Back

Тасмағамбетов? Оның зейнетке шыққанына анық көзім жетті – жазушы

Елімізге ғана емес, сырт мемлекеттерге де жақсы танымал Иманғали Тасмағамбетовтың әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» атты («Қазақ әдебиеті», 06.11.2020 ж.) сұхбатынан көп нәрсе күткенімді жасырмаймын. Өмірде, саясатта, билікте көргені мен көңілге түйгені көп, елге айтары да аз емес белгілі тұлға.

Бір жыл уақыттан бері жұрт назарынан тыс қалып, көрінбей кеткен оны тақтан түссе де, аттан түспеген шығар деп ойлаушы едім. Бірақ…

Оқып шығып, осыны расымен Иманғали айтып отыр ма деп, отырып қалдым. Шынымды айтсам, әкім, министр, премьер-министр, мемлекеттік хатшы сияқты жалына қол тигізбейтін небір ірі қызметтің құлағын ұстап, талай дүбірлі додаға, саяси тартысқа кірген танымал тұлғаның бүгінгі зейнеткерлік қоңырқай тірлігіне емес, жалыны әлсіз жылусыз сөздеріне налыдым.

Алдағы сайлау мен таңдау жолайырығында дағдарып тұрған мынау қоғамның, толқымалы уақыттың қазіргі тынысы туралы баға беретін қайраткердің әңгімесі дәрежесіне көтеріле алмапты.

Солғын. Жаңаша ой-тұжырым жоқ. Біржақты. Сол баяғы «Мәдени мұра». Сол баяғы «Күлтегін». Ширек ғасыр бойы айтылып келе жатқан елге белгілі мәдени іс-шаралар тізбегі. Неге бұлай, тым сұрқай болып шыққан?

Материалдың авторы Нұртілеу Иманғалиұлы да тәжірибелі журналист сияқты еді. Қамшыны еркін баса алмағаны былай тұрсын, сұхбат берушіге көпшікті аямай қойғанын көріп, тележурналистика көкжалының қолтаңбасын тани алмай қалдым. Азуы мүжіліп қалыпты. Әлде, тапсырыс солай болды ма? Мейлі, жазылар дүние жазылды. Оқыдық. Енді пікір қосайық.

Тілші бір жерде сипай қамшылап отырып: «Сіздіңше, бүгінгі «қоғамдық санада» өзгеріс нышаны байқала ма?» деп, әріптесін саясат ауылына қарай жетелеуге тырысыпты. Түсіне білген жанға осының өзі де соңғы жылдары қақ суындай іркіліп, тоқырап қалған қоғамның қоясын ақтаруға әбден жеткілікті.

Бірақ, алымды саясаткер Иманғали Тасмағамбетов ол жаққа аяқ баспайды. Шідерлеулі аттай кібіртіктеп, сол баяғы ешкімге керегі жоқ, зиянсыз мәдениет сүрлеуінен ұзап кете алмайды. Жарайды, оған да келісейік. Бүгінгі күні ел руханиятын ыңыршағы шыққан өгіздей алға сүйреп келе жатқан қауым – осы шығармашылық өкілдері екені даусыз.

Есінеген депутаттар секілді миллондап табыс таппайтын, еңбегі еленбейтін ең кедей, тұрмысы нашар әлеуметтік топтың бел ортасында жүрген де солар. Ал, осы сормаңдай мәдениетімізді тулақтай тартып жұлым-жұлымын шығарып, айдаладағы спортқа қосақтап, осыншалықты төмен деңгейге құлдыратқан кім? Иманғали жарқ етіп серпіліп: «Қазіргі билік!» деп саңқ етсе, оқырман ретінде ризашылықпен қол соғар едім. Жоқ, айта алмады. Айтылса, сол биліктің ұшар басына шығып, қайта түскен өзіне де оңай тимесін сезінеді. Түсінем.

Дегенмен, ақыл айтқаным емес, бел шешіп білекті сыбанып, ұзақ уақыттан бері алғаш рет ел алдына шыққан соң, Иманғали Тасмағамбетов ашық сырласудан бойын аулақ ұстамағаны жөн еді. Өйткені тағы қайталайын, ол қатардағы көп қазақтың бірі емес. Халық мойындаған ірі саясаткер. Сондықтан, осы күні қоғамды сілкіндіріп тұрған ащы сауалдардың қойылатынын да, оған жұрттың жауап күтетінін де жақсы біледі. Бүгін болмаса, ертең алдынан шығады.

Мәселен, мен алда-жалда кездесе қалсам, тәуелсіз журналист ретінде мына бір сұрақтарды қойып, жеке көзқарасын білдіруді сұрар едім. Бұл көпшіліктің көкейіндегі сауалдар десек те қателеспейміз.

– «Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы 07 ақпандағы нөмірінде «Абайдың сол кітәбі қайда екен?» деген мақаламызды оқыған боларсыз. Сонда ұлы ақынның 1909 жылы Қазанда шыққан аса құнды кітәбін бұрынғы Аманияз деген көмекшіңіз арқылы өзіңізге бергенім туралы жазылған. Жәдігер иесінің ұрпақтары соның тағдырын білгісі келіп, сұрау салуда. Не айтасыз?

