Back

Жазушы: «Қазақша білмейтін қазақтан – қазақша сайрайтын өзге ұлт өкілдері жақын»

Таяуда Қазақстан халықтары Ассамблеясы ұйымдастырған жиынған қатысқан белгілі жазушы Елубай Смағұл қазақ тілінде сөйлеген өзге ұлт өкілдерін көріп, «қазақша білмейтін қазақтан – қазақша сайрайтын өзге ұлт өкілдері жақын» деп ағынан жарылып әңгіме айтты айтты. 

– Түрлі этнос жастарының мемлекеттік тіл туралы тұщымды ойларын мемлекеттік тілде тыңдап, өзімді шексіз бақытты сезініп отырмын. Өйткені Қазақстан халқы Ассамблеясы өз тарихында тұңғыш рет тек мемлекеттік тілде конгресс өткізіп, маңызды мәселе көтеріп отыр.

Бұрын осындай жиындар екі ауыз сөзбен қазақша басталып, ары қарай орысша жалғасқанда қарынымыз ашып, тіліміздің мүшкіл халін ойлап, өзімізді шексіз бақытсыз сезінетінбіз.

Қызыл империяның кезінде қазақ жерінде қазақ мектебін ашу үлкен айқай-шу болатын. Қазір Тәуелсіз ел атандық, алайда империяның құшағынан шыққан Қазақстан халқы отыз жылда отыз ауыз сөз білмесе, өте ұят.

Әсіресе, қазақ интеллигенциясы үшін кешірілмейтін күнә. Сіздер айтып отырған мәселелер Парламентте шешілуге тиіс, Тіл туралы дербес заң қабылдайтын уақыт жетті.

Тіл мәселесін шешудің бір тамаша жолын жаңа Наргизам Махмудова қарындасымыз «Тілді балабақшадан, мектептен үйреніп шығуы керек» деп айтып өтті. Шынтуайтына келгенде кез келген бала балабақшадан бастап қазақ тілін үйренсе, сайрап шығады.

Республикадағы тіл мәселесін балабақшадан мектеп бітіргенге дейін он бір жылда шешуге болады. Қазақ мектептері, орыс мектептері, кәріс мектептері деген емес, мемлекеттік мектеп деген болуы керек.

Қазақша сөйлей алмайтын қазақтардан, мен үшін менің ана тілімде сайрап тұрған өзге ұлт өкілдері әлдеқайда жақын. Кезінде біз ұлт жанашары Герольд Бельгерді қазақша сөйлегені үшін ерекше құрметтеп, бауырымыздай жақсы көретін едік.

Ол бізге қазақтардан да жақын болды. Қазақша білмейтін қазақтарға жақындай алмайтынбыз. Өйткені ол – рухани бөлек адам. Бүгін қазақша жетік сөйлеп отырған сіздер де ендігі жерде менің бауырыма айналдыңыздар.

Біз қазір Достық үйінде бас қосып отырмыз. Егер біз Герольд Бельгер сияқты өз тілімізді де құрметтеп, қазақ тілін де құрметтесек, көп ұзамай күллі Қазақстан Достық үйіне айналады. Біздің мақсатымыз осы.

Қазақ ешкімді бөлмейді, Қазақстанның патриотымын деген кез келген ұлт өкілін жақсы көреді. Қазақтың құшағы да, қазақтың жүрегі де байтақ даладай кең. Оған бәрі сияды. Сондықтан да Ұлы Даланың ұлтаралық тілі бәріміздің тілімізге, біздің достықтың кепіліне айналсын!

Елубай СМАҒҰЛ, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры.

Тағы оқыңыз:

“Біртанов елден кетіп қалмасын”. Ұлттық кеңес мүшесі дабыл қақты