Back

“Асыл арна” жабылады…”. Тазабеков мәлімдеме жасады

Бұдан бұрын Dalanews.kz ҚМДБ жанынан “Халық арна” атты жаңа діни телеарна ашылғанын хабарлаған.  

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға арнайы келіп діни басқармаға тиесілі арнаның тұсауын кескен. Шараға есімі елге белгілі азаматтар қатысып, жаңа арнаға құтты болсын айтысқан еді. 

Ал ҚМДБ-ның баспасөз қызметі: 

 «Карантин кезінде онлайн насихат жұмыстарының маңызы артты. Дегенмен ақпарат ғасырында жаңа технологияны игеріп, насихат жүргізу мен ақапарт таратудың телевизиялық тәсілін Өзімізден басқаруды ұйғардық. Осыған орай ҚМДБ жанынан республикалық “Халық арна” атты төл телеарнамызды ашқалы отырмыз», – деген хабар таратқан-тұғын. 

Әлгі жаңалықтан кейін әлемжеліде “бүгінге дейін діни уағыз-насихат жүргізген “Асыл арна” осымен жабыла ма? Әлде “Халық арна” Тазабеков жетекшілік ететін “Асылға арнаға” альтернатива бола ма?” деген сауалдың төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. 

Бұған “Асыл арна” телеканалының бас директоры Мұхамеджан Тазабеков жауап қатып, арнаның діни контентен бас тартатынын, оның орнына жаңа контент, жаңа концепция әзірленіп жатқанын айтқан екен.  Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында кеңінен тарқатып жазды.

Мұхамеджан Тазабек (03.11.2020 ж):

– Бүгін, түстен кейін мүфтияттың Алматыдағы бас ғимаратында тарихи жиын өтті. ҚМДБ ғұламалар кеңесінің кезекті кеңесі бас қосып, оған мен қонақ ретінде шақырылдым. Келелі кеңес маңызды мәселелерге арналды.

Пандемия кезіндегі отандастарымыздың рухани қажеттілігін қамту, жамағат арасындағы түсінушілік пен кері ағымдардың жолын кесу мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Майлықожа мен Шаһ-Кәрімдер секілді даналар ұстанған Мәтруди ақидасының қазіргі қазақ руханиятындағы алтын қазық орыны мен Ханафи мазхабының тығырықтан шығарар тұғырлы қасиеттері сөз болды.

Мен де шыны керек, осы күнге дейін толық жауабы берілмеген, нүктесі қойылмаған, қоғам тарапынан туындап жүрген сұрақтарға бүгінгі берекелі жиында ашық, айқын жауап тауып, жүрегім ғұламалар насихаты мен уағызынан қанағат тапты.

Ақидамыз Мәтруди, мазһабымыз Ханафи, қара шаңырағымыз Мүфият деген ұстаныммен, ынтымақ-бірлікпен жиын соңында тарқастық.

Біраз уақыт бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездескенде бүгін ғана тұсауы кесіліп жатқан «Халық арна» діни каналы жайында сөйлескен болатынбыз.

«Егер діни канал ашып жатсаңыздар, «Асыл арнаны» жауып, орынына басқа арна ашамын, ал, діни контенттерді басы бүтін өздеріңізге тапсырамын», деп айтқан болатынмын.

Себебі, діни уағызбен діни басқарма толықтай өздері айналысқаны жөн. Қазір бұрынғыдай емес, діни басқарманың кадрлық, қаржылық құзыреті діни арнаның қызметін қамтуға жеткілікті.

Сырт көзден де артық сұрақ туындамай, бір бұлақтан ақпарат тарқауы елге де ыңғайлы.

Ал, он жыл бұрын біз арна ашқан кезде алдымызда салыстыратын, үлгісін алатын мұндай жоба болмаған. Қатты қиналдық, іздендік, артық айттық, кем айттық, халықпен кеңесе жүріп осы күнге жеттік.

Ол кезде эфирде құмарлық насихатталса да құран оқылмайтын, мазаң қашатын әуен болса да азан айтылмайтын.

Қаншама ата-апаларымыз сұқбат тыңдап, жастарымыз рухани тағылым үйреніп, қаншама бағдарламаларды балаларымызбен бірге отырып ұялмай көрдік…

Аллаға шүкір, діни басқарма толысып, осыншалық ауыр жүк, діни аманатты мойынымыздан алып жатқанына қуаныштымыз. «Халық арнаға» ақ жол, шығармашылық табыс тілейміз.

Ал, «Асыл арна» жыл аяғына дейін жаңа концепциясын дайындап, өз көрермендеріне «Тәлімтв» деген жаңа атпен жол тартып, ары қарай әлеуметтік – отбасылық, ғылыми – танымдық, мәдени – ағартушылық бағытта қызметін жалғастырады. Әрі көрермендерге әлеуметтік ролдік модельдерді ұсынатын мотивациялық консервативті алаңға айналады.

Халықтың рухани қызметіне жарап, ақындығымыз бен ұйымдастырушылық қабілетімізді ел игілігіне пайдалана алсақ, бұл да бір Алланың берген ұлы нығметі. Алла баршамызға берекесін жаудырсын!

Тағы оқыңыз:

Талдықорғандағы коттедж қалашығы. Мұнда 500-ге тарта көпбалалы отбасы тұратын болады