– «Қазақстанда екі билік бар» деп жар салып жүрген сәуегейлердің пікіріне қарсы қандай уәж білдіресіз? 

– Алдағы Мәжіліс сайлауына қатысу немесе саясатқа қайтып оралу жоспарыңызда бар ма? 

– Бір ғана билік партиясының көлеңкесі секілді көлбеңдеген саяси ұйымдардың әрекетіне қалай қарайсыз? Мұның соңы біздің елдегі тыныштыққа қырғыз оқиғасы секілді кері әсерін тигізбей ме?

– Кезінде премьер-министр болып тұрғанда өзіңіз еріксіз араласқан, әлі дүмпуі басылмаған жер дауына қашан нүкте қойылады? 

– Ен жайлаған ел-жұрты жан-жаққа бытырап көшіп, жалаңаш қалған шекарамыздың жағдайына қатысты бұрынғы қорғаныс министрі ретінде не айтасыз?

– Сұхбатта «Ең қасиетті, ең киелі есімге ие» аяулы аналарымыз жайлы керемет ой толғапсыз. Ал, пандемия кезінде үкіметтен 42 500 теңгені де ала алмаған көпбалалы аналардың ауыр тағдырын жеңілдетудің жолдары қандай? 

– Бүгінде Нұр-Сұлтанда миллиардтарды жұтқан «LRT ісі» өтіп жатыр деп естідік. Сіз сол кездегі қала басшысы ретінде иегіңіздің астында болып жатқан талан-таражды қалай байқамай қалдыңыз?

– Қос-қостан дипломы болса да, жұмыссыз қаңғырып жүрген мыңдаған жас түлектердің құрдымға кеткен арманы, күйреген үміті туралы ойлайсыз ба? (Әрине ойлайсыз. Бәрін ойлайсыз. Бірақ, ашып айта алмайсыз. Неге?..). 

Жә, бір жолға осы да жетер. Сұхбатымызға оралайық.

Иманғали Тасмағамбетов өз әңгімесінде бағы ашылмаған мемлекеттік тіліміздің жайын қозғап өтіпті. «Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді» дегені ып-рас. Мұны осыдан бір ғасыр бұрын, 1924 жылы Қазақ үкіметін басқарған Сәкен Сейфуллин де «Қазақты қазақ дейік» деген мақалсында шырылдап айтып кеткен.

Тіпті, құдіреті күшті компартияның қаһарына да қарамай төтенше сессия шақырып, тіл туралы Декрет қабылдатуға ұйытқы болған. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс қағаз қазақ тілінде жүргізілсін» деген шешім шығартқан. Содан бері бір ғасыр өтсе де, қазақ тілі биліктің дәлізіне де кіре алмай, босағадан сығалап тұр. Осыған күйінген Иманғали Тасмағамбетов «Жаңа айтып өттім, жанашырлық ең бірінші биліктен бастау алу керек. Мәселе сонда» деп қадап тұрып айтыпты. Бірақ, қадап тұрып айту аз. Елді сендіретіндей нақты іс керек.

Бұл тұрғыда Иманғалидың Алматыны басқарып тұрған кезіндегі батыл  қадамын еске алмай кетпеуге болмас. Ол оңтүстік мегаполиске келген бетте сірескен қалың шенеуніктің бетін мемлекеттік тілге бұруға әрекеттенді. «Алматы қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деген әйгілі сөзімен жаңа қырынан танылды.

Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы қаулы қабылдады. Өкінішке орай, орыстың тілі мен тәрбиесі санасына мәңгілік сіңіп қалған Олжас Сүлейменов «Какой дурак писал это постановление? Если перевести Алматы на казахский язык, будет социальный взрыв» деп күркіреп, гүр ете түсті. Сол көрініс әлі көз алдымда. Әкімшіліктің қатардағы қызметкері ретінде, осы қаулының жобасын әзірлеуге қатысқан «дурактардың» бірі мен едім. «Алжас Амарович, этот дурак перед вами!» деу керек еді. Дей алмадық. Микрофондар төрдегі әкім қаралардың, игі жақсылардың алдында тұрған. Қасында отырған Иманғали бірдеңе айтар ма деп күтіп едік, дос-жар адамымен бет жыртысқысы келмеді ме, түрі күреңіткен күйі үнсіз қалды.

Әлемге танымал ақынның абайсызда эмоциямен айтылған осы күркірінен кейінгі жаңғырықтарды іліп әкеткендер аз болған жоқ. Алматылықтар ұзақ күткен, мемлекеттік тілді асқақақтату туралы жап-жақсы қаулы қағаз жүзінен ары аспады.

