Back

Жастар неге кетіп жатыр? Назарбаев мұның жауабын жақсы біледі – заңгер

Заңгер Ержан Есімханов жастардың елден кетіп жатқанына назаланған Назарбаевқа жауап қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше отыз жыл бойғы сылдыр сөз бен құрғақ уәдеден қажыған азаматтардың бұдан өзге амалы жоқ. Өзгеріс күтем деп жарты ғұмырын босқа өткерген буынның биліктен әбден көңілі қалған. Ал жас ұрпақтың бұл жолмен жүргісі жоқ.

Сауатсыз реформалар орта білім саласын біржолата құлдыратқан. Жоғарғы білімнің жағдайы да мәз емес. Қазақстанның дипломы бағаланбайды. Құнсыз. Онымен жан баға алмайсың. Елдегі ЖОО-лар бәсекеге қабілетсіз. Әлемдік деңгейде санатта да, сұраныста да жоқ.

Ірі-ірі экономикалық жобалардың заңдық негіздемесін әзірлеумен айналысатын Есімхановтың өзі елдегі мен деген білікті заңгерлердің бірі. 

Түнеукүнгі Ассамблея отырысында жастардың не себепті шетел асып жатқанын түсінбей абдыраған Назарбаевты тыңдап, Тұңғыш президентке жауап қатуды жөн көріпті. 

Назарбаев тәуелсіздік тұсында өмірге келген ұрпаққа барынша жағдай жасағанын, жастардың елден кетуіне ешбір себеп жоқтығын тілге тиек еткен. 

“Елбасы жас аудиторияның Қазақстаннан қашып жатқанына қайран қалды. “Мен бұған қатты қайғырамын”,  – деді Назарбаев. Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?

Жастарға лайықты жағдай жасалса, олар ешқайда кетпес еді ғой? Керек десеңіз, бұған жауап іздеудің өзі ерсі.

Мұны дәл осы жолы сұрағанның жөні жоқ еді. Биылғы жыл біздің биліктің 30 жыл бойы түк бітірмегенін әшкерелеп берді. Мәселеміз шаш етектен екен. Билік отыз жыл бойы қордаланған проблемаларды жылы жауып келіпті. Соның бәріне көніп келген халықтың төзіміне қайран қаласың. Турасын айтқанда еліміздің кез-келген азаматы Назарбаевтың сұрағына мүдірмей жауап бере алады…”, – дейді заңгер. 

Оның пікірінше жастардың кетіп жатқанына қайран қалған жалғыз Назарбаев емес. Биліктің төбе басындағы топ Қазақстанда адамның өсіп-өнуіне лайықты жағдай жасалғанына шүбәсіз сенеді. Елден кетіп жатқан азаматтардың шетелде не іздейтінін түсінбейді.  

Заңгердің пайымдауынша жастардың, жалпы жұрттың елден кетуіне түрткі болып отырған 8 себеп бар. 

1. Қолынан іс келетін адамдар бұл елдің ертеңіне сенбейді. Бала-шағасының болашағы бұлдыр болғанын қаламайды. 

2. Қазақстандағы білім сапасына көңілі толмайды. Реформадан көз ашпаған орта білім оқушылардың қарым-қабілетіне кері әсер етуде. Жоғары білім де оңып тұрған жоқ. Ол бәсекеге қабілетсіз. Қазақстанның дипломы бірде-бір жерде бағаланбайды. 

 3. Кейінгі жылдары өмірге келген ұрпақ әлжуаз, шетінен аурушаң. Себебі ауа лас. Экологияға көңіл бөлінбейді. Мәселені шешуге тиісті шенеуніктер шетінен популист. 

4. Індет ауа жайылған шақта халық қарапайым аспириннің өзіне зар болып қалды. Індеттің ендігі толқыны қандай боларын болжаудың өзі қорқынышты. 

5. Кетіп жатқандар шенеуніктердің селқостығынан, енжарлығынан шаршаған. Көшіп жатқандар “халықпен қарапайым тілде сөйлесе алмайтын әкім-қараларға күніміз қарамасын” дейді. 

6. Қауіпсіздік саласы да ақсап тұр. Жұрт жұтап жүр. Жұтаған елде ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық көбейетіні бесенеден белгілі. 

7. Кетіп жатқандар сылдыр сөз бен орындалмас уәдеден, өтіріктен шаршады. Осы отыз жылда өтіріктің небір түрін көрдік. Асыра сөйлеу, асыра сілтеу. Науқаншылдық. Популизм. Пандемияның өзінен пайда тапқан парақорлар. Шешім қабылдаудағы біліксіздік. Тізе берсе он саусақ түгел бүгіледі. 

8. Ең басты себеп – адамдар адам сияқты өмір сүргісі келеді. Ертегіге сенумен, ертең-ертең деумен өміріміздің есіл өмір еш кетті. Кетіп жатқандар отыз жыл бойғы құрғақ уәденің орындалмасына анық көзі жеткен аудитория. Бұлар болашақ емес, бүгінмен өмір сүргісі келеді. Алыстағы арманға дәл қазір қол созғанды қалайды. 

Назарбаевқа берер жауабым осы. Адамдар осы себепті елден кетіп жатыр. Жалпы бұл сауалға Қазақстанда өмір сүретін кез-келген адам мүдірмей жауап бере алады. Өзін және ұрпағын ойлаған адам келешегін Қазақстанмен байланыстырғысы келмейді”, – дейді заңгер. 

Ержан Есімхановтың айтуынша Назарбаевтың сауалына егжей-тегжейлі жауап берудің жөні жоқ. Мұның жауабын Тұңғыш президент те жақсы білуі тиіс. 

“Әйткенмен, айтпаса сөздің атасы өледі. Айтпасыма болмады…”, – дейді заңгер. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