Back

Жаркент сүт өндіру қарқын алып келеді

Жазиралы Жаркент өңірінде өндіріс дамып, өнім молайып келеді. Айталық, «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көпсалалы кешен. Ай бұрын өндіріс орны 1150 басқа арналған сүт фермасын іске қосты. Қазіргі уақытта мұнда 160 бас сиыр сауылады.

Күніне майлылығы 4 пайызбен 2600 литр сүт өндіріледі. Өнім алу кезінде ферма 40 орынға арналған немістің «Карусель» сауу құрылғыларын қолданады. Ыңғайлы әрі жұмысшы күшін қажет етпейтін жаңа қондырғы толықтай автоматтандырылған. Тиісінше, жұмыстың барлығы да компьютермен бақыланады.

Әр сауылатын зеңгібаба төліне электронды чип орнатылған. Нөмірленіп белгіленген әр сиырдың күнделікті салмағы, рационы, қанша литр сүт бергені жөнінде ақпарат біліп отырады. Сондай-ақ, олардың түрлі аурулардан амандығын да тексеруге мүмкіндік бар.

Сүт өнімдер Талдықорған қаласындағы «JLC сүт» серіктестігіне өткізіледі. Жұмысын жаңа бастаған өндіріс орнында 31адам еңбекпен қамтыған. Серіктестік басшысының айтуынша, өндіріс орны жыл соңына дейін тағы асыл тұқымды 180 баспен толықпақшы.

– Біздің жобаның іске асыру межесі 2021 жылға дейін. Бүгінгі күні бұзауымен қосқанда 600 бас сиыр бағудамыз. Келер жылы толығымен жобаны жүзеге асырсақ 1150 бас болады. Оған қоса кешенде 240 сиыр ұстайтын орын әзірленуде. Олардың азығы, жем-шөп барлығы өзімізден. Болашақта еліміздегі мал шаруашылығы көкжиегінің кеңейе түсерін көрсеткіміз келеді, – деді жоспарымен бөліскенде Жәнібек Оханов.

Көктал ауылында іске асырылып отырған жоба құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Жалпы, «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы жұмысын бастаған болатын. Бүгінге дейін ауданда алғашқы болып егістікте тамшылатып суару әдісін пайдалануда.

Қазіргі таңда кәсіпорынның иелігінде 1000 гектардан астам жері бар. Ұжымның алдағы уақытта сүттен кілегей, сарымай, қатық, құрт, сықпа өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Оған дайындық жұмыстарын бастап та кеткен.

Тағы оқыңыз:

Жаркенттің таңғажайып петроглифтері