Back

Дариға Назарбаева әне-міне оралуы мүмкін – саясаттанушы

Мұндай пікірді ТМД институтының сарапшысы, қазақстантанушы Андрей Грозин білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның атап өткеніндей әзір Мәжіліске барғысы келетіндердің арасында астыртын күрес жүріп жатыр. Партия ішіндегі түрлі топтар өз кандидатын тықпалап, тізімге кіргізуге тырысуда.

Ал Дариға Назарбаева Парламент сайлауына қатысуға тас-түйін дайын отыруы мүмкін. Грозиннің пікірінше, бұл оған саясатқа қайта оралатын соңғы мүмкіндік.

«Назарбаева мақсатшыл, амбициясы асып-тасып тұрған тұлға. Оның саяси карьерасы тұйықталып қалғаны рас, дегенмен «Дариғаның дәурені өтті» деп кесіп айтуға болмас.

Керісінше, оның сайлауға қатыспауынан секем алар едім, себебі ол мұны жауапсыз қалдырмайды», – дейді Грозин.

Тұңғыш Президент кетерін тыңғылықты ойластырып кетті 

Саясаттанушы Назарбаев қалап кеткен жүйе көпке дейін мызғымай тұрарына сенімді. Оның ойынша, Тұңғыш Президент күні бұрын қамданған, тіпті өмірден өткен күннің өзінде саяси элита ол құрып кеткен жүйенің негізінде әлі талай күн кешеді.

«Бірақ мұның да шегі бар. Билік басындағы топтардың тепе-теңдігін сақтап, осы күнге дейінгі кикілжіңдерді консервілеп келген Назарбаев факторы көзден ғайып болғаннан кейін элита бірін-бірі қырып-жоя бастайды.

Назарбаевтың Тоқаевты тағайындаудағы түпкі ойы осы тәуекелді сәл де болса жұмсарту, сол арқылы элитаны сабасына түсіру болса керек. Бұл енді болжам ғана.

Құдай біледі, Тоқаевтан өрбитін бірнеше саяси жоспар жасалған болар. Назарбаевтың мұны ойластырмауы мүмкін емес. Соның бірі Тоқаев билігін шексіз мерзімге созып, Президентке сырттай жөн сілтеп отыру. Мұндай жағдайда қазіргі Президенттің ықпалы арта түседі, бір жағынан Назарбаевтың бедел-мұрасына нұқсан келмейді», – дейді Грозин.

Тағы оқыңыз: 

“Тоқаевтың «Нұр Отанға» бүйрегі бұрмайды” – саясаттанушы