Cоңғы жаңалықтар
Back

Қала. Қол арба. Қаңғыған ұрпақ…

Қапырық. Тымырсық. Көлеңкенің өзі күйіп тұр. Түс ауған шақ. Көк базар жақтан көкөніс алып үйге қайтып келе жатқан бетіміз-тұғын. Алматыдағы көлік тығынының тарқайтын күні бар ма? Төле би-Байзақов көшесінің қиылысында тұрып қалдық.

20140725_175121

– Әнеу жерге тоқташы. Су сатып  алалық. Кішкентай шыдамай барады.

Кішкентай терлеп-тершіп кеткен екен. Анасының «тоқташы» дегенін бірден түсіне қойып, көліктен бізден бұрын атып шықты.

– Сок, су… Жоқ, «киндр сюпиз» жейім…

Баланың тілі тәтті ғой. Қызықтап тұрып қалыппыз. Қызымның қылығы шыға бастаған, еркелесе де, жыласа да жарасатын тәтті шағы. Мұндайда өмірдің күнгейін ғана көресің, көлеңкесін ұмытасың…Ақыры, айтқанын алып бердік. Бір қолында шырын, бір қолында «киндр сюпиз» ұстаған қызымның қуанышында шек жоқ. Бірақ,  бала деген  бір алса молынан алғысы келе ме, қалай? Ендігі жерде «чупа-чупс алам» деп қыңқылдай бастайды. Өстіп «кім не жейді, не ішеді»  деп тұрғанда кішкентайдың жанына бет аузы сатпақ-сатпақ, басы ақжемденіп кеткен өзі құралпылас бала келіп, қолынан ұстады. Аяғындағы тәпішкесі, үстіндегі киімінің тоз-тозы шыққан. Алғаш біздің тұсымызға қалай тақап келгенін байқамай қалыппыз.

20140725_175130

– Әй, бұл не қылған бала?

 – Мама, папаң қайда? – деді келіншегім. Адасып қалған жоқ па екен?

 Бүлдіршінде үн-жоқ. Екі көзі біздің қыздың қолындағы тәттіде. «Берші» деп сұрауға батылы бармай тұр. Ерні жарылып кеткен екен. Әбден қаталап шөлдегені байқалады. Жанымыз ашып кетті…

– Бауыржан, бері кел!

Біз сусын сатып алған дүңгіршектің бүйірінде әлгі баладан әрі кетсе 3-4 жас үлкен әпкесі отыр екен.  Үлкен деген аты ғана. Бұл да сәби ғой. Жүзі түтігіп кеткен. Әрі әлдене сүйретіп келе ме, қалай? Жақындап қарасақ үлкен қол арба. Қол арбаның іші толған арақ-шараптың бөтелкесі, темір-терсек, қағаз қорап. Әйтеуір не жоқтың бәрі бар.

– Қызым, әке-шешең қайда? Мыналарың не?

– Әкем…мамам олар үйде. Әне жерде әпкем күтіп тұр.

– Мына қол арбаны сен түгіл, үлкен кісінің өзі сүйрете алмайды ғой. Әкел көмектесейін.

– Жо, жоқ, аға. Әне жерде әпкем тұр.

– Жүр, сол жерге апарып берейін.

–Жоқ, керек емес, аға. Кішкентай қыз әлденеден шошынған сияқты. Әлде, тапшылық, таршылық үркітіп-шошытып тастаған ба екен… Жыламсырап, мұрнын тартып қойды. Ақыры болмағасын «мына ініңе сусын алып берелік» дедік. Оған көнді. Өзі де шөлдеп кеткен екен байғұс қыз. Біз ұсынған салқын судан бас тартпады. Алайда арбаға маңайлатқан жоқ. «Аға, өзіміз көтереміз. Әне жерде әпкем тұр. Соған жетсек болды».

20140725_175144Әпкесі әне жерде емес, әудем жерде тұр екен. Әкпесі мен інісі әлгі ауыр жүкті Байзақов көшесін (Төле би- Байзақов қиылысы) бойлай Қарасай батыр көшесіне дейін сүйретіп апарды. Арттарынан еріп жүрдік. Амал жоқ. «Көмектесейік» десек, бақырып-шақырып шыр-пыр болады. Бұған жүйкесі қатып-семіп қалған қаланың халқы үдірейе қарайды.

Әпкелері де жас бала екен. 12-13 жаста. Әйткенмен, естияр. Әлгі кішкентай қыз біздің артынан еріп келе жатқанымызды айтқасын, жанымызға жетіп келді.

– Сіздер кімсіздер? Неге аңдып жүрсіңдер?

– Қарындасым, мына жүкті ана сіңлің мен інің көш жерге дейін сүйретіп келді. Саған да, бұларға да обал. Ата-аналарың қайда?

– Онда не шаруаңыз бар?

– Ана кішкентай ұлдың жасы қаншада?

– Жасы төртте. Оған неге су алып бердіңіз? Бізді қайыршы деп ойлайсыз ба?

Сөйтті де сіңлісі мен інісін қасына алып, қол арбаны сүйрете жөнелді. Төрт жасар Бауыржан ересек апайларының жүрісіне ілісе алмай жүгіре жөнелді. Қаңғып жүрген қазақтың баласына бұлайша қарап тұру мүмкін болмағасын дәп сол сәтте полиция шақырдық. Келді. Үш адам көліктен түсті. Әлгі үш баланы әзер дегенде тоқтаттық. Әке-шешесі Шымкент, Жетісайда екен. Ал ағайыны…темір-терсек жинап кетіпті. Күттік. Сәлден соң жетті. Келе сала бізге шүйлікті.

– Сенің бізде не шатағың бар? –  деп жағадан алды. Полиция ажыратты.

– Брат, сені танимын-ау осы, 5 мың берейін, жібере салсаңшы.

Енді полицей сасайын деді.

– Өй, аулақ жүр. Сені өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Мына балалардың әке-шешесі алыста. Сен болсаң бұларға тәшкі сүйретіп қойыпсың. Заң алдында жауап бересің.

20140725_175212– Оны көре жатамыз. Алдымен мына біреуді жіберші, – деді біз жақты нұсқап.

Ал біз шынымен асығыс едік. Оның үстіне де кішкентай да шаршай бастады. Келіншегіміз де: «Жарайды, әрі қарайғы жұмыс полицияның мойнында», – дегесін үш баланы өзіміз шақырған патрульге тапсырған болдық.

– Бұларды қаладағы балаларды бейімдеу орталығына тапсырамыз. Ауру-сырқауы жоқ па, тексереді. Кішісінің басы биттеп кеткен екен… (Бауыржанды нұсқап). Әрі қарай ата-анасына Шымкентке жөнелтеміз. Ал ағасының мәселесі өз алдына. Балаларды жауапсыз жұмысқа шеккені үшін жазаланады, – деді полицей. Сендік…

 Думан Танабасов

 

P.S. Біз, бұл мәселеге бей-жай қарамайтынымызды айтқымыз келеді. Себебі, кәмелеттік жасқа жетпеген ертеңгі ел ұрпағы «тәшкі» сүйреп көшеде жүр. Алдағы уақытта қаладағы бейімдеу орталығына тапсырылған балалардың тағдырын біліп Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің түсініктемесін алатын боламыз.