Back

Алматы облысының медицина саласында теңдесі жоқ жүйе енгізілді

Бір жүйеге барлық нәтижені жинауға арналған бастама  “Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы” мемлекеттік мекемесі мен “WDSOFT” ЖШС жеке компаниясы арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылды.

Бұл ТМД аумағында теңдесі жоқ бірегей жоба. Қазақстанда алғаш рет  қолданысқа енгізілген жүйе екенін атап өткен жөн. Аталған қосымша Алматы облысының 16 медициналық мекемесін компьютерлік, магниттік-резонанстық томография, рентгенография, маммографияны қоса алғанда, облыс орталығында барлық радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру мүмкіндігімен бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйемен біріктірді.

Жоба Мемлекет басшысы белгілеген 4 негізгі міндетті шешеді. Бірінші кезекте, ерте диагностика жасау, екіншіден, радиолог-дәрігерлердің кадр тапшылығы мәселесін шешу, денсаулық сақтауды цифрландыру, сондай-ақ жасанды зердені пайдалана отырып, озық ғылыми жетістіктерді қолдану.

Жүйе Алматы облысының 16 медициналық мекемесін, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы Орталық көпсалалы аурухананы қамтиды, онда жоғары өнімді өндірістік серверлері бар деректерді өңдеу орталығы орнатылған, оған күн сайын барлық медициналық мекемелердің орындалған рентгенологиялық зерттеулері жинақталады.

Жоба аясында медициналық мекемелердегі барлық Аналогты рентгенологиялық жабдықтар арнайы құрылғының көмегімен цифрландырылды.

Бірегей жобада сүт безі обырын машиналық тану жүйесі орналастырылған. Және де компьютерлік томографтың зерттеулерін  көретін дәрігерлерге бір уақытта бірнеше суретті шығару үшін экранды бөлу мүмкіндігі бар түрлі-түсті медициналық мониторлар қойылған. Сондай-ақ, маммографиялық зерттеулерді сипаттайтын дәрігерге суретті өңдеудің арнайы алгоритмі бар арнайы жоғары ажыратымдылықтағы медициналық мониторлар жеткізілген.

Жоба шеңберінде дәрігерлерге өкпе және сүт безінің онкологиялық ауруларын ерте сатысында анықтау бойынша жұмысты жеңілдететін жасанды интеллект жүйесі енгізілді.

– Бүгінгі таңда өкпе обыры мен сүт безі обыры онкологиялық аурулар құрылымында кең таралған аурулардың бірі болып табылады. Сондықтан бұл қауіпті ауруларды ерте кезеңде диагностикалау өте маңызды, бұл емдеуді уақытында бастауға мүмкіндік береді, – дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Онкологиялық ауруларды диагностикалау кезінде жасанды зердені қолдану қазірдің өзінде өкпе обыры мен сүт безі обырын ерте сатысында анықтауды 13%-дан 60%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етті. Әдетте, адамның көзі 5 мм өлшемді ісіктерді көреді, ал жасанды интеллект дәрігерге 1 мм-ден бастап ісіктерді анықтауға көмектеседі.

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында жаңа емхана бой көтерді