Back

Депутат: «Зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек»

«Нұр Отан» партиясы праймериз өткізіп, әуреленіп жатқанда Парламент қабырғасында Коммунистер көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, жұрттың назарын өздеріне аударып жатыр. Айталық күні кеше ғана Коммунистік партияның белсенді өкілі Айқын Қоңыров «Қазақстандықтардың зейнеткерлікке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек» деп айды аспанан бірақ шығарды.

Осылайша коммунистер халықты қауіпті вирустан сақтап,  еңбек нарығындағы ахуалды дұрыстауға болатынын айтып қалды.

Бірақ мұны Үкіметтің қолдай қоюы екіталай. Тіпті тәуелсіз сарапшылардың өзі коммунистердің бастамасын «жай ғана халықтың көңілін аудару» деп бағалады.

COVID-тің көп жағдайда қариялардың өмірін жалмайтынын зерттеушілер мен дәрігерлер талай айтқан. Мәселен, жыл басынан бері 111 мыңға жуық қазақстандық қауіпті вирустан қайтыс болса, соның 71 пайызы, яғни 78 мыңнан астамы 60 жастан асқандар. Бұл дерек Мәжілістегі коммунистерді айтарлықтай алаңдатып отыр.

– Коммунистік халық партиясының фракциясы азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарауды ұсынады. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға қатысты 2013 жылғы реформаға қарсы болғанбыз. Қазір азаматтардың пікіріне сүйене отырып, еліміздегі еркек пен әйелдердің 60 жастан зейнетке шығуын қамтамасыз ету керек. Коммунистердің бастамасын биліктің қолдамайтыны белгілі. Үкімет түгілі, тәуелсіз сарапшылардың өзі мұны «ұпай жинау үшін жасалған, – деді Айқын Қоңыров.

Расымен де еліміздегі зейнетке шығу мен өмір сүрудің орташа жасы мүлдем сәйкеспейтінін мамандар да айтып отыр.

– Өзгеріс болмайды. Бізде популизм деген бар. Депутаттардың көбісі осыған құмар. Мен мұны коммунистердің кезекті популизмі деп есептеймін. Басқа ештеңе емес. Бұрын дұрыс қабылданбады, енді жаңадан бір жаңалық ашқандай болып отыр. Ол дұрыс емес, – деді сарапшы Исатай Қамбаров.

Еліміздегі соңғы реформаға сәйкес, әйелдердің зейнетке шығуын  58 жастан 63 жасқа дейін ұлғайту бекітілген. Ерлер де зейнет демалысына 63-те шығады. Еңбек министрлігі зейнет жасы қысқармайтынын кесіп айтты. Соған қарағанда Мәжіліс депутатының қазақстандықтарды 60 жастан зейнетке шығару ұсынысы айтылған жерінде қала беретін сыңайлы.

Тағы оқыңыз:

«Бюрократиялық тосқауылдар бар». Тоқаев дәрігерлерге өтемақы төлеу ісін сынады.