмыс істегенін бұл күнде көбіміз ұмытып та кеткендейміз… Қазір ше? Машина жасау саласында көп зауыттарымыз бұрынғы Кеңес одағы уақытында шығарған өнімдерін саны және сапасы жағынан төмен құлдыратып алды. Таңғалатын нәрсе емес, еліміздегі ұлттық өнеркәсіптің машина жасау өнімдері 1990 жылы 16% болса, 2008 жылы 2,9% құрады. Өкініштісі сол, біз зауыттарды сақтаудың орнына, темір-терсек есебінде сатып жібердік. Енді сондай зауыттар салу үшін миллиардтаған қаржы қажет. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет айрықша назар аудара бастады. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайға сапары барысында Корея бірлескен машина құрастыру зауытына соғып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Егер тіл-көз тимесе, алдағы бірнеше жылдың ішінде сол зауытта 80 мың дана машина құрастырылатын көрінеді. Бұл айрықша ауқымды жоба. Мемлекет басшысы артқан сенімнің үддесінен шығу үшін зауыт басшылығын қауырт жұмыс күтіп тұр.

– Бізге дәл қазір машина жасаудың қандай түрлерін қолға алған жөн?  

– Одақ ыдыраған кезде Қазақстанда 120 мыңға жуық жүк вагоны болған. Бүгінде соның 70-80 мыңы бар, қалғандары ескірді. Бізде вагон жетіспеушілігі жылда сөз болып келеді. Бізге дәл бүгінгі таңда 20-30 мыңдай вагон қажет. Оның бәрін сатып алуға жағдайымыз жар бермейді. Сондықтан жыл сайын 1000 вагон ғана сатып алып отырмыз. Мұны бір деңіз. Қазақстанда бұрын 230-240 мыңдай трактор бар еді. Қазір шамамен 130 мыңдай қалса керек. Демек, ауыл шаруашылығына 100 мыңдай трактор керек. Ауыл шаруашылығы техникаларына зәру, сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ ірі шаруашылықтар қаншама. Ірі шаруашылық бірлестіктер шетелден техника сатып алғанымен, шағын фермерлердің оған мүмкіндігі жеткіліксіз. Белорустың шағын тракторларын сатып алумен ілдалдалап келеді. Оның өзі тапшы. Біз ауыл шаруашылығы техникаларын бірнеше мәрте жасауға талпынып көрдік. Бұл жұмысымыздан нәтиже шықпады. Менің айтпағым, бізге дәл қазіргі таңда вагон және ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін бірнеше ірі зауыт салған дұрыс. Онан шығатын өнімдерді мейлінше халыққа қолжетімді бағамен болмаса лизинг арқылы берсек, зауыт та, халық та ұтылмас еді. Ал жеңіл автокөліктерді шығарудың жөні басқа. Оған жүйелі жұмыс керек. Мүмкіндігінше, отандық ғалымдардың ғылыми потенциалын оңды пайдаланған жөн.

– Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті машина жасау мамандарын даярлайтын бірегей оқу орны. Ұзақ жылдық педагогикалық және ғылыми тәжірибесі бар. Машина жасау мамандығы бойынша бітіретін түлектерге сұраныс бар ма?

– Ең әуелі, университетіміздің биыл 80 жылдық мерейтойы екенін айта кетейін. Ұзақ жылдық тарихы бар бірегей оқу ордасының жан жақтылы жетістіктерін айтар болсақ, әңгімеміз ұзаққа созылары анық. Елбасы әр Жолдауында жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға жіті көңіл бөлуді тапсырып келеді. Біздің университет елімізге ең қажетті мамандарды даярлайтын, ғылыми мүмкіндігі өте жоғары, жоғары санаттағы оқытушылары көп, халықаралық білім беру стандарттары негізінде шәкірттер дайындайтын, аты алыс-жақын шетелдерге танымал маңдайалды оқу орны болғандықтан, қашанда өз атына кір келтірмеуді ойлайды. Мұндағы әр ұстаздың мойнында айрықша жүк бар. Елбасы «Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру – заман талабы» екенін айтып келеді. Біз дәл сол мақсатта жұмыс істейтін ұжымбыз. Университет ректоры Жексембек Мәкейұлы Әділов әлемдегі технологиялардың жаңа үлгісін дер кезінде оқу ордасына енгізіп, жаңа ғылыми жетістіктерді үйренуге бар жағдайды жасауды қолға алып отыр. Білім беру саласындағы әрбір жаңалықтан қалыс қалмауды бізге міндеттейді, оған қажетті ғылыми базаны қалыптастырудан қаржы аяп жатқан жоқ. Қазір бізден бітірген түлектердің біраз бөлігі еліміздегі зауыттарда жұмыс істесе, кейбірі шетелдерден шақырту алып, құрлық аттап кетіп жатқандары да бар. Әрине, егер елімізде машина жасау саласы қарқынды дамыса, олардың елден кетпейтіні анық. Ал институтымыздан бітірген білікті мамандардың қатарында небір елге танымал азаматтар, қоғам қайраткерлері, зауыттар мен фабрикалардың басшылары, белгілі ғалымдар көп. Институт машина жасау, мұнай-газ өнеркәсібі, жеңіл өнекәсіпке қажетті техникаларды дайындайтын мамандарды әзірлейді. Біздің түлектеріміздің бірнешеуі өздерінің патенттерін өзге елдерге сатқанын да білеміз. Бізде олардың жаңалықтарын өндіріске енгізуге енжаолық қолбайлау болып отырғанын да жасырып қайтелік. Өздері өнім шығаруға қаржы таппайды. Бұл олқылықтың орнын толтыратын күн тақау ғой деп ойлаймын. Өйткені, Президент машина жасау саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Үкімет те қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Қуатты ел машинасын өзі жасайды. «Жаяудың шаңы шықпас» деген халықтың ұрпағымыз ғой. Машина өндірісі дамымаған елдің өзге саласы дамиды деу қиын.

Университетімізден білім алып жатқан жастардың ізденгіштігі сүйінтеді. Олар технология мен индустрия дамыған ғасырдың түлектері болғандықтан, ақпараттық мүмкіндікті қалт жібермей, өздеріне керекті ғылыми жаңалықтарды уақтылы біле алады. Бір байқағаным, үнемі өзге елдердегі соңғы ғылыми жаңалықтарға құлақ түріп, іштей солармен бәскелесетіндері байқалады. Өздері жаңалық ашуға құмар. Армандары әлемге танымал қазақстандық машина брендін жасау екенін айтып та жатады. Біз солардың армандарына қанат бітіру үшін бар күшімізді саламыз. Егер маған: «Ұлттық идеологияны қалай қалыптастыруға болады?», – деп сұрақ қойсаңыз, мен ойланбастан: «Отандық индустрияны дамыту, өз машинамызды жасау» дер едім. Ұлттың рухын серпілтер күннің де ауылы алыс емес екеніне сенім кәсіл.

Әңгімелескен, Т. ТАҢЖАРЫҚ.

.

ДЕРЕК  

Одақ ыдыраған кезде Қазақстанда 120 мыңға жуық жүк вагоны болған. Бүгінде соның 70-80 мыңы бар, қалғандары ескірді.

Қазақстанда бұрын 230-240 мыңдай трактор бар еді. Қазір шамамен 130 мыңдай қалса керек. Демек, ауыл шаруашылығына 100 мыңдай трактор керек.