Асырмаған өзге емес – әкімнің өзі астанадан алып келген орыстілді Крылов, Сейдуманов, Дандигулов сияқты орынбасарлары, қосшы-көмекшісі, баспасөз хатшысы т.б. жандайшаптары. Кезінде комсомолда бірге ұрандатқан, 1986 жылдың Желтоқсанында «қазақ ұлтшылдарын» қойдай қуалаған шолақ белсенділерге қазақ тілі аса қажет емес еді. Қолымды төсіме қойып айтайын, әкімдік пен оған қарасты 25 департамент, басқармадағы қызметкерлердің 90 пайызы қазақ бола тұра, басым көпшілігі «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерін оқымақ түгілі, ондай басылымдар бар екенін білмейді де. Әсіресе, идеология жөніндегі орынбасар, тұрғын үй комиссиясын басқарған Серік Сейдуманов ақпарат, баяндаманы қазақша әзірлеп апарсақ, орыс тіліндегісін қоса талап етіп, отырып алатын. Әрине, көп уақытыңды босқа жейтін мағынасыз тірліктің қажетсіздігін айтып, біз де қарап қалмаймыз. Әкімнің мемлекеттік тілді төрге оздыру туралы қаулысына сілтеме жасаймыз. Жоқ, сұқ саусағымен төбені көрсетіп: «Пишите на русском! Мне пофиг, кто вас поддерживает наверху!» деп, қасарысқанын өз басымыздан талай өткердік. Меніңше, әйгілі Бақай, Шаңырақ оқиғаларының тууына да идеологиядағы осындай қазаққа қатысты кереғар көзқарас тікелей салқынын тиізген сияқты. Иә, өткен өтті, кеткен кетті. Оны еске алып отырғаным, біреулердің кемшілігін тізбектеу үшін емес, азаматтығы бір басынан асып-жетерлік Иманғалидың өзі кімдерге сенім артқанын, қандай кадрлар қоршап жүргенін білдіру үшін ғана тілге тиек еткенім.

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет» деп, қолдау білдіріп отырғанда бізге, қазақтарға аянатын не бар?

Батыл қимылдауымыз керек емес пе! Бірақ, мойындауымыз керек, қазақ тілін дамыту үшін қазіргі заң  қауқарсыз. Оны айтасыз, уақыт көшінен көп кейін қалып қойған «Тіл туралы» заңды жүзеге асырудың нормативтік құжаттары әлі күнге қабылданған жоқ. Қаза берсек, тереңге кетеміз. Ендеше, бұл бағыттағы арман-тілегіміз нақты жүзеге асу үшін, алдымен, екі мәселені дұрыстап шешіп алуымыз қажет. Біріншісі – белгілі ақын Қазыбек Иса ұйымдастырып, мыңдаған адам қол қойған хатта айтылғадай: «Конституциядағы 7-баптың орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген 2-ші тармағын алып тастау». Екіншісі – «Мемлекеттік тіл» туралы жаңа заң қабылдау. Ол үшін қайтадан «велосипед ойлап» табудың қажеті жоқ. Балтық елдерінің заңдарын басшылыққа алып, зерделесек те жеткілікті. Мен осындай батыл тұжырымды қазір барлық мемлекеттік жауапкершіліктен ада, еркін ойлы Иманғали Тасмағамбетов айтар деп күтіп едім. Ести алмадым.

«Шіркін-ай!» деймін сұхбатты оқып болған соң. Премьер-министр болып тұрған кезінде Иманғали үстелді бір қойып, «Тіл туралы» заңды жаңғыртып, облыстарды кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшіру кестесін ұсынғанда, кім қарсы болатын еді. Ешкім де! Осы кісі бар, басқасы бар, бірде-бір премьер-министр осы уақытқа дейін “мəу” демеді. Ал, енді қазір қолында билігі жоқ, көп зейнеткердің қатарына қосылған жанның сөзін үкімет пен әкімдер құлағына қыстыра ма? Әрине, күмәнді. Сонда, қоғамға пайдасы шамалы бұл сұхбатты жариялаудың мақсаты не? 

Мұның екі түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – алдағы Мәжіліс сайлауы алдында қоғамның тамырын басып көру, адамдардың көңіл-күй ауанын байқау.

Жоғарыда айтқанымыздай, Иманғали Тасмағамбетов әзірше әкімшілік-саяси элитадан іргесін аулақ салғанымен, халықтың белгілі бір бөлігі (өнер, мәдениет, әдебиет, баспасөз өкілдері) үшін әлі қайраткерлер санатында. Кешегі айтулы саясаткердің бүгінгі беделі қаншалықты деңгейде биіктегенін, құлдырағанын осы сұхбаттан кейінгі БАҚ пен әлеуметтік желідегі тартыстардан білетін боламыз.

Екіншісі – дәл қазіргі уақытта ел астанасында болып жатқан құпиясы мол, былайғы жұрт үшін түсініксіз «LRT»-ға қатысты сот екпінін ел алдында бәсеңдету амалы болуы мүмкін. Қалай дегенмен де, сот орындығында  отырғандардың басым бөлігі (қала әкімінің орынбасары, басқарма басшылары) оның Алматыдан алып барған кадрлары екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 

Егер, шай үстінде айтылған бұл әңгіме дәл осындай шарасыздықтың жан толқынысы болса, онда Иманғалидың шын зейнеткерлікке шыққанына көзім анық жетті. 

Қайым-Мұнар Табеев, 

журналист-жазушы